Тәжікстан азаматтары карантин салдарынан Түркістан облысындағы Қазақстан мен Өзбекстан шекарасында қалып қойды. Енді олар өз отандарына оралу үшін автотұрақтарда бірнеше күн адам төзгісіз жағдайда күту керек.
ТМД елдерінде коронавирус пандемиясының таралуының алдын алу мақсатында мемлекеттік шекаралар жабыла бастаған уақытта еңбек мигранттары елдеріне қайта оралуға мәжбүр болды. Дегенмен, олар өз үйлеріне жете алмай, екі айдан бері Түркістан облысындағы Өзбекстанмен шекарада автотұрақта аялдап отыр.
Олардың денінде ақша түгесіліп, жуыну мен тамақ тауып жеу мұңға айналған.
«Әне қазан тұр. сол қазанға тамақ істейміз. 100 шақты адам жүрек жалғайды. Тіпті, аяғы ауыр әйелдер де бар мұнда. Кейбіреулер қоқыс қалталарынан үй жасап алды», - дейді Умар Хамидов.
Мигранттар қаза тапқан отандастарын табытқа салып елдеріне алып өтпек болыпты. Шешімді күткен уақытта мәйіт шіріп, адамдар шіріген мәйіттің жанында тамақ ішуге де мәжбүр болған. Амалсыздан, олар қандасын жергілікті зираттың біріне жерлепті.
Тәжікстандық дипломаттар әзірге шекарадан өту мәселесін шеше алмай дағдарып отыр.
«Қазақстандық тарап пен Душанбенің келісімін алдық, қазір Өзбекстандағы елшілік арқылы келіссөздер жүргізілуде. Меніңше, жақын арада оларды Худжанд қаласына алып келеміз», - деді Тәжікстанның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Харулло Ибодзода.
Жергілікті тұрғындар мигранттарға тамақ, киім сияқты қажеттіліктермен барынша көмектесуде.
Басып шығару