Әлеуметтік желіде белсенді, Жұмабек Тәшенов туралы зерттеулермен танымал, ұлттық мәселелерге келгенде ұстанымы берік, тілі өткір журналист Ертіс Нұрқасымтегі порталымыздың қазақ шекарасының 100 жылдығы туралы бастамасына қолдау көрсетіп, өзінің «Алаш арыстары және Жұмабек Тәшенов» атты көлемді мақаласын жолдаған болатын. Жұмабектің Тәшеновтың атымен журнал шығарып, ұлт мүддесін насихаттауға ынта-ықылас, күш-жігерін арнап келе жатқан жастардың бірі Ертіс мырзаның аталған мақаласын ықшам үлгіде ұсынып отырмыз. ***
Ресейдің патшалық билігі 1891 жылы 25 наурызда «Далалық облыстарды басқару туралы ереже» шығарғаны тарихтан белгілі. Бұл ережеде қазақ жеріндегі көшпелілердің де, отырықшылардың да құқықтарын Ресейдің ішкі губернияларының ауылдарындағы адамдармен теңестірді.
Ең сорақысы, осы ереженің 119 бабы бойынша Ресей ішкі өлкелеріндегі мұжықтарға түрлі жағдайлар жасап, көптеген жеңілдіктер бере отырып, оларды топ-тобымен қазақтың ең құнарлы жерлеріне жыл сайын қоныстандырып отырды.
Қазақ халқының малы мен жан санын және барлық дүние-мүліктерін, шапқан шөптерінің шөмелесіне дейін санаған 1899 – 1911 жылдардағы Щербинаның жасақталған санақ комиссиясының негізгі мақсаты – қазақ халқын одан сайын тау-тасқа тықсырып, шұрайлы жерлерді тартып алу. Бұл саясат 1917 жылғы 7 қарашадағы саяси төңкеріске дейін жалғасты.Қазақ халқынан шыққан зиялылар Ресей үкіметінің бұл отаршыл саясатына бей-жай қарамай, сол заманның саяси жағдайларын тиімді пайдаланып, барынша қарсылық танытты. «Қазақ ұлтының өмір сүруінің өзі проблемаға айналды» деп Ахмет Байтұрсынұлының жазатыны сол кез. 1918 жылы Ә. Бөкейхан Алаш Орда астанасында жиын жасайды. Сол жиында ақ гвардияшылардың қазақ еліне автономия беруге ниеті жоқтығын айта келе, Ахмет Байтұрсынұлын, Х. Ғаббасұлын қызыл үкімет басшыларымен келіссөзге жібергенін айтқаны туралы деректер сақталған.Ахмет Байтұрсынұылының жаңадан құрылған Кеңес өкіметінің саясаты мен Лениннің ұрандарына бағыттап ұсынған ұлттық-мемлекеттік жобасын Ленин дұрыс деп бағалап, 1919 жылдың шілде айының 10-ы күні Кеңес Одағының азамат соғысы жылдарындағы жағдайына байланысты уақытша үкімет «Қырғыз (Қазақ) өлкесін басқару жөніндегі революциялық комитет» құру туралы декрет шығарды. Осы алғашқы мемлеттіктің бастауы болған Қазревкомның мүшелігіне А. Байтұрсынұлы (білім мәселесі бойынша орынбасар), С. Меңдешов, С. Пестковский (төраға) кіргізілді. Ахмет Байтұрсынұлы 1917 жылы 27 сәуірден 7 мамырға дейін өткен Семей облыстық қазақ съезінде қабылданған қаулылар негізінде сол кездегі телефонмен Сталинмен тең дәрежеде сөйлескен жас жігіт Биахмет Сәрсентегін орынбасар қылып, өзі шекара мәселесін шегендеп, қалайда жеке ел болуға мүмкіндік ашатын автономия алу үшін жанталасады. Қазревкомның төрағасының орынбасары болған А.