Mazir
24 авг 10:43korilim:3 845 Adebiet

ОРАЛХАН ТУРАЛЫ ЕСТЕЛІКТЕР

ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, қазақ әдебиетінің классигі жазушы Орал­хан Бөкей туралы әр кезеңде жазылған естеліктердің басын біріктіріп осы кітапқа енгіздім. Оның алғашқысы Оралхан қайтыс болған кезде, екіншісі 60 жылдық мерейтойы қар­саңында, ал үшіншісі оның 70 жылдығы алдында жазылған. 

nazyrbaev-qaiyrdy.kalamger.kz




1. Орны бөлек еді ғой Орекеңнің 
Оралханның жасы менен төрт жас үлкен болса да жақын жолдас, дос, іні-бауыр секілді боп кетіп едік. 1963 жылы Еңбек сегізжылдық мектебін бітіріп, Шыңғыстай орта мек­тебінің тоғызыншы сыныбына келгенімізде әдебиетке жаны құмар, өжет қарындасы Мәншүкпен бірге оқыдым да, сол кезде ауылда жұмыс істеп жүрген Оралханмен қоян-қолтық араласып кеттім. Сабақтан тыс кезде, демалыс күндері Орал­ханның үйлеріне жиі барып, әңгімелесіп тұратынмын. Сол байланысымыз Орекеңнің өмірінің ақырына дейін үзілген жоқ. 
Сол кездің өзінде-ақ аудандық «Еңбек туы», облыстық «Коммунизм туы», республикалық «Лениншіл жас» газеттерінде күн аралата сала құлаш боп шығып жататын әң­гімелері мен очерктерін біз іздеп жүріп, қолдан-қолға беріп оқушы едік. 
Сонан кейін ол көп ұзамай-ақ аудандық «Еңбек туы»– «Знамя труда» газеті редакторының орынбасары болып орналасты да, аудан орталығы – Үлкен Нарынға кет­ті. Мен Шыңғыстай мектебінде комсомол ұйымының хатшысы болдым да, аудан орталығында өтетін комсомол­дың әралуан шараларына жиі барып тұратынмын. Сондай кезде міндетті түрде аудандық газеттің редакциясына барып, Оралханмен жолығып, онымен бірге түн бойы газетке кезек­шілік етіп, үйге түн ортасы ауа қайтатынбыз. Ол кезде газет­ке өзімнің де өлеңдерім жарияланып жүрген кез болатын. Оныншы сыныпта оқып жүргенде 1965 жылы Оралханмен бірге барып Өскеменде өткен Шығыс Қазақстан облысы жас ақын-жазушыларының облыстық слетіне қатысқаным бар. Біздің ауданнан бізбен бірге ақын Төлеген Рақымжанұлы, мен секілді мектеп оқушысы көктеректік Заутдин Шәмшиев барған еді. Слетті Қазақстан Жазушылар одағының облыса­ралық бөлімшесінің хатшысы, жазушы Медеу Сәрсекеев өт­кізген болатын. 
1968 жылдың жазы. Оқудан тағы жолым болмай, Орал­ханның Қарғалы өзені бойындағы бір бөлмелік пәтеріне келсем, өзіміздің облыстық «Коммунизм туы» газетінің сол кездегі Алматыда сырттай оқып жүрген қызметкері Тоқтар­хан Шәріпжанов отыр екен. Сол жолы Орекең әлгі жігіт­терге мені қатты тапсырып, газеттің сол кездегі редакторы Мұқан Әбуғалиевке сәлем жолдады. «Сен ауылға қайтқанды қой, газетке орналас. Әйтпесе әдебиеттен мүлде шеттеп қа­ласың» деп өзіме ақылын айтты. Сол жолы Мұқан Орекең­нің сөзін жерге тастамай, арнайы журналистік білімім бол­маса да, мені қолма-қол ауылшаруашылық бөліміне әдеби қызметкер етіп алды. Жақсыдан шарапат деген осы ғой. 
