Қазақстан саясатына бейтарап көзқарастағы белсенділер, журналистер және блогерлер Телеграм мессенджерінен арна ашып, барлық жазбаларын жариялап отыруды әдетке айналдырды. Бұл ретте Ербол Еділовтың (Yedilov Online) арнасын, Михаил Козачковтың (Kozachkov offside) арнасын, Гүлнара Бажкенованың (Bazhkenova) арнасын, сондай-ақ, иесі кім екені белгісіз «Строгий агашка», «Записки аксакала», «За нами уже выехали», «Чиновник», «Uzyn Qulaq» сияқты арналарды атауға болады.
Кейбір арналар өздері жариялап отырған ақпараттарға құпия мәліметтерді жеткізіп отыратын дереккөздері бар екенін, олардың билік органдарындағы жауапты орындарға жақын екенін жасырмайды. Біз Телеграм-арналардың жақында ғана өткен ҚР Парламенті Мәжілісінің сайлауынан кейінгі шараларға қатысты көзқарастарына шолу жасады.
«EFIR KEFIR» арнасы «Ақ жол» партиясынан Мәжіліс депутаты болып сайланған Қазыбек Исаның 31 миллион теңгеге жалданған Hilton Astana Triumphal Arch қонақ үйіндегі мас күйінде журналистермен сөйлескен видеосы жариялады. Қазыбек Иса өзінің бұл жағдайын шаршаңқылық пен қан қысымының көтерілуінің салдары деп мәлімдеді. «Ақ жол» партиясы өкілдері де өз әріптестерінің осы сөзіне сеніп, оны қолдады. Ал видео түсірген журналист Ербол Мәндібек депутаттан кешірім сұрап, видеоүндеу жариялады.
Алкоголь тұтыну туралы айыптан бөлек, Мәжілістің жаңа құрамында жемқорлар бар деген ақпарат шықты. Бұл ақпаратты жариялаған «Чиновник» Телеграм-арнасы. Арна редакциясының айтуынша, Nur Otan партиясының атынан сайланған депутат Ерлан Саиров 2011 жылы Мәдени саясат және өнертану институтының директоры болып тұрғанда 7 миллион теңге жымқырды деп айыпталыпты. «Чиновник» арнасы бұл ақпараттың дереккөзі ретінде журналист Михаил Козачковтың арнасына сілтеме берген. 2020 жылы мемлекеттік айыптау жоққа шығарылып, жәбір көруші тарап ешқандай өтем талап етпеген.
Журналист Гүлнара Бажкенова да өз арнасында Қазақстан Халқы Ассамблеясы атынан Мәжіліс депутаты болып сайланған Ильяс Буларовтың елдегі беделді дүнген отбасынан екенін мәлімдеді. Журналистің айтуынша, оның депутат болуы – былтырғы ұлтаралық араздық сипатын алған жағдайды тұрақтандыруға деген ұмтылыс.
Ал «За нами уже выехали» арнасының мүшесі Дмитрий Дубовский Қазақстан Халқы Ассамблеясы атынан сайланған депутат Ильяс Буларовтың ант қабылдау рәсімі кезінде Конституцияға қолын қоймай сөйлегені үшін антты екі рет оқығанынан астар іздейді.
Әзірге Қазақстан Республикасы Үкіметінің жаңа құрамы туралы ешқандай инсайд-материалдар байқалмайды. Ал біз оқырмандарды тек ресми дереккөздерде жарияланған ақпараттарға сенуге шақырамыз.
Басып шығару