Түркістан облысында тұрғындарға 1,5 миллиардқа жуық шығын келтірген «Indigo-24 Evolution» қаржы пирамидасын ұйымдастырған 12 күдікті ұсталып, қамауға алынды, деп хабарлады облыстық ПД-нің баспасөз қызметі.
Осы жағдайға байланысты Түркістан облысының полицейлері азаматтарға күмәнді уәделерге сенбей, барынша қырағы болу керектігін ескертеді.
Еске салайық, осы жылдың жаз айында жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Жетісай аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері Жетісай қаласындағы «Indigo-24 Evolution» қаржы пирамидасының қызметін тоқтатты. Бұл жайт ҚР ҚК-нің 217-бабы 3-бөлігі «Қаржылық (инвестициялық) пирамиданы құру және оған басшылық ету» бойынша тіркелді. Бір ай өткеннен соң жәбірленушілер саны 300-ден асты.
Бүгінгі таңда Түркістан облысы Полиция департаментінің білікті тергеушілерінен тергеу тобы құрылып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде.
Түркістан облысының полицейлері ескертеді, ақшаңызды еселеп беремін деген адамдардың сөздерін әбден саралап, ой елегінен өткізгендеріңіз жөн. Жәй ғана сақ болу емес, ондай іске барардан бұрын «жеті рет өлшеп бір рет кесу» қажет. Біріншіден, олардың берген ақпарларын толық зерттеп алыңыз. Екіншіден салымның кірістілігіне мұқият мән беріңіз. Неғұрлым жоғары болса, ол сізге күмән тудыруы тиіс. Себебі кез-келген ақшаңызды көбейтіп беремін деген банктің өзі бірден сіздің салымыңызды 50-100 пайызға өсірмейді, - деп хабарлайды ПД қызметі.
Басып шығару