Қырғыз-тәжік шекарасындағы қақтығыс кезінде қаза тапқан қырғызстандықтардың саны 13-ке жетті. Қырғызстан Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, зардап шеккендер саны – 134 адам.
«Арнайы бортпен зардап шеккен 25 адам Баткеннен Бішкекке жеткізіліп, Бішкек Травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу орталығына, Ұлттық госпитальға және Ұлттық хирургиялық орталыққа жатқызылды. Зардап шеккен екі адамның жағдайы ауыр», - деп хабарлады ведомстводан.
Көз жұмған Қырғызстан азаматтарының арасында 2008 жылы туған қыз бар екені белгілі болды. БАҚ-тың соңғы мәліметтеріне сәйкес, қақтығыстың салдарынан Тәжікстанның үш азаматы қаза тауып, 31 адам зардап шеккен.
Қырғызстан президенті Садыр Жапаров қаза болғандардың отбасыларына, туған-туыстарына көңіл айтты. Жағдай өзінің бақылауында екенін айтып, мемлекет тарапынан зардап шеккендердің барлығына қолдау көрсетілетінін жеткізді.