Тіліміздің таусылмайтын жырын отыз жылдан бері толғап келеміз. Ата заңымызда мемлекеттік тілдің мәртебесін алған ана тіліміздің шын мәнінде өзінің ұлттық болмысын иеленгеніне шүбәсіз көңілмен қуанғанымызға да отыз жылға жуықтады.
Кеңестік жүйенің өктемдігімен есіктен сығалап қалған тілімізді төрге шығарудың келелі амалдарын жасау тірлігіне ел болып, жұрт болып белсене араласып кеттік. Үкіметтік үлкен деңгейде мемлекеттік іс-шаралар жоспарлары жасалды, тілімізді дамытудың не бір игілікті қадамдарын ойластырған болды. Ғалымы бар, жазушысы бар, билік басындағы көсем, аузы дуалы тұлғалары бар, тіл келешегіне орай шешілуге тиіс өзекті мәселелерді ел алдында толғамын сеніммен айтты! Уақытқа үміт арттық, өз кезегімен болатын іске үстірттік, асығыстық танытпайық, уақыт бізге жұмыс істеп жатыр деген үмітпен, міне, ширек ғасырдан астам мезгілді де артқа тастадық. Тіліміз тұғырына қонды ма, байырғы сына жазудан бастау алған дәстүрі бай, түркілік көркем әуезді тіліміз төрімізге шықты ма?! Алдымен өзінің ұлан-байтақ отанында қазақтың мерейін биіктетті ме?! Әлемдік аядағы болашағы қандай?.. Ойға орала беретін осындай сұрақтар та отыз жылдан бері азайған жоқ.
Осы кезең ішінде Елбасының халыққа арнаған әр жылғы жолдауларында өз тілімізді өзімізде орнықтырып дамытудың мәселелері нақты жолдары айтылып қозғалып келді, біраз шаруаның басы қайырылғандай да болды, алайда тіліміздің конституциялық басты мәртебесі – оның қоғамның барлық саласындағы өзінің шынайы қолданыстық тиянағын тапқан жоқ. Осы жылдың басында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» деген мазмұны аса мәнді де бағдарлы, еліміздің отыз жылдық белесінде қол жеткізген тарихи, тағылымды жетістіктерін және келешектегі маңызды істердің айнымас бағытын белгілеген мақаласында да тіліміздің мәртебесіне байланысты көңілге қонымды ойларымен бөлісті. «Мемлекеттік тілді білу – Қазақстанның әрбір азаматының парызы. Міндеті деп те айтуға болады. Осы орайда мен барша қазақстандықтарға, оның ішінде қазақ тілін әлі жете меңгермеген отандастарыма үндеу тастағым келеді. Жастар ағылшын тілін немесе басқа да тілдерді аз ғана уақытта меңгере алатынын көріп отырмыз. Тұтас буын алмасқан осы жылдарда қазақ тілін үйренгісі келген адам оны әлдеқашан біліп шығар еді. Халқымызда «Ештен кеш жақсы» деген сөз бар. Ең бастысы, ынта болуы керек» («Егемен Қазақстан» газеті. №2 (29981), 5-қаңтар, 2021ж).
Ия, Мемлекет басшысы тап басып айтып отыр - осы жылдарда қазақ тілін үйренгісі келген адам оны әлдеқашан біліп шығар еді. Сыпайы айтылса да, ұлт намысын қамшылайтын жоталы, шындығы шымыр, ірі сөз. Және ең алдымен басқа ұлтқа емес, өзімізге қарата айтылып отырған алаңдаушылығы көп сөз. Тұтас бір буынның алмасу уақытын, үш онжылдықты бастан кешіріп отырған ел ұлттық бірегей болмысының басты нышанын толықтай игере алмай отырғаны - ащы да болса шындық.
