Коронавирус көпшілікті үйге қамаса, кей адамдарға бостандық сыйлады. АҚШ-тағы Лос-Анджелес аймағындағы түрмеден жалпы саны 1,7 мың адам босатылмақ. Нью-Йорк билігі 300-ден астам тұтқынды бостандыққа жіберді.
«Біз 1700 тұтқынды босатып, түрмедегі адам санын шамамен 10 пайызға қысқарттық», - деді шериф Алекс Виллануева.
Оның айтуынша, босатылғандар ішінде ауыр қылмыс жасағандар жоқ. Ауыр қылмыс жасағандар ешқандай жағдайда босатылмайды.
Сондай-ақ, шериф үйі жоқ азаматтарға билік баспана қарастырып беретінін жеткізді.
Ал Нью-Йорк қаласының мэрі Билл де Блазио «жасы 70-тен асқандар мен денсаулығында кінараты бар адамдар қазір түрмеде отырмауы тиіс» деді.
«Мен орташа деңгейлі және зорлық-зомбылыққа қатысы жоқ қылмыс жасаған 300 адамды түрмеден босатқалы отырмын», - деді ол.