Байтұрсынов бірінші кезекте, «Жизнь националнастей» (Ұлттар өмірі) газетіне кеңестік басшылардың білімдері мен мәдениеттерінің төмендігінен революцияның мәнін бізге дұрыс жеткізе алмады деген сарында жаза келе, Алаш басшыларының көздеген мақсаттарын жұмсарта айта отырып, Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш Орда басшыларына кешірім беріп, оларды қуғындамай, Кеңестік органдарға қызметке алу туралы мақала жариялады. Ленин бастаған басшылар бұл ұсынысты қабыл алып, олардың барлығына рақымшылық жасады.Сол жылдары қазақтың көптеген жерлері Түркістан Республикасына қарағандықтан, Қазревкомның жер аумағына патша өкіметі кезінде Астрахан губерниясына қараған қазақтың жерлері және Ақмола, Семей, Орал, Торғай облыстары ғана кіргізілді. Азамат соғысы жылдарында 15 ай қызмет атқарған Қазркевком төтенше жағдайда жұмыс істей отырып, қазақ халқының барлық жерін біріктіру мәселесінде де батылдық танытып, мемлекеттің аумақтық шекарасын белгілеу жөнінде елеулі қызметтер атқарды. Алаш Орданың батыс бөлігін сол заманның саясатына байланысты таратып, Кеңес үкіметіне бағындыры, 1920 жылы наурыз айының басында Алаш Орда үкіметінің барлық бөлімдерінің таратылғаны жөнінде Ленинге мәлімдеме жасады. Алаш Орда үкіметі тарих сахнасынан кеткенімен, оның идеясы жүрегі қазақ деп соғатын азаматтардың жүректерінен өшпей, маздап тұрғандығының арқасында, Бүкілресейлік Орталық Атқару Комитеті (ВЦИК) мен Халық Комиссарлары Кеңесі (Совнарком) 1920 жылы 10 тамызда 1919 жылы 10 шілдеде Қазревкомды құру туралы декреттің құқықтық мәртебесін дамыту керек деп дәлелді ұсыныстар жасады.Әлихан Бөкейхан бастаған қазақ елінің басшылары осы аласапыран жағдайды пайдаланып, патшалы Ресей өкіметі бірнеше губернияларға бөліп жіберген қазақтың ұлан-байтақ барлық жерін Қазревкомның қарамағына біріктіріп, бұл мемлекеттіктің құқықтық жағдайын төтенше жағдай кезінде құрылған Қазревкомнан автономия дәрежесіне көтеру үшін 1920 жылы тамыз айының басында Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Әлімхан Ермектегі, заңгер Ережеп Итбайұлы бастаған Алаш Орданың идеялық дем беруші бұрынғы 15 мықтысы Кремльде отырған Кеңестік басшылармен келіссөзге Мәскеуге жол тартады.Осы кезде жер туралы комиссия құрады. Қазақ халқының ұлттық мүддесін ту еткендер мен олардың ұсыныстары мен талаптарын тыңдап, саралайтын жиын Ұлттар жөніндегі халық комиссариатының коллегия мүшесі З. А. Каменскийдің басшылығымен 1920 жылдың тамыз айының 9 – 10 күндері басталды.Комиссияға Ұлттар комиссариятынан – Сұлтанғалиев, Ақмола облысынан – Ережеп Итбайұлы мен Оразаев, Семей облысы атынан – Ә. Ермектегі, Түрккомиссиядан – Г. Сафаров, Бөкей Ордасынан – Д. Темірәлиевтер және тағы басқалар қатысты.Баяндаманы 29 жастағы Әлімхан Ермектегі жасайды. Әлімханның пікірінше, қазақ халқының басым бөлігі көшпелі мал шаруашылығымен айналысатындықтан, оңтүстік өлкелер мен солтүстік, батыс өлкелер бір-бірімен байланыспай қалса, Қазақ автономиясының экономикалық жағдайы қатты тоқырауға ұшырайды, сондықтан, жергілікті ұлттың мекендерін біріктірмесе болмайды деп қарсыластарын өз пікіріне нақты дәлелдермен иландыра сөйлеген орыс тіліне жүйрік әрі қисынды сөзді суырып сап сөйлейтін шешен жігіт ерекше өжеттікпен, батыл талаптар қояды.