Содан кейінгі жылдары қызмет істей жүріп, сырттай оқып білім алуға тура келді. Алматыға барған сайын ат басын тірейтін үйім Оралхандікі еді. Мен келгенде жандары жән­нәтта болғыр жарықтық Оралхан мен Айман жеңгеміз еке­уі мәз-майрам боп қарсы алып, ел жақтың жаңалықтарын сұрап бір жасап қалушы еді. Орекең жұмысына ертіп апарып, ақын-жазушылармен, жолдастарымен таныстырып, жерлестерімізге апарып, жанынан тастамай ақылын айтып,  «елден келген інім» деп ертіп жүретін. Сондайда Орекең­нің өз замандастары мен әдеби ортада қаншалықты беделі зор, мәртебесі биік екенін көзбен көріп төбем көкке екі елі жетпей қалушы еді. 
1974 жылдың күзі. Бірде М. Әуезов атындағы дра­ма театрында Оралханның «Құлыным менің» атты спектаклінің премьерасы болды. Бардық. Спектакль өте табысты өтті. Жолдастары, небір атақты жазушы-драматургтер Оре­кеңді құттықтап жатыр. Сол күні осы қуаныш әсерімен Оре­кеңнің бір топ жолдастары үйге жиналды. Ішінде Асанәлі Әшімов, Рымғали Нұрғалиев, Асқар Сүлейменов, спекта­кльдің бас режиссері Қадыр Жетпісбаев және басқалар бар. Сол күні қаншама қызықты әңгіме, әзіл-қалжың, өнегелі сөздер айтылды десеңізші!.. Осындай отырыстар, қызықты кездесулер онан кейін де көп болды. Соның бәрін де мен бүгінде шынайы сағынышпен елжірей еске аламын. Оре­кеңнің төңірегінде, әсіресе жас жазушылар, талантты жас журналистер көп жүретін. Олардың бәрін құшақ жая қарсы алып, қолынан келген көмегін аямайтын. 
Оралхан Ленин проспектісіндегі үйде тұрғанда сыншы Сағат Әшімбаевпен көрші болды, қатты араласып тұрды. Екеуінің әдебиет, өнер туралы әңгімелерін естіп отырудың өзі бір ғанибет еді ғой. Бүгінде қазақтың болайын деп тұрған осы екі азаматының екеуінің де өмірден едел-жедел ерте ке­тіп қалғанын ойлағанда мұңаясың. 
Оралхан кейбіреулер сияқты дабыра қылып, қоңыраулатпай, елге елеусіз ғана келе қалатын. Келген сайын ау­дандық газеттің редакциясына кіріп шығып, журналистерге сәлемдесіп, «ұшқан ұям ғой» деп отырар еді. Келген сайын міндетті түрде Алтайды аралап, Тарбағатай, Шабанбай жай­лауына барып, шопандармен, жылқышылармен жолығуды аңсап тұратын. Сол кезде болашақ шығармаларына қазық болар материалдар жинап, көргендерін ойға түйіп жүреді екен ғой. 8 
Оралхан Катонқарағайына, Шыңғыстайына келген сайын қарсы алып, шығарып салып, көбінесе жанында болуға тырысушы едім. Ондайда сан алуан әңгіменің де куәсі бол­дым. Орекеңнің жерлес ретінде елге, жерге деген ризалығы да, реніші де, өкпе-назы да болмай қалған жоқ. Оның бәрін өзімен ала кетті. 
Менің үйдегі шағын кітапханамда Оралханның барлық дерлік кітаптары бар. Соның бәрінде де Орекеңнің өз қо­лымен жазып берген қолтаңбасы сайрап тұр. Бірде «Поезда идут мимо» деген орыс тілінде шыққан романында «Қайыр­ды! Бала-шағаңның қызығын көріп, ел-жұрттың абыройына бөлене беруіңе тілектес – Оралхан» десе, «Біздің жақта қыс ұзақ» деген кітабында мынадай жазу қалдырыпты: «Қайыр­ды, өзіңді бала кезден жақсы көруші едім: талабы таудай, ақ көңіл, таза да тәкаппар азамат ретінде. Осы елдегі туған інімдей бас-көз, өзіме ес болып жүргенің мен үшін қуаныш. Оралхан. 30 тамыз 1987 жыл. Шыңғыстай». 
