Тарихи лексика – мемлекетқұраушы ұлттың, мемлекеттік тілдің бастан өткерген тарихының бейнесі іспеттес. Белгілі бір ұлт пен ұлыстың өмір салтына қажетті әдет-ғұрыптары, салт-дәстүрлері және оларды атаушы сөздері ерекше маңызды орын алады. Оның басты себебі де белгілі. Ұлттың өзіндік бет-бейнесін сақтаушы, ұлтты ұлт ретінде сақтаушы, оны жойылып кетуден қорғаушы институттар – осы әдет-ғұрыптар мен салт-дәстүрлер. Тілдің тарихи негіздері берік болған жағдайда оның болашақтағы даму жолы да жарқын болмақ.
Тіл тарихы және диалектология бөлімі қызметкерлерінің осы жолда, - мемлекеттік тілдің тарихи негіздерін берік ету жолында таяу болашақта жүзеге асыруды жоспарлап отырған жұмыстары аз емес-ті. Соның ең бастысы – қазақ тілінің тарихи сөз қорын анықтау ісі болатын. Бұл істің ең алғашқы, бастапқы кезеңінде қазақ тілінің тарихи лексикасы құрамына кіретін тілдік бірліктерді жиыстыру, жинақтау мәселесі бойынша маңызды тарихи дереккөздер, қайнар көздер құрамын айқындап алу қажет еді. Таяу жылдарда, мүмкіндік болған жағдайда, осы мақсатты жүзеге асыру үшін жұмыс жасау жобаланып отырған болатын. Ол үшін ең алдымен қазақ тілінің тарихына қатысты жәдігерліктердің негізгі 10 тобын қамту ойластырылған еді. Олар:
1) көне түркі графикасында, соғды және манихей жазуында сақталған көне түркі жазба мұралары;
2) ортағасырлық классикалық араб графикасында жазылған мұралар (М.Қашқари сөздігі, ортағасырлық қыпшақ тілі материалдары, т.б.);
3) ортағасырлық ескі латын графикасында жазылған мұралар («Кодекс Куманикус» нұсқалары);
4) ортағасырлық армян жазуында жазылған мұралар (армян-қыпшақ жазбалары);
5) ескі қазақ жазба тілінде жазылған араб графикалы жәдігерліктер (XVI-XIX ғғ.);
6) араб графикалы «төте жазуда» жазылған мұралар (XX ғғ.);
7) ескі-шіркеулік кирил жазуымен жазылған мұралар (XVIII-XIX ғғ.);
8) миссионерлер қазақ тіліне бейімдеген кирил жазуымен жазылған мұралар (XIX ғ. екінші жартысы - XX ғ. басы);
9) 1929-40 жылдары қолданылған латын графикалы жазумен жазылған мұралар;
10) қазіргі кирил қарпіндегі қазақ жазуымен жазылған тілдік мұралар.
Тілдік ескерткіштердің лексикалық құрамын зерделеу - ерекше маңызды іс болмақшы еді. Қандай тілдік бірліктің қай кезеңнен бері тілдік қолданымға енгендігін, ол үдерістің қалай жүргендігін, ол тілдік бірліктердің мағыналық құрамында ғасырлар бойғы даму барысында орын алған өзгерістерді анықтау қажеттігі айқындалған еді.
Тіларалық мәдени байланыстарға байланысты қазақ тілі тарихи лексикологиясының ерекше көңіл бөлуге тиісті нысандарының бірі – қазақ тілі мен өзге тілдер арасында орын алған алуан түрлі қарым-қатынастар болса керек. Бұл тілдердің өзара әсері, лексика саласындағы ауыс-түйістер қай дәуірде, қандай жағдайда және қай жерде болмасын, сайып келгенде, тарихи үдеріске жатады. Кірме ретінде танылатын элементтер –көне дәуірлерден басталатын қарым-қатынастардың рудименттері. Бұларды талдап көрсету евразиялық кеңістікті мекендеген әр түрлі этностардың тарихынан, олардың қарым-қатынасы арқылы пайда болған мәдени мұраларынан хабар бере алады. Этникалық мәдениеттер арасында үйлесім болған жағдайда кірме элементтерге жол ашылады. Осыған орай, қазақ тілінің төл сөздерімен бірге ескі кірме сөздердің де жағдайы зерттелуі, қазақ тіліне бұрынғы-соңғы тарихи кезеңдерде шет тілдерден енген сөз бірліктері алынуы тиіс еді. Олардың ішінде ежелгі түркі-моңғол тіл бірлестігі кезеңінен бері келе жатқан, туыстас түркі-моңғол тілдерінен, көршілес қытай, иран тілдерінен енген, сондай-ақ, ислам дінінің қабылданып, араб тілінің білім-ғылым тіліне айналуына байланысты, арабы-парсы-түркіні синтездеген шағатай әдебиетінің кемелдене дамуына байланысты орта ғасырларда араб-парсы тілдерінен енген, яғни бұрыннан келе жатқан байырғы кірмелер де, соңғы екі-үш ғасырда орын алған тарихи жағдаятқа байланысты орыс тілінен төтенше енген кірмелер де қарастырылмақ-тын.
