Еліміздің бас шаһарларына карантин жарияланғалы бір ай уақыт өтті. Коронавирус эпидемиясын ауыздықтауға қанша күш салынса да, санның азайғаны байқалмай тұр. Мемлекет басшысы мен Денсаулық сақтау министрі де індеттің шарықтау шегіне енді жетеміз деп отыр.
Халық үрейлі. Көптің жиған-терген тиын-тебені түгесіліп, жаппай қаражат іздей бастады. Әлбетте, мемлекет тарапынан берілген 42500 теңге, бас партиядан таратылған 50000 теңге, коммуналдық төлемдер үшін берілетін 15000 теңге – айтарлықтай көмек. Десек те, дәл осы көмекке шын мұқтаж азаматтардың қолы жетпей қалғандары баршылық.
Ал жалпы көпшілікті «карантиннен кейінгі күніміз не болады?» деген сауал мазалайды. Өйткені, ақпарат құралдары арқылы экономистердің, шетелдік сарапшылардың «жұмыс орны, қызметкерлер қысқарады» деген сипаттағы мәлімдемелері көптің көңіліне қорқыныш ұялатып отыр.
Bairaq.kz ақпараттық-сараптамалық порталы осы ретте көптің көкейіндегі сұрақтарды Қазақстанның мемлекет және қоғам қайраткері, Астана мемлекеттік қызмет хабы Басқарушы комитетінің төрағасы Алихан Байменовтың назарына ұсынды.
«Қазір адамзат басынан өткеріп жатқан індет жаһандық деңгейде екендігі бәріміздің Адам ата мен Һауа анадан тарағанымызды, ортақ Жердің баласы екенімізді еске салуда. ХХІ ғасырдың алғашқы екі он жылдығы VUCA (құбылмалы, көмескі, күрделі және қарама-қайшы) аббревиатурасымен сипатталатын, ақпараттық технологиялар қарқынды дамып, өзгерістер шапшаң орын алып тұрған әлемде, оған қоса коронавирус пандемиясы кең тарап және мұнай бағасының құлдырауы орын алып тұрған жағдаятта қандайда бір болжамдау қиын екенін есте сақтаған жөн.
Осы орайда, айта кетейін, Whiteshield Partners және Қазақстан HR қауымдастығымен бірлесе отырып осы құбылыстардың экономика мен еңбек нарығына әсері салдарын азайту туралы ойларымызды Forbes Kazakhstan журналында жарияладық.
Коронавирус жаһандануға мейлінше кері әсерін тигізіп, мемлекетаралық шекаралардың жабылуы мен алыс-берістің уақытша тоқтауына әкеп соқты. Ол қаржы-экономикалық мәселелерді айтпағанда, еңбек нарығына қатты әсер етеді. Екі бірдей жаһандық проблема (мұнай бағасындағы өзгерістерді қоса алғанда) тұспа-тұс келіп, жұмыссыздық деңгейін көтеріп, экономикалық дамуды тежеуде.
Дегенмен, меніңше, шекаралардың жабылуы мен алыс-берістің тоқтауы – бұл уақытшы құбылыс. Экономикалық және мемлекетаралық қарым-қатынасты ешкім тоқтата алмайды. Сондай-ақ, адами және мәдени қарым-қатынас та адамзаттың қажеттілігі болғандықтан, жаңа технологияларды пайдалану аясы кеңейіп, халықаралық байланыс бола береді. Сынақ жаңа мүмкіндіктерді туғызады. Бұл індет біраз құндылықтарды қайта бағалауға мәжбүрлейді.
Ия, әр саланың құндылығын қайта қарап, түсініп, бағалау қажеттілігі туындағаны сөзсіз. Мысалы, денсаулық сақтау, білім және ауыл шаруашылығының бірінші басымдылыққа ие болу керектігін, ең басты құндылық - адам және оның өмірі екендігін тағы да бір рет еске салды.
Осыдан 100 жыл бұрын "испанка" тұмауы деген сынақ болған. Сол кезде тез карантин жариялап, шұғыл шара қолданған мемлекеттердің экономикасы індет аяқталған соң тез орнына келген. Өйткені, олар адам өмірін сақтап қалды, сол үшін күресті.
