Латын жазуы бізді үш әлеммен біріктіреді, бұл бірінші кезекте қазақты қазаққа қосады. Бүкіләлемдік қазақтардың Құрылтайына шақыру үшін әлемнің түкпір-түкпіріне қазақстандық ұйымдастырушылар қазақ тілінде кирилше хат жазады екен. Олардан ағылшын тілінде немесе өз жазуларымен «Не жазылғанын түсінбедік» деген жауап келеді екен. Қайдан түсінсін? Батыс Еуропа, Түркия, АҚШ, Канада қазақтары латын жазуында, Ресей, Қырғыстан, Монғол қазақтары кирилде, Өзбекстандық қандастарымыз латын және кирилде, Қытай, Біріккен Араб Имараты қазақтары араб графикасында (төте жазуда), Иран қазақтары парсы жазуында, осылай түрлі-түрлі жазуды тұтынып, бір-біріміздің айтқанымызды ұға алсақ та, жазғанымызды оқи алмай, өз-өзімізден алшақтап қалғаннан көп нәрсені жоғалтқан жайымыз анық. Өзінің түбінен алшақ кету «жат» болудан басқа нәтиже бермейді. Ол қазақтардың тек үлкендері ғана ана тілінде сөйлеп, ұрпақтарының көпшілігі (қажеттілік те болмаған соң) тілдерін тіпті ұмытқан. «Ана тілін ұмытқан адам өз халқының өткенінен де, болашағынан да қол үзеді» деген Ғ.Мүсіреповтің сөзін еске түсіреді. Жер бетіне әрқилы себептермен тарап, өздері өмір сүретін мемлекеттердің жазуында отырған осындай 5 миллион «Қазақтың Қазақстаннан басқа Отаны жоқ» екенін білетін жұрттың енді тамырына қан жүгіріп, елдің жазба жауһарларына қол жеткізіп, күнделікті хабар-ошарын алып отыра алатын болады деген үмітіміз бар. Бұл – біздің бұйырса қол жеткізетін бір әлеміміз – өз жұртымыз.
Екінші жұрт – дәл осындай әртүрлі жазуда отырған біздің түркі әлеміміз. Олардың бүгінгі жазу графикасының шынайы қолданыстағы көрінісін былайша көрсетуге болады: түрік, әзербайжан, гагауыз – латын жазуында; қырғыз, татар, чуваш, башқұрт, қарачай-балқар, якут, тува – кирилде; өзбек, түрікмен, Қырым татарлары, қарақалпақ – латын және кирилде; ұйғырлар – кирил және арабша жазуда. Осылай жазудың ғана әркелкілігінен дисинтеграцияланып кеткен бір тамырдан өрбитін түркі жұртын интеграциялаудың функциясын бүгінде қолға алынып жатқан латын әліпбиіне негізделген жаңа жазуымыз атқара алатын болады деп сенеміз. Олай деуімізге ағылшын тілінің ғаламдық экспанциясына орай, әркелкі жазудың ішінде латын жазуы барша әлем жұртшылығына жаттығы жоқ, ең тануға жеңіл жазу екендігі себеп.
Ал үшінші жұрт – бұл, әрине, ғаламторды дөңгелетіп отырған батыс – латын жазуында отырған әлемнің жетекші тілдері. Оның ішінде бір ғана ағылшын тілінің өзі күні бүгінгі 2021 ж. 3 наурызда жаңартылған әдебиет көзіне сүйенсек, ғаламтордағы ақпарат тілінің 60, 6 пайызын жүргізеді екен (осы деректің өзін де ағылшын тілінен алып отырмыз: https://en.wikipedia.org/wiki/Languages_used_on_the_Internet). Бұл – әрине, өте үлкен, ғаламат көрсеткіш. 2-орында 8 пайызбен орыс тілі, 3-орында 4 пайызға жуық (3,9) көрсеткішпен түрік тілі тұр. Ең сөйлеушісі көп қытай мандарині бүкіл ғаламтор (уебсайт) жұмысының 1,4 пайызын, испан – 3,8, ал 341 млн. сөйлеушісі бар хинди тілі бар болғаны 0,1 пайызын ғана жүргізеді екен. Демек, бұл белсенділік тілде сөйлеушілердің санына байланысты емес. Бұл белсенділік – тілдің, жазудың өзінің мүмкіндігіне және сол жазуда отырған жұртшылықтың өз әлеуетіне байланысты мәселе.
Міне, компьютердің тілі (Microsoft Office, Google Chrome т.б.), техниканың тілі (iphone, Samsung Galaxy, HP т.б.), бренд логолардың тілі (Colgate, Соса Cola т.б.), әуежайдың тілі деген сияқты ғаламдық артықшылықтары өз алдына, латын жазуы осылай бізді үш әлеммен біріктіреді деген үміт бар, себебі, жаңа әліпбиді түзу барысында ғалымдарымыз әрбір таңбаға терең үңіліп, жан-жақты зерделеп, осы үміттердің үдесінен шығу мақсатын алға қойды.
Нұрсәуле РСАЛИЕВА,
филология ғылымдарының кандидаты
Басып шығару