Қайтейік. Тірлікте аралас-құралас болып жүрген құрдас та, жолдас та, замандас та аз емес қой. Бірақ Оралханның орны бөлек еді. 
2. Оралханды сағыну 
Зырылдаған уақыт-ай десеңші! Алтай жаққа Оралхан­ның бара алмағанына, Үнді сапарынан оралмағанына он жыл болып қалыпты-ау... Ол маған сол жақта мәңгілік ісса­парда жүргендей сезіледі. Өйткені оның өзі өлгенмен, рухы тірі, желеп-жебеп, бізбен бірге жүргендей сезіледі. Орекең шығармаларының бірқатарын орысшаға аударған мәскеулік жазушы Анатолий Ким де өткен жылы Астанада болғанда маған осындай ой айтып еді. 
Алпысыншы жылдардың соңы мен жетпісінші жылдар­дың басында Оралханға еліктеушілер көп болды. Қазіргі көрнекті жазушылардың бірі Смағұл Елубаев ҚазМУ-ды бітірген соң «Оралханның жеріне әдейі келдім» деп аудан­дық газетте біраз қызмет істеп қайтқан. Оралханның сөзін естімек түгіл, көзін көрмеген журналист Кенжебек Тұман­байұлы тоқсаныншы жылдардың ортасында Шыңғыстайға келіп бірнеше күн жатты, Оралханның көзі тірі кейіпкерлерімен кездесіп, тәнті болып қайтты. Ол былтыр тағы барыпты. Сол сапардан соң, «Менің Оралханым», «Тағы да Оралханға оралу» атты эсселерін жазды. 
Оралхан қайтыс болғаннан бері он жыл ішінде жеке­леген диплом жұмыстары мен кандидаттық диссертацияларды былай қойғанда, мерзімдік, орталық баспасөз бет­терінде қаншама материалдар жазылды, өлең-жырлар ар­налды. Оралхан Бөкейдің есімі әдеби ортада, зиялы қауым арасында, шетелдерде үлкен суреткер жазушы ретінде кеңі­нен танымал. Оның кітаптары қазірдің өзінде он төрт тілге аударылыпты. 
Қазақ әдебиетіндегі айтулы тұлғалардың бірі, Қазақстан Республикасының және Қазақстан комсомолы сый­лықтарына ие болып, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редак­торы, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы дәрежесіне дейін көтерілген Оралханның есімі миллиондаған оқырмандарының жүрегінде. 
Қызметтес болған Шерхан Мұртаза секілді ұстазы, Қасым Қайсенов, Қалихан Ысқақов, Ғаббас Қабышев се­кілді ағалары, Ақселеу Сейдімбеков, Рымғали Нұрғалиев, Кәрібай Ахметбеков, Қуанышбай Құрманғалиев, Кәдірбек Сегізбаев, Дулат Исабеков секілді құрдас-замандастары, Та­лаптан Ахметжанов, Жүсіпбек Қорғасбеков, Нұртөре Жүсіп, Марат Мәжитов, Ұлықбек Есдәулетов секілді інілерін былай қойғанда, Оралханды бірер рет қана көрсе де, әлі күнге пір тұтатын қаламгерлер қаншама? 
Қарағандылық жазушы Кәмел Жүністегі, торғайлық Жақсылық Жүнісов, журналист Серік Жәнәбіл бәрі-бәрі де Оралханды тебірене еске алады. Шымкенттік ақын азамат Қуаныш Төлеметов: 
– Оның бойында бір рух бар болатын. Күні бүгінге дейін ондай киелі рухты әлі ешкімнен көре алмадым, – дейді. 
Қайсыбірін айтарсың. Осының бәрі де үстіміздегі жылы атап өтілетін Оралханның 60 жылдық мерейтойына орай еске түсіп отыр. Жақында Алматыдағы қарындасы Ғалия Бөкеева телефон шалды. 