Өз тілін біліп, меңгеруге ынтасы жоқтардың қатары әсіресе жастардың арасында, барлық деңгейдегі билік құрылымдарының арасында жыл өткен сайын көбеймесе, азаймай отыр. Ұлттық құрамының үлесі жағынан 73 пайызға жетіп отырған халқымыздың ана тілінде толыққанды сөйлеп, жаза алмай отырғаны, елді өз тілінде басқара алмай отырған ахуалы кім-кімді де ойландырмай қоймайды. Шын мәнісіне келгенде қазақ тілі елімізде көп ұлтты халқымызды ынтымақты өмір сүруге жұмылдырудың айнымас құралына айналдыруы тиіс деген тұжырымның қисындылығына саналы жанның ешқайсы да шек келтірмесі анық. Әйтседе, бұл тұжырым сөз жүзінде ғана қалмауы тиіс. Осы бір тұста Президенттің «Қазақ тілін, шын мәнінде, бүкіл халқымызды біріктіруші факторға айналдырудың барлық құқықтық тәсілдері және кепілдіктері қалыптасты. Мәселе – ниетте. Ниеттің дұрыс болуы қазақ тілін меңгергісі келетін адамдарға да, осы мақсатқа жетуге жағдай жасайтын Үкіметке де байланысты» деген тіл мәселесін шешудің бірден-бір жолы ниеттің дұрыс болуы деген түйінді тұжырымына осы орайда ерекше ден қою маңызды.
Тілді қоғамды екіге жаратын кереғар саясатқа айналдырмау қажет. Халыққа қызмет көрсету саласындағы мамандар мен тұтынушылардың арасындағы жанжалдардың болып жатуының бір ұшығы әрдек-әрдек ұлт араздығын қоздыруға әкеліп жатады. Мұның басты себебі, толықтай өз тілінде сөйлей алмай отырған биліктің жалтақтығы, әрі-беріден соң ынтасыздығы десек, артық айтқанымыз емес. Мұның айқын көрінісі, қоғамдық саланың қай саласы болмасын, екі тілдің қазақша мен орысшаның қосарлана айтылып, жазылуы. Конституцияда ұлтаралық тіл - орыс тілі деген уәжбен отыз жылдан бері осы үрдістен айнымай келеміз. Адами қисынға жүгінсек, өз тілінде сөйлейтін елде мемлекеттік тіл ұлтаралық тіл болуы тиіс емес пе?! Республкамызды туған отаны санайтын өзге ұлтты қазақстандықтардың ешқайсы да мұны теріске шығара алмайтынын өмірдің өзі көрсетіп отыр. Ал біздің орыс тілді қазақтарымыз орысша сөйлеп, орысша ойламасақ, ынтымағымызға, бірлігімізге қатер төнеді деген біржақты ойдан арылмай келеді.
Елдің өмір сүру құқығын растайтын заңымыздың түпнұсқалық нұсқасы екібастан орысша жазылады, термин атаулысын негізінен орысшадан аударып қолданамыз. Қазақ министрге немесе қазақ әкімге ішкі қызметтік қағаздарын орысша жазып, қазақшаға аудартып жіберетіндер де негізінен қазақтардың өздері. Іс қағаздарын қазақша жазуға толықтай көштік деп жалған мәліметпен өзімізді өзіміз алдайтындар да ортамыздағы басқа ұлттың өкілі емес, біздер. Орысша ғана сөйлейтін «қазақты» қазақшаға аударатын ілеспе аударманы да жете меңгеріп алдық. Осылайша аудармашы ұстап тіліміздің жыртығын жамаудан арылатын кезге әлі митыңдап жете алмай келеміз. Ал еларалық дипломатиялық қызметте де өзіміздің тіліміз шетқақпайлатудан танбай келеміз, ел мүддесін теріскей көршіміздің тілінде жатық сөйлеп білдіреміз. Толғағы жеткен мәселенің қайсыбірін айтып тауыса аламыз?!.
Осыдан соң өзге елдің көсемсымақ қайраткерлері, жазушысымақтары өз халқы өз тілін өзі өгейсіген елдің тарихын бұрмалап, тарихи аумағының тұтастығына аузына келгенін айтып шек келтіріп жатса, қалайша күйінбессің!?