ТМД көлемінде еңбегі жоғары бағаланбай келе жатқан – дәрігер, мұғалім, ауыл шаруашылық мамандарының мәселесі қайта қаралып, жалақысын өсіру керек. Осы салаларда жаңа инновацияларды қолданып, ынталандыруға күш салу қажет.
Эпидемия кезінде жалаң ұран мен жалған ақпараттың арты ашылып қалды. Осыдан он бес жыл бұрын «бүкіл мектепті компьютермен қамтамасыз еттік» деп баяндамалар жасалды, «барлық мектепте интернет бар» деп жар салды. Біздегі білім беру, денсаулық сақтау салаларында жаңа технологияларды пайдалану қажеттілігі кезек күттірмейді.
Сенім мәселесіне келсек, пандемия, біріншіден, қоғамның мемлекетке, билікке деген сенімі, екіншіден, қоғамның ішіндегі жалпы сенім деңгейінің үлкен капитал екенін тағы бір мәрте көрсетті. Осы ретте, мемлекеттік жұмыстарды жария түрде жасау, сөз бостандығы, адам құқықтары сияқты мәселелерді жолға қою өзектілігі артып тұр.
Әлемде екі бағыт бар: біріншісі - адамдардың құқығын елемей, қадағалау, бақылау болса; екіншісі - мемлекеттік қауіпсіздік пен тепе-теңдікті сақтай отырып, адамның жеке рұқсатынсыз кей ақпараттарға қол жеткізбеу. Осы есте болып, осындай кезеңді пайдаланып адамдар құқығын аяққа таптауға жол бермеу керек.
Карантиннен кейін ірі кәсіпорындарда, ұйымдарда, мемлекеттік мекемелерде мамандардың ара салмағы, еңбегінің құны қайта қаралары анық. Бұл осы құрылымдарда басқару деңгейлерінің, бөлім сандарының, тиісті мамандардың қажеттілігі қайта бағаланады деген сөз. Нәтижесінде, жаңа икемді ұйымдық құрылымдар мен штат кестелері пайда болу ықтималы жоғары. Осы тұрғыда барлық жерде адами ресурстарды басқару саласындағы мамандарға ерекше жауапкершілік жүктеледі. Олар жұмыс берушілердің алдағы құрылымдық өзгерістерге дайын болуына, оны «сумен бірге баланы қоса шайып» жібермейтіндей, көмектесулері тиіс. Жұмысқа алу мен келісім-шарттардың икемді схемаларын, оның ішінде Ad-hoc, жұмыс күні ұзақтығын қысқарту жайын ойластыру қажет. HRМ қызметтері жұмыс берушілер мен қызметкерлер арасындағы сенім және өзара түсіністік көпіріне айналуы тиіс, сөйтіп жұмыс беруші мен жұмысшылар арасындағы сенімді қалыптастыру керек. Бұл да өзекті мәселелердің бірі екені карантин жарияланғалы айқын дәлелденді.
Әлеуметтік саладағы - білім беру және денсаулық сақтау жүйесіндегі басқару қызметін жетілдіру керек. Мемлекеттік басқарудағы аудан буыны-бұл халыққа ең жақын басқару деңгейі. Алайда, біздің елімізде басқарудағы бұл буын рөлінің әлсіреуі байқалады. Соңғы 7-8 жылдардан бері заңнамаға сәйкес жергілікті мемлекеттік басқарудың базалық құрылымы аудандық деңгейде денсаулық сақтауды басқару жөніндегі органды көздемейді. Барлық медициналық мекемелер облыстық басқарманың қарауына жатады. Солай бола тұра, қалалар мен аудандар әкімшіліктерінің қарамағында ана мен баланы қорғау, ауылдық денсаулық сақтау ұйымдарын кадрлармен қамтамасыз етуге жәрдемдесу мәселелері кіргенімен, олар тиісті бюджет қаражатымен қамтамасыз етілмеген және өкілеттіктері жоқ. Егер осы шарттарды негізге алсақ, бұл тиімді басқару қисынына келмейтін, осы сала үшін аудандық деңгейдегі жауапкершілікті алып тастау дегенді білдіреді. Іс жүзінде, осы саладағы проблемалар әлеуметтік наразылықтарға немесе жанжалдарға алып келетін болса, онда жауапкершілік аудандық және қалалық басқару буынына жүктеледі. Осындай жағдай екі жылдай бұрын жедел жәрдем жұмысына қатысты Талғар қаласында, бір ай шеңберінде коронавирусқа қатысты Зайсан ауданында көрініс алды.