– Ағаның мерейтойына әзірлік не халде екен? Жалғыз апайы Шолпан Шыңғыстайдағы иен тұрған үйін күзетіп отыр ғой, – дейді. Қайтсін-ай, туыс қой. 
Астанада тұратын жездесі Еңсеген Алпысшалов келіп кетті. Өткен жылы Ләззәт қайтыс болған соң балаларының қолына келіпті. 
Катонқарағай ауданы әкімінің орынбасары Қайыржан Сәдуов телефон шалды: 
– Осылай да осылай облысымыздың бұрынғы әкімі Метте көңіл аудармай жүр еді, жаңадан тұрған әкім Талғатбек Абайділдин көмектесемін деп жатыр. Аудан әкімі Бер­дібек Батырханұлы Сләмов осы шараларға байланысты жұмыстармен облыс орталығына кетті. Оралханның Шыңғыстайдағы үйін мұражайға айналдырамыз. Оған жазу­шының өзі тұтынған заттары керек. Бұл жағынан отбасы, туған-туыстары, жора-жолдастары қол ұшын берсе, нұр үстіне нұр болар еді. Мерейтойды алдағы қыркүйек айында өз дәрежесінде өткіземіз бе деген ойымыз бар, – дейді ол. 
– Өскеменнен, Шығыс Қазақстан облыстық кітапха­насының қызметкері Рахия Уалханова хабарласты. Орекең­нің мерейтойына орай естеліктер кітабын шығармақ екен. 
Жазушы Дидахмет Әшімханұлы айтады: – Оралханмен «Қазақ әдебиеті» газетінде ұзақ жыл қызмет істеп, оның жанында ең көп болған інісі мен екенмін. Сондықтан ол ту­ралы қомақты дүние жазу ойда бар. Қалағаңның (Қалихан Ысқақов) ойында да бірдеңелер қалған шығар. 
Қазақстан Республикасының Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Баспа және полиграфия істері жөніндегі Департамент директоры Әлібек Асқаров: 
– Үлкен жазушымыз Әбіш Кекілбаевтың сөзімен айтқанда, «Оралхан азғантай ғұмырында сондай асқаралы биік­ке өзін де, елін де, туған әдебиетін де шығарып үлгірген» қаламгер ғой. Оның іздеушісі – мыңдаған, миллиондаған оқырмандары. Біз олар үшін жазушының көптомдығын шығарсақ деген ойдамыз. Оқырмандар үшін бұдан үлкен сыйлық болмас. Сондай-ақ, «Атамұра» баспасы бір топ шығармаларын шығармақ. «Аударма» баспасы «Қазақ про­засының кітапханасы» сериясы бойынша бірнеше әңгіме­сін орыс тілінде шығарды. Ал Астана мен Алматыда, жазу­шының туған жерінде өткізілетін шаралардың өзі бір бөлек. 
Тіршілікте Оралханмен жақын аралас-құралас боп жүр­дім. Қарындасы Мәншүкпен Шыңғыстай мектебінде үш жыл бірге оқыдым, сонан кейін Алматыдағы ҚазМУ-де сырттай оқыған кезде, сессияға барған сайын ат басын тірер жерім Оралхандікі болатын. Кейіннен елде жүргенде Орал­ханның ауылға келе қалған шығында қасында болу, бірге жүру тәртіпке айналып кеткен. 
Орекеңді көбінесе Өскеменнен Шыңғыстайға дейін жақсы досы Жұмаділ Әділбаев (облыстық «Дидар» газеті­нің бас редакторы) аудан орталығынан Марат Әкрамов (ол кезде аудандық атқару комитетінің төрағасы болып істейтін) әкеліп салады. Олар әр келген сайын жанында бірер күн болып қайтады. Ал ауылда жора-жолдастарымен қатар сол кезде аудандық партия және атқару комитетінде істейтін Сейтзада Ластаев, Феодор Тұмарбаев, аудан әкімі Жаным­хан Құндызбаев секілді азаматтар қасында болып, еңбек адамдарымен кездесулер ұйымдастырып, ел көрсетіп, жер көрсетіп, мәре-сәре боп қалатын. 12 
Оралханның арқасында республикаға есімі кеңінен танымал талай-талай жазушылар мен өнер қайраткерлері Катонқарағайға келіп, табиғатына таң қалып, тамсанып қайтқан. Асанәлі Әшімов Оралханмен бірге Катонға 49 жасында келді. «Восток» кинотеатрында болған кездесуде Асекеңнің: 
– Келер жылы 50 жылдық мерейтойым, түгелдей ке­ліңіздер. Әйтпесе өкпелеймін, – деп күлдіргені әлі есімде. 