Әлімханның айтқан жерлерін гектарға шағып есептегенде, осы жерлердің өзі 3 146 922 шаршы шақырым болады.Мәселенің бұлай боларын болжамаған В. Лениннің өзі 12 – 14 – 18 - 19 тамыз күндері өткен осы комиссияның жұмысына тікелей қатысып, бас баяндамашы Әлімхан Ермектегін де, оған барынша қарсы шыққандарды да мұқият тыңдап, қарсылас екі жаққа да нақты сұрақтар қойып, бір мемлекеттің тағдырына қатысты мәселенің барынша әділ шешілуіне ат салысты. Қазақ халқына осынша жердің кетіп бара жатқанына іші ашыған И. Сталин «Бес жарым миллион қазаққа осынша көп жер не керек?» деп бас баяндамашы жас Әлімханға ызбарлана сұрақ қойғанда, Ахмет Байтұрсынов: «Отырықшы емес, мал шаруашылығымен айналысатын қазақтарға бұл жерлер еш көптік етпейді» деп мал басына есептеп жауаптар береді. Біздің елдің атынан елшілікке барып, ұлтының тағдыры шешілер сәтте аянып қалмаған қазақ комиссиясы «Езілген халықтарға теңдік әперемін» деген Владимир Ильич Лениннің ұрандарын өзіне көлденең тарта отырып, осы айтылған аймақтарда қазақтар басым тұратын тарихи жерлердің барлығын КСРО құрамында болатын қазақ автономиясына біріктіру керектігі жөнінде батыл талаптар қояды. Осы күндерде болған комиссияның бір үзілісінде В. Ленин: «Енді, жарты сағат сөйлесе, мыналар Мәскеудің өзін де қосып алатындай екен», деп қалжыңдапты.1920 жылдың 26 тамызында В. И. Лениннің тікелей басшылығымен Әлихан Бөкейхан бастаған қазақ елінің басшыларының қазақ жерлерін біртұтастандырып, біріктіру туралы ұсыныстары дұрыс деп танып, осы Заңға Ленин мен И. Калинин қол қойып, күшіне кіргізген «Қырғыз (Қазақ) Кеңестік Автономиясын құру туралы» тарихи декрет жарияланып, Республика астанасы болып Орынбор қаласы болып белгіленгені сол кездегі ресми мемлекеттік БАҚ-тарда жарияланды.Бұл жерді алдық деп, масаттанып, тоқырамаған Алаш көсемдерінің еңбегінің арқасында 1921 жылы 17 қаңтардағы ВЦИК-тің шешімімен Омбы губерниясына қараған Атбасар, Ақмола, Көкшетау, Қызылжар уездерін, 1 қазанда Омбы облысының қазақтар көп шоғырланған 15 болысын жерімен, 1924 жылы таратылған Түркістан КСР-ының құрамындағы Жетісу, Сырдария, Самарқан, 1924 жылы Орынбор облысындағы Башқұрт АКСР-ына өтіп кеткен Иманғұл, Тоқ-сұран ауылдары жаңадан құрылған Қырғыз, яғни, Қазақ автономиясының жер құрамына кіргізілді. 1922 жылы Атырау атырабы мен Солтүстік өңірлерімізді де де жаңадан құрылған қазақ автономиясының құрамына бастарын бәйгеге тіге отырып, жанкешті еңбекпен қосып алды.1920 жылы маусымда қазақ халқы қоныстанып отырған Семей, Орал, Торғай, Закаспийский облысының Адай уезі, Орынбор облысы және Бөкей Ордасының жерлерінен қазақтарға ұлттық автономия беріп, бұл Республикаға астана қылып Орынбор қаласын бекітті.