Соңғы жылдары білім саласында да аудандық деңгейден барлық өкілеттілікті алып қоюға ұмтылыс байқалады. Осы жерде оңтайлы шешім ретінде аралас тәсілді пайдалануды қарастыруға болады. Денсаулық және білім беру сала қызметкерлерінің еңбекақысын және құрал-жабдықтармен жабдықтауды қаржыландыру облыстық буынмен шешілетін болады да, ал ғимараттарды ұстау, ағымдағы күтім мен жөндеу, жергілікті кадр мәселелері аудандық деңгейдің құзыретіне берілуі керек.
Карантин кезінде көпшілік онлайн оқу қажеттілігін түсінді. Өкінішке орай, біздің инфрақұрылым онлайн оқытуға дайын болмай шықты. Мысалы, он бес жыл бұрын шамасында бейінді министрліктердің басшылары елімізде мектептерді компьютерлендіру бағдарламасы аяқталғанын, барлық орта мектептерде кем дегенде бір компьютер сыныбы жабдықталғанын, әрбір елді мекенге Интернет жеткізілгендігін мәлімдеген еді. Қазіргі таңда көптеген елді мекендерде жоғары жылдамдықты интернеттің жоқтығы және компьютерлердің жетіспеушілігі ашық мойындалуда.
Қазақстанда онлайн оқыту заңдастырылса, интернетті шектеуді доғару қажет болады. Шектеу тек экстремистік, террористік бағыттағы нысандарға, ар-намысқа тиетін ақпарат тарататын ұйымдарға ғана қолданылуы керек.
Мемлекеттік органдар экономиканы қалпына келтіру үшін бизнеске ақпараттық қолдау жасауы тиіс. Бұл жерде АҚШ тәжірибесін оңтайлы қолдануға болады. Қазақстандық кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау білдірсек қана импортқа тәуелділіктен арылмақпыз.
Аталған бағыттарда жұмыс дұрыс жүру үшін өз қажеттілігімізге сүйене отырып, әлемдік тәжірибені пайдалануымыз керек. Астана мемлекеттік қызмет хабы мұрындық болып HR-менеджерлер қауымдастығы ұйымдастырған «HR! No more drama!» атты 1-ші онлайн конференция өткіздік. Оған 4 елден 17 спикер қатысып, осы кезеңдегі түрлі салалардағы Адами ресурстарды басқару саласының стратегиялық рөлін талқыладық. Сондай-ақ, мемлекеттік қызметтегі адами ресурстарды басқарудың үздік тәжірибесімен танысу мақсатында ауқымды екі күндік видеосеминар ұйымдастырдық. Оған еліміздің орталық және жергілікті атқарушы органдары, Қырғыз Республикасының Мемлекеттік кадр қызметінің, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының, Өзбекстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының, еліміздің басқа да жоғары оқу орындарының профессорлық-оқытушылар құрамының өкілдері аса қызығушылықпен қатысты.
Қазіргі таңда көптеген мемлекеттер карантин жағдайында жұмыс пен тіршілікті ұйымдастырудың сан аулан инновациалық шешімдерін жүзеге асыруда. Біз осындай алдыңғы қатарлы тәжірбиелерді жинақтап, олармен бөлісудеміз. Бүгінгі күні цифрландыру, медицина, қашықтықтан оқыту және экономика саласында пандемияға байланысты үкіметтер мен IT-компаниялар қабылдаған тиімді шешімдер туралы ақпарат Әзірбайжан, Армения, Қазақстан және Корея Республикасынан келіп түсті. Осы бағыттағы ұсыныстарды Үкіметке бердік. Әсіресе қажеттілік туған кезде, карантин уақытында далаға шығуға рұқсат беретін бірегей жобаларды министрліктер, әкімдіктер жақсы қабылдады.
