Шығыс Қазақстан облысында заңсыз жұмыс істеген 5 шетелдік ел аумағынан шығарылды. ШҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, көші-қон қызметінің мамандары ел аумағына келген шетелдік азаматтардың мекен-жайларын, оларды қабылдаушы адамдардың тиісті органдарға хабарлауын тұрақты түрде тексеріп отырады.
«Соның нәтижесінде, уәкілетті органның рұқсатынсыз өңірде жұмыс істеген Өзбекстан Республикасының 5 азаматы анықталды. Олар сот шешімімен Қазақстан аумағынан шығарылған. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес енді аталған шетелдіктерге елге кіруге 5 жыл бойына тыйым салынды», - деді облыстық ПД Көші-қон қызметі басқармасының бастығы Максим Пупков.
Осы ретте, көші-қон қызметі аймақ жұртшылығына уәкілетті органның рұқсатынсыз Қазақстан Республикасына уақытша келген шетелдік азаматтарды жұмысқа алуға тыйым салынғанын ескертеді.
Басып шығару