Биыл – Ұлы Жеңістің 75 жылдығы. Майданда мылтық дауысы толастап, көрер жарығы бар азаматтар еліне оралған қуаныш. Міне, осы қанды қырғында бәсіміз жоғары болып, бабалар намысы үстемдік танытып, фашистер тізе бүгіп, Рейхстаг төбесіне ту тігілген уақытты жыл сайын тойлап келеміз. Посткеңестік мемлекеттердің барлығы дерлік бұл мерекеге үлкен жауапкершілікпен, құрметпен қарайды. 75 жылдық мерейтой қарсаңында өтетін барлық мерекелік шаралар, әскери парадтар тоқтатылды. Себепкер – әлемді жайлаған індет.
Парад өтпей, шара ұйымдастырылмай жатса-дағы «Жеңіс» ұғымына деген құрмет, ерлікпен қаза тапқандар рухына тағзым толастамайды, өз мағынасын жоймайды. Ел шетіне жау тигенде қару алып қарсы тұрған соғыс ардагерлеріне құрмет жасала бермек.
Қазақ батырлары кеңестік армия қатарында аз ерлік көрсеткен жоқ. Бұл туралы шетелдік әдебиеттерде де көп мағлұмат бар. Намысты, рухы өр азаматтардың батырлығы бүгінгі өскелең ұрпаққа үлгі.
Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай біз көпшілік назарына орден-медальдардың, төсбелгілердің, түрлі марапаттардың мағынасын, салмағын, атағын таныстыруды, мағлұмат беруді жөн санадық. Осы тақырыптағы мақалалар «Жеңіс-75» желісі бойынша сайтымызда жарияланып отырады.
«КЕҢЕС ОДАҒЫНЫҢ БАТЫРЫ»
1934 жылы 16-сәуір күні КСРО Орталық атқару комитетінің шешімімен жоғары әскери награда ретінде «Кеңес Одағының Батыры» атағы жарияланды. Бұл атақ командалық немесе жеке ерлік көрсеткен жауынгерлерге мемлекет құрметі ретінде беріліп отырды.
1939 жылы КСРО Жоғары Кеңес Президиумының шешімімен «Кеңес Одағының Батыры» атағын алған азаматтарға бес жұлдыз пішініндегі «Алтын Жұлдыз» медалін табыстау ұйғарылды.
Кеңес Одағының Батыры – мемлекет және халық алдындағы перзенттік борышын адал атқарған, ерлігімен ерекшеленген әскери азаматтарға берілетін жоғары атақ. Бұл атақты беру мәселесі КСРО Жоғары Кеңес Президиумының шешімімен жүзеге асырылады.
«Кеңес Одағының Батыры» атағын алған азаматтарға төмендегідей марапата көрсетілген:
- Кеңес Одағының жоғарғы марапаты – «Ленин» ордені;
- Ерекше төсбелгі – «Алтын Жұлдыз» медалі;
- КСРО Жоғары Кеңес Президиумының алғыс хаты.
«Кеңес Одағының Батыры» атағы мен «Алтын Жұлдыз» медалін бірнеше мәрте ерлік жасаған азаматтар бірнеше рет ала алады. Шектеу жоқ. Сондай-ақ, бұл марапаттың иесі мемлекеттік заңнамада бекітілген түрлі жеңілдіктерге ие болған.
«Кеңес Одағының Батыры» атағын Ленонид Брежнев пен Георгий Жуков төрт мәрте иеленген. Әр марапатталған сайын Батырға «Алтын Жұлдыз» медалі қосыла беріліп отырады. Төсбелгі кеуденің сол жағында, басқа орден-медальдардан жоғары тағылады. «Алтын Жұлдыз» медалінің сұлбасын жасаған суретші – Дубасов И.
Медаль 950 белгісіндегі алтыннан құйылған. Нақтырақ айтсақ, медальдің құрамында 21 грамм алтын, 13 грамм күміс бар. Медальдің ортасында «Герой СССР» деген жазу бейнеленген.
Ұлы Отан соғысына Қазақстаннан миллионнан астам адам аттанса, 499 жауынгер «Кеңес Одағының Батыры» атағын алған. Олардың ішінде қос қарашығымыздай болған Әлия мен Мәншүк те бар. Ұшқыш Хиуаз Доспанова «Халық Қаһарманы» атағын иемденген.
Төлеген Тоқтаров, Нұркен Әбдіров, Сағаадат Нұрмағамбетов, Талғат Бигелдинов, Мәлік Ғабдуллин сынды біртуар азаматтардың ерлігі ел есінде. Қазақстаннан шыққан жауынгерлер ішінен төрт адам осы атақты екі мәрте алған. Олар: Талғат Бигелдинов, Л.И. Беда, И.Ф. Павлов және ұшқыш-жойғыш С.Д. Луганский.
Мәскеу түбіндегі шайқаста ерен ерлік көрсетіп, өзінің ерекше әскери әдіс-тәсілдері арқылы бірнеше мәрте қоршауды бұзып шыққан Бауыржан Момышұлы соғыс уақытында бұл атақты иеленбеді. Батыр атамыз өмірден өткеніне сегіз жыл толғанда ған, 1990 жылдың 11-желтоқсанында Бауыржан Момышұлына «Кеңес Одағының Батыры» атағы берілді.
Дәл осындай ірі атақты қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер – Тоқтар Әубәкіров те иеленген.
Фашистік Германияны жеңуге қазақ халқының қосқан үлесі аз емес. 600 мыңнан астам азамат майдан даласында көз жұмған. Қанша адам жараланып, мүгедекке айналды. Ғалымдардың айтуынша, халықтың 25 пайызы соғысқа аттаныпты. Қалғанының да көрген күні ауыр болды. Тылдағы, алқаптағы жұмыс әйел, бала-шағаның қолына қарады.
Батырлар рухына тағзым! Ер есімі – ел есінде!
Басып шығару