Мысалы, Әзірбайжанда енгізілген карантиндік режим кезінде азаматтардың жүріп-тұру сұранысын онлайн тіркеу жүйесі ерекше қызығушылық тудырып, осындай жүйе Түркістан қаласында енгізілді. «Amazing Turkistan» қосымшасына, не вебсайтқа, не қоңырау шалу орталығына, не WhatsApp нөміріне хабарлама беру арқылы тұрғындар қала ішінде жүріп-тұруға руқсаттама ала алады. Жүйе онлайн режимде азаматтардың қозғалысы туралы ақпаратты жинақтауға және оның мониторингін жүргізуге мүмкіндік береді.
Көріп отырғанымыздай, Түркістан әкімдігінің бастамасы азаматтардың мүддесі үшін ақпараттық технологияларды қолданудың үлгісі болып табылады. Сондай-ақ, бұл тиімді технологиялық инновациялар қай елде жасалғанына қарамастан, халықаралық тәжірибе мен білім алмасудың маңыздылығын тағы да көрсетіп отыр. Біз осы бағытта жұмысымызды жалғастыра береміз. Қазіргі таңда Хаб сайтында коронавирус пандемиясына қатысы бар статистикалық көрсеткіштері және басқа да фактілері бар елдердің есептерін қамтитын «Coronavirus (CОVID-2019)» деректер базасы құрылды.
Біз осы кезеңде қазақ тілін дамытуға мүмкіндік туғанын пайдалануымыз керек. Бәрі тоқтап тұр. Кәсіпорындар, мемлекеттік мекемелер басшыларын, халыққа қызмет көрсететін (әуежайда, вокзалдарда, басқа да қызмет көрсету орындарда) мамандарды Тіл комитетінің, министрліктердің нұсқауымен тіл үйрену онлайн курстарына баруға міндеттеу керек.
Тіл комитетіне ұсыныс жасап, олар қолдап, «қазақша терминдерді халық өзі жасауы тиіс» деген мақсатта ұйымдастырылған байқаудың алғашқы жеңімпаздарын марапаттадық. Бірінші кезеңнің өзіне танымал адамдардың қатысуы арқылы тілді дамытуға халық әлеуетін пайдаландық.
Екінші кезеңді Эстония тәжірибесіне сүйене отырып өткізуді ойластырудамыз, оның мақсаты үйдегі бұйым-заттың бәрін қазақша атау мәдениетін қалыптастыру. Эстонияда осындай тәжірибе бар. Әркім өзі түсінбейтін нәрсені жазады. Осының эстон тіліндегі баламасын дауысқа салып, халық өзі таңдап алады. Оларда «Инфраструктура» деген сөзді эстонша жасаған адамға Эстония президенті өз қолынан жүлде табыстаған.
Тоғызқұмалақ федерациясында да түрлі шаралар ұйымдастырылып жатыр. Мысалы, зияткерлік ойындар ойналатын әлемдік сайтта соңғы бір ай ішінде он мың ойын ойналды. Біз тоғызқұмалақтан тоғыз аймақта жарыс өткіздік, алты жүз адам қатысты. Қалған сегіз аймақта тағы өтпекші. Мәдениет министрлігіне алғыс айтамыз.
Бұл бағытта карантин кезінде өз жалғасын табуда. 18-19 сәуір аралығында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі «Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығы» мен Қазақстан Республикасы Тоғызқұмалақ спорты Федерациясы бірлесе отырып жоғары оқу орындары студенттері арасындағы тоғызқұмалақтың блиц түрінен онлайн жарыс өткізіп, оған 48 оқу орнынан 89 адам қатысты.
Қазір тоғызқұмалақпен айналысып жүрген адамдар саны 200 мыңнан асты. Соңғы жоғары оқу орындары арасында өткізілген жарысқа 200 студент қатысып, бұл ойын түріне қызығушылық арта түсуде.
Биылғы жыл – Абайдың 175 жылдық мерейтойы. Ал тоғызқұмалақ – данышпанның ең сүйікті ойындарының бірі. Сондықтан, ұлттық құндылықтарды кәсіби түрле насихаттап, жандандырып, әркім өз шама-шарқынша үлес қосуы тиіс».
Басып шығару