Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің тапсырысы бойынша Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы ағымдағы жылғы 10 ақпан күнгі сағат 15:00-де Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласындағы тіл мәселесіне қатысты идеяларына орай «Мемлекеттік тіл – халықты ұйыстыру құралы» тақырыбы бойынша алқалы онлайн отырыс өткізеді.
Отырыстың мақсаты – Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Ұлттық комиссия мақұлдаған жетілдірілген латын графикасындағы қазақ әліпбиі мен емле ережелерін қоғамда кеңінен насихаттау және жаһандану кезеңіндегі қазақ тілін дамыту мәселелерін талқылау.
Онлайн бас қосуға Қазақстан Республикасы Парламенті қос Палатасының депутаттары, Ұлттық комиссия жанындағы Орфографикалық жұмыс тобының мүшелері, орталық және жергілікті атқарушы мемлекеттік органдарының тіл басқармаларының басшылары, тіл оқыту өңірлік орталықтарының директорлары, ұлттық компаниялардың тіл бөлімдері басшылары мен мамандары, әлеуметтік лингвистика саласы ғалымдары және т.б. тіл мамандары мен жанашырлары қатысады.
Отырыстың күн тәртібі екі үлкен тақырыпты қамтиды.
Біріншісі «Латын әліпбиіне көшу: ұлттық бірегейлік және тілдік реформа» деп аталады. Тіл саясаты комитетінің төрағасы Әділбек Қаба «Қазақ әліпбиін латын графикасына кезең-кезеңімен көшіру мәселелері» баяндама жасайды. Бұдан кейін А.Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институтының директоры, белгілі ғалым Анар Фазылжан «Жетілдірілген әліпби жобасы мен емле ережелері ерекшеліктері жөнінде» айтып береді. ҚР Парламенті Сенатының депутаты Мұрат Бахтиярұлы «Латын графикасындағы қазақ әліпбиіне көшу – тілдік реформаның бастауы» туралы кеңінен сөз қозғайды.
Шара барысында көтерілетін келесі өзекті әңгіме: «Мемлекеттік тіл: мәселелер және мүмкіндіктер». «Жаһандану кезеңінде мемлекеттік тілді дамытудың өзекті мәселелері» хақында Тіл саясаты комитетінің төрағасы Әділбек Қаба талдау жасайды. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Берік Әбдіғалиұлы «Мемлекеттік тілді көрнекі ақпараттарда қолданудың заңнамалық мәселелері» туралы ой тербесе, «Алматы» телеарнасының бас директоры Нұржан Мұхамеджанова «Көрнекі ақпараттардағы мемлекеттік тілді қолдану проблемаларын анықтау, тіл қолданысын жүйелеуге әсері» жайлы әңгіме өрістетеді. «Тіл-Қазына» орталығы директорының орынбасары Айдос Абдыхалық «Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту мәселелері. Азаматтардың қазақ тілін меңгеру талаптарын жүйелеу мәселесін» талқыға ұсынады.
Көпшілік назарына ұсынылатын көкейтесті екі мәселе бойынша келелі сөз айтылып, кемел пікір алмасып, тиісті ой түйінделеді деп күтілуде.
Соңынан әдеттегідей арнайы қарар қабылданады.
Байланыс үшін: ұялы тел: 8-707-533-38-73.
Өтетін орны: Нұр-Сұлтан қаласы, Сауран 7/а, Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы» КеАҚ конференц-залы.
Басып шығару