Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Тіл саясаты комитеті мен Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы
2020 жылғы 4 қарашада
«Жарнама тіліндегі терминдер қолданысы» тақырыбында республикалық әдістемелік
онлайн семинар ұйымдастырды.
«Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы» демекші, ғылым мен білім дамыған сайын түрлі термин арқылы тілімізге шет тілінің сөздері дендеп енетіні белгілі. Бұл туралы Комитет төрағасы Әділбек Күнесханұлы былай деп атап көрсетті:
«Терминологияның ана тілімізді әлемдік ғылым мен білімнің жоғары интеграциялық деңгейіне сай жетілдіру бағытында атқарар жүгі ауыр. Бүгінгі таңда жеке адамның ақпарат алу көздерін қалыптастыратын құрал ретінде жарнаманың орны айрықша. Ана тілімізден балама сөздер табу жағына мән берсек. Мәселен, халқымызда «қолүздік» деген керемет дәстүр бар, мағынасына сай жымдастыра пайдаланса, ол неге осы мазмұндағы экономикалық терминге балама бола алмайды. Лайықтап қолданса, тілімізге әбден сіңісті болған «дегустацияны» «дәмін алшы», «дәмін көрдің бе» деген ұлтымыздың ұғымына жақын сөздер алмастыра алады деп ойлаймын. 2003 жылғы 19 желтоқсанда қабылданған «Жарнама туралы» Заңда «Жарнамаға қойылатын жалпы және арнайы талаптар» деген заңдық күші бар норма қарастырылған. Бұған сәйкес Қазақстан Республикасының аумағындағы жарнама қазақ және орыс тілдерінде, сондай-ақ жарнама берушінің қалауы бойынша басқа да тілдерде таратылады, жарнама мазмұнының аудармасы оның негiзгi мағынасын бұрмаламауға тиiс.
«Міне, осы нормалар жергілікті жерлерде қаншалықты орындалып жатыр, әсіресе, «Жарнаманың мемлекеттік тілдегі нұсқасына қаншалықты мән берілуде?» – деген мәселе назардан тыс қалмауы тиіс. Әлі күнге дейін баспана мәселесі бойынша «Крыша», көлік саудасымен «Колесо» секілді сайттарға жүгінетініміз жасырын емес. Көшедегі маңдайшалар мен бизнес, маркетингке қатысты жарнамаларды оқысаңыз, шеттілдік терминдерден көз сүрінеді. Әрине, ашық ақпараттық кеңістікте өмір сүріп отырғандықтан, таза пуризмдік бағыт ұстану қиын шығар. Бірақ,
шынайы тіл жанашыры ретінде қазақша аудармасын беріп, баламасын тауып жатсақ, кім қарсы, не кедергі?!» – деп ой түйді ол.
Бірден айту керек, семинар барысында әбден көз үйренген дәстүрлі дайын ұзақ-сонар баяндама болған жоқ, керісінше ойталқы түрінде өтіп, шараның түпкі мазмұны қызу пікірталас, сұрақ-жауап арқылы тереңірек ашыла түсті.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетініңдоценті, филология ғылымдарының кандидаты Кенжетай Күркебаев,
А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай мемлекеттік университеті Журналистика және коммуникациялық менеджмент кафедрасының аға оқытушысы Амангелді Шурентаев, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Балгенже Қарағұлова, «Тұран» университетінің аға оқытушысы (Алматы), менеджмент магистрі Жарылқап Жарылқасын күн тәртібіндегі мәселе туралы қызықты да жан-жақты талдау жасады.
Онлайн бас қосуға орталық және жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері, ұлттық компаниялар мен акционерлік қоғам өкілдері, еліміздің белгілі лингвист-ғалымдары, тіл жанашырлары, Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Республикалық терминология комиссиясының мүшелері қатысты.
Шара соңында қарар қабылданды, онда көтерілген мәселелер бойынша құзырлы мемлекеттік органдардың назарына жеткізу туралы нақты да ашып көрсетілген. «Тermincom.kz» сайтындағы электрондық алаңға кез келген өндіруші компания, бизнес өкілдері, жарнама жариялайтын БАҚ, жарнама агенттігі пайдалана алатын ортақ терминдерді орналастыру мүмкіндігі қарастырылатын болды. Жарнама тіліндегі
терминология саласына қатысты түркі тілдес елдердің тәжірибесін зерделеу, озық үлгілерін жұмыс бабында пайдалану ісі қолға алынады. Жарнама тіліндегі
жиі қолданылатын терминдерді жинақтап, облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалалары әкімдіктерінің жанынан құрылған терминологиялық секция отырыстарында қарастырып, Үкімет жанындағы Республикалық терминология комиссиясына бекіту үшін ұсыну жұмыстары өз жалғасын табады.
Семинар барысында сараптамадан оң пікірге ие болған терминдер Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы Республикалық терминологиялық комиссиясына мақұлдауға ұсынылатын болып шешілді.
Қатысушыларға біліктілік сертификаты табысталды.
Басып шығару