Орекеңнің «Сайтан көпір» повесінің прототипі Қабылбек Күндебаев менің туған ауылым Еңбекте бізбен көрші тұратын. Оның басынан кешкен оқиға 1957 жылдары болған. Қабылбек көшкінге кетіп, екі аяғын кестірген соң да талай жыл өмір сүріп, бертінде қайтыс болды ғой. Шыңғыстай мен Еңбек ауылының ортасындағы «Көл» де­ген жерде зират бар. Қабылбектің кесілген екі аяғы осы зиратқа қойылған екен. Бір мерекеде көрші-қолаңдармен шай үстінде отырғанда сәл-пәл қызулау Қабекең «Тарғыба­тайдан» «Алатайға» бара жатып, қыс ішінде көшкінге қалай кеткені, «Қара Қаба» өзенінде жеті күн мұзға қатып жатып, қалай тірі қалғанын көңілі босап отырып айтып берді. 
– «Көлдегі» зиратта жарты денем көмулі жатыр. Сол тұстан әрлі-берлі өткенде құран оқып, бет сипап өтем, – деді Қабекең көзіне жас алып, – жеті күн мұз құрсауда жатып қа­лай тірі қалғаныма әлі күнге дейін таңғалам. 
Осы оқиғаны Алматыға келгенде бірде Оралханға әң­гімелеп бердім. Ол кезде Қабылбектің тірі кезі, ол оқиғаның мән-жайын өзі де жақсы білетін. Біраз ойланып отыр­ды да: – Қайырды, мен осы оқиғаны жазам. «Рахман қай­нарындағы» сайтан көпірді Тарғыбатайға алып келем де, со­лай жазып шығам, – деп болашақ шығармасының желісін де айтып шықты. 
Содан біраз уақыттан соң Орекеңмен кездескенде: – Сен менің «Жұлдызға» шыққан повесімді оқыдың ба (әуелгі аты 13 
 «Айқай» болатын), баяғыда желісін өзің айтып ең ғой, үйде отырғанда дегені. 
– Жоқ, көргем жоқ, – дедім сасып қап, – ауылға «Жұл­дыз» журналы кешігіп келеді ғой. 
– Әй, мені сендер оқымаған соң... деп үндемей қалды. 
– Бірде... жан жары Ардақ пен ұлы Айханды Шыңғыстайға алғаш әкелген жолы Тарғыбатай жайлауына шықтық. Жаз уақыты, күн ыстық. Мен аудан орталығынан Шыңғыстайдағы Оралхандікіне редакцияның «Уазигімен» ерте келдім. Рөлде өзім. 
– Айхан мен Ардаққа жайлаудың таза ауасын иіскетіп, қымызды ауылға барып қайтайық, – деді Орекең көңілденіп. Телефон шалып қойғам, жолда бізге «Өрел» кеңшарының директоры Сайфолда Ауғанбаев қосылып, ертіп жүрді. Күн бойы салқын самалды жайлау үстіндегі «Шұбар төс» телімін­де отырған жылқышы Жәнібек Тариннің киіз үйінде бол­дық. Қымыз ішіп, тауға шығып, табиғат аясында армансыз әңгіме-дүкен құрдық. «Бүркіт ұясы», «Талды бұлақ», «Аттан­бай», «Қоңқай», «Таңатар», «Алтықыз», «Шарықты бұлақ», «Қос жүрек» жайлауларын көзбен шолып, «Қара қаба» өзені бойына тоқтадық. Жан-жағымыз аспанмен таласқан таулар, қалың жыныс қарағай. Оңтүстікте күндік жерде шекараң да алыс емес, Қытай жатыр, Марқакөл де тиіп түр. Одан бұрын келгенде салт атпен Орекеңнің талай барып қайтқан жері. Кешке қарай үйге қайттық. Орекең жақсы әсер алды. Ардақ біздің жердің табиғатына аң-таң. 