Шекараны айқындау кезінде большевиктер мен Алаш Ордалықтар бір мүддеге бірігіп, ұлтымыздың жерін түгендеу кезінде бірін бірі батыл қолдап отырғаны бүгінгі саяси партияларға үлгі болуы керек-ақ.1925 жылдың сәуір айында Қырғыз (Қазақ) АКСР-ының Халық Комиссарлары кеңесінің Төрағасы Сәкен Сейфуллинің еңбегінің арқасында қырғыз атауы алынып, мемлекетіміз өз ұлтымыздың атымен аталып, еліміздің астанасы Орынбордан Қызылорда қаласына көшірілді. 1936 жылы 5 желтоқсанда Кеңес Одағының диктатор басшысы Сталиннің тұсында қабылданған Кеңестердің VIII жиынында қабылданған КСРО-ның Конституциясымен Қазақ автономиялы республикасы одақтас республикаға айналып, бірталай мемлекеттік құқықтары қорғалды. Осы Негізгі Заңның 18 бабы бойынша, Одақтас Республикалардың халқының келісімінсіз территориялық тұтастығын бұзуға ешкімнің хақсысы жоқтығы жазылса, 17 бапта «Әрбір одақтас республика үшін КСРО-дан өз еркімен шығу құқығы сақталады» деп жазылған. Ал 1962 жылы Кеңес Үкіметінің басшысы Хрущев Қазақстан жерін бөлшектеп тың өлкесін құру туралы идея көтергенде әйгілі Жұмабек Тәшеновке қазақ жерін сақтап қалуға басын тіге айқасуға күш берген 18-бап болатынҚазақ жерін бөлшектеуді жүйелі жүргізген Хрущев бастаған КСРО Саяси Бюросындағылар ұлтымыздың тілін, салт-дәстүрін назарға ілмей, қазақтардың ұлттық халықтың келісімінсіз-ақ, тың өлкесін 1960 жылы Ресейге «Алтай өлкесі» дәрежесінде қосып алмақшы болды. Кремльдің осы жымысқы саясатын қалт жібермей, қадағалап отырған ержүрек Тәшенев 1960 жылдың аяғында Ақмолада болатын жиналысқа Хрущевтан бұрын ұшып келді.
«Тың өлкесінің» басшыларынан: «Келер жылдың бюджетін неге өткізбей отырсыңдар?» деп сұраса «Тың өлкесінің» бюджеті енді Қазақ КСР-ы үкіметіне емес, РКФСР үкіметіне жолданады» деген Соколовқа Тәшенев: «Егер, Қазақ үкіметіне бағынғың келмесе, 24 сағаттың ішінде табаныңды жалтырат, құры! Тың өлкесі Ресейге берілмейді. Айтар жеріңе айта бар» деп бірден қатты тиып тастайды. Тың өлкесі үшін Хрущевпен айқасқанда: «Солтүстік облыстарды Ресейге қоса салу қазақты қорлау! Намысын жер ету. Қалыптасқан шаруашылық-экономикалық қарым-қатынастарды біржолата құрту деген сөз. Халықтың тамырына балта шабумен бірдей. Мен, Тың өлкесін Ресейге бермек тұрмақ, бұл мәселенің күн тәртібіне қойылуына үзілді-кесілді қарсымын!» деп қаhарлы сөздермен бет қаратпағанда Хрущевтің беті қызарып, көзі аларып, тілі тұтығып жолбарыс киесі бар Жұмабекке жалтақ-жалтақ қарап тұрып қалыпты.
Алты облыстың жері үшін болған осындай көп айқастардың бірінде, екеуара қалғанда Д.А.Қонаев: «Жұмеке-ай, жүрек жұтқан, көзсіз батырсың-ау!» депті. Сонда Тәшенев: «Елімнің мүддесі үшін қияметке де дайынмын!» деп кейінгілерге ерліктің асқан үлгісі болатын қанатты сөзін қалдырды. Тәшеновтың ерлігі жиырмасыншы жылдары Алаш зиялылары мен қазақ оқығандары бірлесе қорғаған, тұтастығын сақтаған ұлан-байтақ жерімізді қорғап, оған төнген аса ауыр қауіптің бетін қайтарған еді. Бұл да қазақ шекарасы тарихының аса маңызды бір тарауы болуға және Жұмабек Тәшенов атымен аталуға әбден лайық.
Басып шығару