Енді қазақ жазуының латын қаріпті графикаға өтуіне байланысты, бұрынғы алға қойған мақсаттарымызға қосымша, қазақ тілінің тарихына қатысты жәдігерліктерді қайта кодтау жұмыстарын жүргізу жобаланып отыр. Жоғарыда аталған он топтың құрамына кіретін жәдігерліктердің қай-қайсысының да жазылу кезеңіне, жасалу тарихына, тілдік сипаттарына қатысты өзіндік ерекшеліктері жетерлік. Әрбір ескерткіш бойынша қарастырылатын транскрипциялық, транслитерациялық, орфографиялық мәселелер де жеткілікті.
Тіл тарихын зерттеу ісі мен бүгінгі күн талабына орай жәдігерліктерді латын графикасында қайта кодтау жұмыстарын ұштастыра жүргізуді жөн көре отырып, тарихи лексикологиялық, тарихи лексикографиялық жұмыстарымызды ең алдымен қазақ тілінде ескі кірме сөздер қоры мол саналатын араб-парсы тілдерінен бастауды дұрыс деп таптық. Осы ойымызды жүзеге асыру жолында соңғы екі жылда жедел жұмыс жасап, шамамен төрт мыңдай сөздік бірлікті қамтыған «Кирилл және латын графикаларында араб-парсы кірме сөздерінің түсіндірме сөздігін» құрастырдық.
Ұсынылып отырған жұмыс А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында орындалып жатқан «Латынграфикалы жаңа ұлттық әліпби негізінде қазақ жазуын жаңғыртудың ғылыми-лингвистикалық базасын әзірлеу» атты бағдарламалық-нысаналы зерттеу аясында, тіл тарихы және диалектология бөлімі қызметкерлері тарапынан әзірленді. Сөздікті құрастыру барысында негізгі дереккөз ретінде 15 томдық «Қазақ әдеби тілінің сөздігі» алынды. Оның себебі – бұл сөздік өзіне дейінгі барлық зерттеу еңбектері мен сөздіктердегі материалдарды зерделей отырып пайдаланған бірден бір академиялық туынды болып саналады. Сондай-ақ, Н.Оңдасынов, Л.Рүстемов, Е.Бекмұхамедов, А.Дәдебаев пен Ж.Қайырбеков, И.Жеменей, Г.Мамырбекова, А.Сейтбекова тарапынан даярланған арабы-парсы-қазақша сөздіктердің материалдары пайдаланылды. Сөздіктегі атау сөздер қазақ лексикографиясында бұрыннан қалыптасқан дәстүр бойынша бас әріптермен теріледі. Сөздің бірнеше варианты болған жағдайда, әдеби вариант атау сөз ретінде, қалғандары содан кейін жақша ішінде орналастырылады. Атау сөзден соң тік жақша ішінде сөздің араб-парсы тілдеріндегі оқылымы мен араб графикалы нұсқасы келтіріледі. Мағыналық өзгеріс болған жағдайда, бастапқы тілдегі мән-мағынасы ашылып көрсетіледі. Осыдан кейін сөздің қазақ тіліндегі негізгі мағыналары айқындалып, олардың анықтамалары келтіріледі. Анықтамадан соң қолданым мысалдары беріледі. Сөздікте қолданылған қысқартулар еңбектің алдында, ал қолданылған әдебиеттің толық тізбесі жұмыстың соңында келтіріледі.
Мырзаберген Малбақов,
филология ғылымдарының
докторы, профессор