Италия – Англия құрамаларының арасында өткен Еуро-2020 турнирінің финалдық кездесуін 60 мың адам стадионнан тамашалады. Жанкүйерлер маска режимін сақтаған жоқ.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Еуро-2020 финалының жанкүйерлер қатысуымен өтуі әлемдегі коронавирус инфекциясының таралуы сипатында ауыр салдары болуы ықтимал екенін мәлімдеді.
ДДСҰ сарапшысы Мария Ван Керкхове спорттық іс-шараның мұндай форматта өтуі коронавирустың дельта-штаммының таралуына әкеліп соғуы мүмкін екенін айтады.
«Мен көз алдымда вирус тарап жатқанын көріп тұрып қалай қуана аламын? Дельта-штамм екпе алмаған және маска тақпағандарға тез жұғады. Адамдар стадионда айқайлады, ән айтты. Соңы қауіпті болғалы тұр», - деді ол.
Англияда соңғы бірнеше аптада инфекция жұқтырғандар қатары артқан. ДДСҰ бұған жаңа вирустардың пайда болуы мен шектеулерді алып тастау себеп болғанын алға тартады.
Финалдық матч өткен «Уэмбли» стадионында жанкүйерлер экспресс-тест тапсырған. Стадион 80 пайызға толды. Ал Еуропарламенттің қоғамдық денсаулық сақтау жөніндегі комитеті жанкүйерлерлерге рұқсат беру туралы шешімді «апат рецепті» деп атаған.
Басып шығару