Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой 2021 жылы елдегі эпидемиологиялық жағдайға болжам айтты.
"Денсаулық сақтау министрлігінің болжам жасау тобы қазіргі шектеу шараларын, оның ішінде маска тағу, қашықтық сақтау және алдағы вакцинациялауды ескере отырып, 2021 жылдың соңына дейін эпидемиологиялық жағдайға болжам жасады. Жаппай жұқтырудың көп болатын уақыты осы жылдың наурыз айының соңында тіркелуі мүмкін. Оптимистік сценарий бойынша тәулігіне 3 мыңға дейін адам КВИ жұқтыруы мүмкін. Ауруханаларда 24 мыңға дейін төсек орын толуы ықтимал. Дегенмен мұндай сценарийде карантинді қатаңдату жоспарланып отырған жоқ", - деді Цой Үкімет отырысында.
Министр пессимистік сценарий бойынша тәулігіне 6-9 мың қазақстандық коронавирус жұқтыруы мүмкін екенін атап өтті.
"Реалистік және пессимистік сценарий бойынша тәулігіне 6-9 мыңға дейін КВИ жағдайы тіркелуі мүмкін. Ал 45 мыңға дейін төсек орын бос болмауы ықтимал. Яғни коронавирус жұқтырғандарға әзірленген 52 мың төсек орын көрсеткішінен асып тұрған жоқ. Бірақ денсаулық сақтау жүйесінің жүктемесін ауырлатпау және сапалы медициналық қызмет көрсету үшін карантин шараларын қатаңдатуға әкеп соғады", - деді ведомство басшысы.
Басып шығару