Алматы облысында сауда үйлері қайта жабылып, көпшілік жиналатын шараларға қатаң тыйым салынуда. Қоғамдық көлік те таңғы және кешкі мезгілде күшейтілген режимде жұмыс істемек.
«Жетісу» арнасының мәліметіне сүйенсек, аймақты мемлекеттік бас санитарлық дәрігері Қайрат Баймұхамбетов бұл шараның мәжбүрлі түрде жасалатынын айтқан. Облыста әлі де инфекция таралуының беті бері қарамай тұр.
Алматы облысында коронавирус жұқтырған азаматтардың жалпы саны 400 адамнан асады. Соңғы апта ішінде науқастардың өсу көрсеткіші 4,5 пайызға артқан. Ал карантинге дейін бұл көрсеткіш 2,5 пайызды жуықтап тұрған. Азаматтардың санитарлық нормаларды сақтамауынан жағдай ушығып кеткенген ұқсайды.
«Мен мемлекеттік бас санитар дәрігер ретінде карантин режимін күшейтуге мәжүрмін. Ауданаралық, қалааралық жолдарда санитарлық бекеттер қойылып, кейбір нысандар қайта жабылады. Қоғамдық көліктің қозғалысы шектеліп, бассейндер мен субұрқақтар жұмысын тоқтатады. Сондай-ақ, карантин режимінің күшейтілуіне байланысты Қапшағай су қоймасындағы жағажай демалысының жұмысын тоқтату да жоспарлануда», - деді ол.
Қазір санитарлық-эпидемиологиялық қызмет өкілдерінен, әкімдік пен прокуратура қызметкерлерінен, полиция қызметкерлерінен тұратын жедел топ жасақталып, аудандар мен қалаларда тексеріс жүргізу жоспарлануда.
Тәртіп сақтамағандарға 5-500 АЕК аралығында айыппұл салынады.
Басып шығару