Бүгін Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Астанадағы ашық аспан астындағы ғарыш музейіне барды Бұл жаңа музей - Қызылорда облысының Астананың 20 жылдығына жасаған сыйлығы. Есілдің сол жағалауындағы Ғарыш Ұлттық орталығының аумағында орналасқан кешен 1,4 гектарды алып жатыр. Онда Байқоңырдан ұшырылатын "Союз", "Протон", "Зенит" зымыран тасығыштарының дәлме-дәл көшірмесі қойылған.
Ғарышты зерттеудің маңыздылығына тоқталған мемлекет басшысы былай деді: "Менің тапсырмам бойынша, француздармен бірігіп жасанды жер серіктерін құрастыру зауыты іске қосылды. Жуық арада біздің өз спутниктеріміз болады. 2022 жылға қарай "Зенит" зымыраны дайын болып, оны өзіміз ұшырамыз. Осылайша біздегі ғарыш өнеркәсібі жаңа деңгейге көтеріледі, ал Қазақстан толыққанды ғарыш державасына айналады".
Кешен аумағына зымырандардың техникалық сипаттамасы, пайдалану тарихы туралы мәліметтер жазылған ақпараттық стендтер қойылған. Мемлекет басшысына ғарыш музейін Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаевтың өзі таныстырды.
Басып шығару