2021 жылғы 26 ақпан күні Тіл саясаты комитеті Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы осы аттас онлайн ойталқы ұйымдастырды.
Еліміз бойынша азаматтар қазақ тілін А1 деңгейінен С1 деңгейіне дейін тегін үйренеді. Мемлекеттік қызметшілер жыл сайын бір деңгейден екінші деңгейге өту үшін ҚазТЕСТ жүйесі арқылы арнайы тестілеуден өтеді. Бұл тіл үйренушілер үшін үлкен жетістік болса, оқытушылар еңбегінің де жақсы көрсеткіші болып табылады.
Орталықтың атқарушы директоры, филология ғылымдарының кандидаты Ербол Тілешовтің сөзіне құлақ түрсек, аталмыш шараға байланысты біраз нәрсеге қаныққандай боласың: «Кешегі Кеңестік дәуір «Тіл – қатынас құралы» деп танып, осы қағиданы берік ұстанды. Шынтуайтында, бұл тілдің көп функцияларының бірі ғана еді. Тіл ғылымы адамды зерттейді. Керек десеңіз, тіл мен ойды бір бірінен бөлек қарастыруға болмайды. Ішкі сезімдеріміздің өзін сөзбен өрнектейміз, яғни психологиямызхды қалыптастырады. Бұл тұрғыда әлемдік лингвистика тарихында Гумбольдтың есімі құрметпен аталса, қазақ топырағында Ахмет Байтұрсынұлының аты ауызға алғаш ілігеді. Дүниежүзіндегі 7 мыңға жуық тілдің 195-і ғана мемлекеттік мәртебеге ие болып отыр. Бұдан басқа автономдық сипаттағы тілдер де бар. Мәселен, Үнді елінде мемлекеттік мәртебеге ие болған 23 тілдің ішінде үнді мен ағылшын тілі оқ бойы озық тұрады. Сондықтан, тарих аренасына шыққан ана тіліміздің ұлылығына құр тамсанып қана қоймай, өрісі кеңеюі үшін қызмет жасауымыз қажет. Әлбетте, жақсы озық үлгі бар, әйтсе де тәжірибе көрсетіп отырғандай, проблемалар да жоқ емес. Мемлекет басшысының «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласын негізгі өзек етіп отырған бұл бас қосудың басты тақырыбы осы төңіректе болады».
Өздеріңізге белгілі болғандай, іс-шараның мақсаты: өңірлердегі Тілдерді оқыту орталықтарында мемлекеттік тілді қарапайым деңгейден бастап базалық, орта, ортадан жоғары деңгейлерге дейін меңгерген Қазақстан азаматтарымен, яғни тіл үйренушілермен пікір алмасу, қазақ тілін деңгейлеп меңгеру жолындағы жетістіктері жайлы ой бөлісу.
Онлайн ойталқыға Нұр-Сұлтан қаласы, Ақмола, Павлодар, ШҚО, Қостанай, Қызылорда, Алматы облыстарынан әр сала қызметкерлері, В1, В2 деңгейлерінің тіл үйренушілері қатысты.
Алқаға түскен алғашқы сауал «Әр өңірлердегі оқыту орталықтарының жыл бойғы сабақтары қаншалықты тиімді болды? Нәтижеге қалай қол жеткіздіңіздер? Үй тапсырмасына қаншалықты көңіл бөлесіздер?» деп басталса, бұдан әрі «Отбасында, қоғамдық орындарда, ұжымда, қызметте қазақша сөйлесесіз бе? Сабақтағы оқу материалдары мен практиканың өзара байланысы бар ма?» дегенге ойысты.
Бұл талқыға түскен тақырып аясының кеңдігін көрсетеді.
Қатысушылар қызу пікірталасқа түсіп, өз ойларын мейлінше ашық білдірді. Әсіресе, мемлекеттік тілді меңгерудегі өзге ұлт өкілерінің өз тәжірибелерінен терең толғаған пікірлерінің әдістемелік тұрғыдан тиімділігі өз алдына, адами жағынан жүрекке жылы тиіп жатты.
Әрине, қазақ тілінің мемлекеттік мәртебеге ие болғанына біраз уақыт өтсе де, өкінішке орай, қазақстандықтардың біраз бөлігі қазақша сөйлеп кете қойған жоқ. Мемлекеттік қызметте, өндірісте, ғылымда, бизнесте әлі күнге кең өріс ала алмай отыр. Осы бағытта қазақ тілін оқыту сапасы мен әдістемесін жетілдіру, заманауи талаптарға жауап бере алатын оқулық, оқу құралдарын әзірлеу секілді міндеттер тұрғаны назардан тыс қалмайды.
Басып шығару