Алайда Қасым-Жомарт Кемелұлы өзінің тұжырымдамалық мақаласында айтқандай, «бабалардан мұра болған қасиетті жеріміз – ең басты байлығымыз. Қазаққа осынау ұлан-ғайыр аумақты сырттан ешкім сыйға тартпағанын» бүгінгі ұрпақ та, келешек жас буын да ой-санасында берік ұстағаны абзал. Осы орайда тіл – ұлт болмысының коды, идеологиясының алтын өзегі екенін мойындай отырып, өміршең тіліміздің тұрлаулы тұғыры арқылы жаҺандану заманында ерен де мәңгілік ел екенімізді таныта білуіміз баршамыздың бұлжымас ұстанымына айналуы тиіс. Бұл тұрғыдан Мемлекет басшысының «Біздің мақсатымыз – келер ұрпаққа Қазақстанды тұғыры мығым, экономикасы қуатты, рухы асқақ мемлекет ретінде табыстау және елдік істерді шашау шығармай лайықты жалғастыратын жасампаз ұрпақ тәрбиелеу» деген ақиқатына ден қоя отырып, мұндай рухани маңызы зор баянды бағдарды үғына білсек, ұтылмайтынымыз анық. Ділін де, тілін де қастерлей алатын әрқайсымыздың борышымыз да осы екенін жадымызда ұстайық.
Тілдің ұлттық нәрі – көркем әдебиет. Адам жан өзегіне өз ана тілінің уызы, тұнық бастауы - туған әдебиетінен рухани нәр дарыта білсе ғана тілінің өміршең қуаты мен құдіретін болмысында сақтап, қасиеттей алады. Осыған орай қазақ балалар әдебиетіне мақалада айрықша маңыз берілген. Президент айтқандай, тіл игеру үшін балалар әдебиетінің атқаратын рөлі зор. ...Қазақ қаламгерлерінің үздік шығармаларына қоса, балаларға арналған шетел жазушыларының да таңдаулы туындыларын аударып, көптеп басып шығаруды және таратуды қолға алған жөн. Оған сұраныс жоғары.
Республиканың Ұлттық академиялық кітапханасы әлеуметтік желіде биылғы 2021 жылды Балалар әдебиетінің жылы деп жариялауды ұсынды, естуімізше, Мәдениет министрлігі де мұны мақұлдаған тәрізді. Сондай-ақ дәстүрлі «Бір ел – бір кітап» акциясы анықтаған «Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған - 30 кітаптың» да дені қазақ ақын-жазушыларының кітаптары. Кітап оқуға деген ынтаның азайған заманында мұндай насихаттық шара, әрине, өте құптарлық іс. Бірақ адамды рухани тәрбиелеудің құралы әдеби кітапты көп таралыммен шығару, жүйелі түрде көптеп тарату мәселесі өкінішке орай әлі күнге шейін елімізде оңтайлы шешемін таппағаны жасырын емес. Тендер арқылы әлеуметтік сұранысқа ие бюджет бағдарламасымен шығарылатын кітаптардың саны әрі кеткенде бес-ақ мыңнан аспайды. Ұлттың ең көп шоғырланған мекені ауылдық жерлерде кітап дүкендері жоқ, кітапханаларының қоры да бұрынғыдай емес. Ал жаҺанданудың ауылға жеткен электронды вайфай байланысы арқылы ауыл баласы қолына түспейтін кітаптың орнына планшет пен арзан смартфондарына ғана үңіледі...
