Шекаралас елдердегі түрлі басылымдар Қазақстанның Қытайға нота жолдауын «Дипломатиялық қақтығыс» деп бағалады. Олар бұл мәселеге неге мұндай баға берді? Қазақстандық саясаткер Досым Сәтпаев бұл мәселені қалай түсіндірді?
Қазақстан мен Қытай арасында «Дипломатиялық қақтығыс» басталды. Бұған қытайлық БАҚ-та жарияланған «Қазақстан неге Қытайға оралуы керек?» деген мақала себеп болды. Мақалада Қазақстанның қазіргі территориясы тарихта Қытай иелігінде болғаны туралы сөз қозғалады. Қазақстан ҚХР елшісіне қарсылық нотасын жіберді және ҚХР басшылығына да қарсылық білдіргенін мәлімдеді.
Досым Сәтпаев мәселеге терең бойлай отырып, бұл текетірестің астарында не бар екенін санамалап берді. Әрі қарай саясаткер пікірі:
Біріншіден, тарихи жад. Қытайдың негізгі дәлелі уағында жоңғар-қазақ соғысы кезінде көршілердің геосаяси қызығушылығы оянғанын, кейін өздері қысым көре бастаған соң жоңғарларды жоюы. Мақалада мынадай бір тіркес бар: «Жоңғар хандығы мен Цин империясы – бұл қазіргі Қазақстан орналасқан жер. Бірақ Ресей бұл жерді оңтайлы пайдаланып кетті. Осылайша Қазақстан КСРО құрамына кірді. Кейін тәуелсіздік алып отыр. Қазақстан халқының хань тектес екенін байқауға болады».
Мәселені совет дәурінен іздеуге болады. Өйткені, Қытай мен КСРО қырғи-қабақ қатынаста болды. Тіпті, 60-жылдардың соңында Даманский аралы үшін соғысты да. Кейін екі тарап ақпараттық соғыс жүргізді. Ақпараттық соғыс Қазақстанды да айналып өтпейтіні анық қой.
Екінші мәселе – Қазақстан мен Қытайдың экономикалық қарым-қатынасының бұлыңғырлығы. Екі тараптың көптеген келісімдері жалпақ жұртқа жария етілмей келді. Бір жағынан, бұл антиқытайлық жағдайды кейбіреулер билік транзиті үшін қолдануы да ықтимал.
Үшіншіден, қазақ қоғамы қытайлық компаниялардың жұмысына күмәнмен қарайды. Оладың батыстық компаниялардан айырмашылығы – мемлекетпен байланыста болуы, мемлекет тарапынан оларға саяси және қаржылай көмек көрсетілуі.
Төртіншіден, антиқытайлық жағдай саяси ойыншылардың мобилизациялау құралына айналуы да ықтимал. Қазақстандық элита бұл жағдайды билікке талас жолында құрал етіп пайдалануы әбден мүмкін.
Бесіншіден, Шыңжаң ұйғыр автономиялық аймағындағы мұсылмандарға қарсы қысымдар отқа май құя түседі. Бұл мәселе Қазақстандағы бірнеше митингіге мұрындық болса, жыл аяғында Қырғызстан азаматтары да дау көтерді. Орта Азиядағы мұсылман елдерін осы наразылық біріктіруі мүмкін.
Алтынша мәселе – Орта Азияда Қытай алдында қарызы мол Қырғызстан және Тәжікстан сияқты мемлекеттер мәселесі. Алдағы уақытта осыны сылтау еткен Пекин аталған елдерде қажет билігін жүргізуі мүмкін. Ал бұл билік Орта Азия елдері үшән әділетті һәм өркениетті болмасы анық.
Осы себептер Нұр-Сұлтанның Пекинге наразылық танытуына мұрындық бола алады. Олардың да қарымта жауабы дайын.
Қазақстанның Қытай алдында несие саясаты бойынша, экономикалық қолдау бойынша тәуелді екенін білеміз. Бұл – бір. Екіншіден, Қытайдың Қазақстандағы елшісі Чжан Сяо АҚШ мемлекеттік хатшысы Майкл Помпеоның сапары кезінде артықтау пікірлер білдірді. Бұл – елшінің этикасына жат нәрсе. Ал ҚХР елшісі Қазақстанда айтарлықтай ықпалды адам болып отыр. өйткені, Қазақстан билігі экономика саласындағы стратегиялық әріптес ретінде Қытайдан қол үзгісі келмейді.
Бұл арада мемлекет пен қоғам өзара тіл табысуы керек. Егер Қазақстан билігі белгілі бір себептермен райынан қайтса да, қоғамның саябырси қоюы екіталай. Онсыз да синефобияға ұшыраған халықтың ұлттық намысына ши жүгіртіп, оны артынша баса қою қиын. Әзірге, әрине, шаруа кикілжіңге дейін бара қоймас. Бірақ 2019 жылы 11-қыркүйек күні Пекин мен Нұр-Сұлтан арасында жасалған, Қасым-Жомарт Тоқаев «мәңгілік» деп атаған келісімнің ғұмыры қысқалау болатын сияқты...
Десек те, екі ел басшылары бұл мәселелерді ресми келіссөздер кезінде көтермей, «бәрі жақсы» деген кейіп танытады. Ал Тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаев «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» атты мақаласында өзінің билікте болған уақытында барлық территориялық мәселелерді шешіп қойғанын айтқан еді...