Қызылорда облысы Жаңақорған ауданында 11-12 мамыр күндері облыстық ІV малшылар слеті өтті. Облыс әкімдігіне сілтеме жасаған ҚазАқпарат тілшісі осылай деп хабарлады. Соңғы төрт жылдан бері дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан слеттің алғашқы күні, 11 мамырда делегаттар Жаңақорған ауданы Келінтөбе ауылдық округіндегі Керімхан Егізбаевтың «Orda Агротехнология» ЖШС жұмысымен танысты. Сондай-ақ, осы ауданның Қыркеңсе ауылындағы Серік Мырзабаевтың «Бекарыс Агрофуд» ЖШС тыныс-тіршілігіне зер салды. Сондай-ақ, түс ауа аудандық мәдениет үйінде өтетін «Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту және мал шаруашылығы өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру жолдары» атты семинарға қатысты.
Малшылар слетінің екінші күні, 12 мамырда Жаңақорған ауданы тұсындағы Қаратау баурайында орын тепкен Үсен бауында асыл тұқымды мал шаруашылығы бағытындағы көрме мен слеттің негізігі ресми шарасы өтті. Іс-шараға қатысқан облыс әкімі Қырымбек Көшербаев мал шаруашылығы қазақ халқының ата кәсібі екенін және осы күнге дейін республикамызда жетекші сала саналатынын атап өтті. Жыл сайын облыстық малшылар слетіне басқа өңірлерден қатысушылардың саны артып келе жатқанын ескере отырып, облыс әкімі 2019 жылы облыста бірінші республикалық малшылар слетін өткізуді ұсынды.
«Қазіргі таңда мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, үкімет тарапынан мал шаруашылығын дамыту үшін қыруар қосымша шаралар қарастырылуда. Осы орайда жыл сайын облыстық малшылар слетіне басқа өңірлерден қатысушылардың саны артып келе жатқанын ескере отырып, үкіметке, ауыл шаруашылығы министрлігіне келер жылы біздің облыста «Бірінші республикалық малшылар слетін» өткізуді ұсынамын. Ұсынысты Ауыл шаруашылығы министрлігі, қатысып отырған өңірлердің және республикалық палата өкілдері қолдайды деп ойлаймын», - деді аймақ басшысы.
Іс-шараға Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің, Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағының, «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингінің басшылары, республикамыздың белгілі ғалымдары, төрт түлік малдың республикалық палаталары мен Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Оңтүстік Қазақстан облыстарының өкілдері қатысты.
Басып шығару