Ал бажайлап қарасақ, өткен жиырмасыншы ғасырдың қазақ ауылына тигізген ізгі әсері – балалар кітап оқып өсті. Тілі қазақша шыққан бала қазақ фольклорының жыл сайын көптеп шығарылатын небір үлгілерін: ертегі, эпостық жырлар, шешендік сөздерін, мақал-мәтелдерін, ұлт әдебиеті классиктерінің шығармаларын оқып, ана тілінің нәрін ой-санасына армансыз дарыта білді. Шетел классикасының да алтын қоры Жюль Верн, Даниэль Дефо, Ханс Кристиан Андерсен, Шарль Перро, Марк Твен, тағы да тағы басқаларының бүкіл дүниежүзі халқына кеңінен танымал шығармалары қазақшаланып, әр баланың жүрегіне жол тапты. Ана тіліндегі әдеби көркем шығармалар сол кездері әр үйдің кітап сөресінен табылатын. Ал қазіргі күні, өкінішке орай, ауылда да, қалада да кітап оқымайтын ұрпақ қаулап өсіп келеді. Бұған кінәлі кітап шығару ісінің нарық жағдайына бағынып, бизнеске айналғаны да дер едік. Кітаптың ең басты нарығы адамның рухани әлеміне беретін өлшеусіз көркем құндылығында. Тілдің қазыналы дүниесі арқылы ұлттық сананы қалыптастыра білуінде. Бүгінгі таңда осы құнды тетіктен айырылып бара жатқандаймыз, осының салдарынан өз тілін білмейтін немесе шала білетін буынның қатары көбейіп келеді. Электрондық теле ақпарат құралдарының да шұбарланған сөздері де жастардың тілді игеруіне, ұлттық ой-санасының өсуіне кері әсерін тигізуде. Ал балаларға арналған қазақша танымдық әрі тартымды анимациялық дүниелер саусақпен санарлықтай, шетелдік мультфильмдердің кедір-бұдыр аударма нұсқалары тілді күйретпесе, балаға дұрыс сөйлеуді үйретпейді. Баспасөзде, әлеуметтік желіде сынға ұшыраған, ел-жұрттың наразылық туғызған «QosLike» («ҚосЛайк» - «Қосылайық») Еуразия арнасындағы хабар шын мәнісінде жастарды ұлтсыздандыруға қызмет жасауда десем, артық айтқаным болмас. Көпшілік көрерменге ыңғайлы уақыттың аралығында телеэфирді орысшасы аралас, бес сөзінің екеуі ғана сақау қазақша болып келетін алашұбар диалогтармен бүлдіріп жатқан кейбір шалақазақ қыз-жігіттердің өнегесі қай жағынан келгенде де ұлттық отбасылық тәрбиеге игі әсерін тигізбесі анық. Ұлттық тәрбиенің нышыны жұрдай болған тұста ана тілінің де халі мүшкілдене бермек. Өткен мыңжылдықтың 80-жылдарында қазақтың көрнекті жазушысы Ғабиден Мұстафин айтқандай, расында бұрын ұлтшылдықпен күрессек, енді өзарамызда ұлтсыздықпен күресеміз бе деп амалсыздан ойға қаласың.
Білім мен ғылым саласында да тіл мәселесіне қатысты орын алып келе жатқан түйіткілдер баршылық. Әсіресе талай мыңжылдықтарды қамтитын тарихымызды ұлыорыстық шовинистік әрі империялық көзқарастардан арылту бағытындағы шынайы да жаңа, тың зерттеулерге батыл бару және оны дұрыс оқытып, үйрету арқылы ұлттық ой-сананы жаңарту - кешіктіруге болмайтын бүгінгі таңдағы өзекті мәселе. Мемлекеттілігімізді ұлттық тұрғыдан нығайта түсудің басты негізі тіліміздің басыбайлы егемендігі десек, ал тағы бір негізі тарихымызды түгендеу, өзімізді өзіміз тану, өзгеге бұлжымастай етіп мойындату.
Тіліміздің тұғырлы, ұлттық бейнесінің кіршіксіз болуына басқа емес, ар алдында, болашақ ұрпақ алдында өзіміз ғана жауаптымыз. Тәуелсіздігімізді жалаң сөзбен емес, нақты өнегелі іспен ардақтайтын ынтымақшыл ұлтжандылық сананы діліміз бен тілімізге сіңіре білейікші. Тіліміздің тұғыры биік болғай!..
Мәди АЙЫМБЕТОВ, жазушы, Халықаралық Алаш әдеби сыйлығының иегері
Басып шығару