2021 жылы Қазақстанда балалы отбасыларды әлеуметтік қолдауға арналған қаржыландыру көлемі өткен жылмен салыстырғанда 120 млрд теңгеден астам сомаға өсті. Бұл туралы ведомство басшысы Серік Шәпкенов Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің 2020 жылғы қызметінің қорытындысы және 2021 жылға арналған міндеттері бойынша кеңейтілген алқа отырысында хабарлады.
Министр өз сөзінде Қазақстанда балалы отбасыларды әлеуметтік қолдауға ерекше назар аударылатынын баса айтты. «Елімізде жыл сайын 400 мыңнан астам бала дүниеге келеді. Ана мен баланы қолдау үшін республикалық бюджеттен және Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан бірқатар әлеуметтік төлем көзделген. 2020 жылы шамамен 1,9 миллион адам балалы отбасыларды қолдауға бағытталған сомасы 635,3 млрд теңгеге 8 түрлі жәрдемақы мен төлем алды, бұл 2019 жылғы төлемдер сомасынан 71% жоғары (372 млрд теңге). 2021 жылға осы мақсатқа 755,4 млрд теңге, оның ішінде бюджеттен 501,7 млрд теңге және МӘСҚ-тан 253,7 млрд теңге көзделген», – деді Серік Шәпкенов.
Сонымен қатар министр елдің барлық өңірінде жұмыспен қамту, оқыту және басқа да мәселелер бойынша көмек көрсету үшін отбасын қолдауға арналған 31 орталық ашылғанын жеткізді. Естеріңізге сала кетейік, республикалық бюджеттен мынадай жәрдемақылар төленеді: бала туғанда берілетін бірреттік жәрдемақы; бала 1 жасқа толғанға дейін оның күтімі бойынша ай сайынғы жәрдемақы; «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көп балалы аналарға ай сайынғы жәрдемақы; көп балалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақы; мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған адамдарға ай сайынғы жәрдемақы; 18 жастан асқан бірінші топтағы мүгедектігі бар адамға күтім көрсету бойынша ай сайынғы жәрдемақы. Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушы болып табылатын жұмыс істейтін әйелдер үшін МӘСҚ-тан жүктілік және босану үшін біржолғы және бала 1 жасқа толғанға дейін оның күтімі бойынша ай сайынғы төлем төленеді. Бұдан басқа, жұмыс істейтін әйелдерге 1 жасқа дейінгі бала күтімі бойынша демалыс кезеңінде міндетті зейнетақы жарнасы субсидияланады.
Дереккөз: ҚР ЕХӘҚМ баспасөз қызметі
Басып шығару