Орекеңмен ең соңғы кездесуім қайтыс боларынан бес-алты ай бұрын болды. Мен іссапармен Алматыға келгем. Жамбыл көшесіндегі үйлерінде қонып, екеуіміз түннің бір­талайына дейін әңгімелесіп отырдық. Әңгіме алдағы жазда болатын Орекеңнің 50 жылдық мерейтойы жайында өр­біді. 
Ақылдасып отырып, мерейтойдың Катонқарағайда өте­тін үшкүндік жоспар-жобасын жасадық. 
– Мен елдің, жердің жайын білем ғой. Дәл осы жоба бойынша өткізіп берсеңдер болды. Маған басқа түк керек жоқ. Артық-кемін өздерің келісе жатарсыңдар. Жанымханға (аудан әкімі) сәлем айт, – деді Оралхан. 
1993 жылдың 16 мамыры күні Оралхан іссапар үстінде Үндістанда қайтыс болыпты деген суық хабар жетті. Аудан әкімі Жанымхан Құндызбаев, екі кеңшардың директоры Толқын Райысов, Саниязбек Жүнісов және мен Алматыға самолетпен ұшып келіп Орекеңді соңғы сапарға шығарып салдық. Орекеңді соңғы сапарына шығарып салуға Шыңғыстайда жан достары Аманжан Нұқсарин, Нұрлан Әкімбаев және барлық туыстары келді. 
Өңім бе, түсім бе, әлі күнге сенбеймін. Әлдеқандай бір шаруамен кешеуілдеп жатқандай, салаң етіп кіріп келетін­дей болады да тұрады. Бәлкім, жанында көп жүріп, бауыр басып, өзімсініп кеткендіктен болар. Бәлкім, Орекеңнің ешкімге ұқсамайтын өр тұлғасының көз алдымда, көкейім­де өшпестей болып жатталып қалғанынан болар. Бәлкім, Алтайдан шыққан азаматтардың арасында оған тең келер ешкімнің жоқтығынан болар. 
Оралхан шығармаларының биіктігі, тереңдігі, күрделі­лігі, жалқылығы өз алдына ғой, онда маңғаз тәкаппарлық, тектілік секілді Орекеңнің өз мінезі бар. 
Оралханның шығармаларында Алтайдың асқақтығы бар. Оның шығармаларында оқыған сайын жүрегіңді жанитын өршіл рух бар, мұңлы сағынышқа толы әдемі сезім бар, өзің­ді-өзіңе танытатын, елеусіз қылығымен есте қалатын, қиын- қыстау кезде өмір үшін күресе білетін рухы күшті кейіпкерлер бар. Онда жамандық пен жақсылық, тоғышарлық пен өрлік тайталас түсіп жатады. Кейіпкерлер тартысы, санадағы сан алуан қайшылықтар еріксіз ойға жетелейді. Орекең әде­биетке тыраштанып, тырмыспай, кібіртіктемей, ернеуінен асқан өзендей асып-төгіліп, телегей тасқын боп, арнасына сыймай келді. Орекеңнің бір кереметі саф таза қарапайым халық тілімен өмірдің өзін көз алдымызға әкелетіндігі. Менің білетінім, ол өз тұстастарынан артық туған оқшау та­лант болатын. Ол әдебиетке де ешкім ойламаған, күтпеген тұста, оқырманын елең еткізіп тосыннан келіп еді. Өмірден де аяқ астынан, тосын кетті. 
Мен ойлаймын... ойлағанда да... республикамыздың шалғай шығысында жатқан өр Алтайдағы ауылдасы ретін­де. Оралханның өзі болса, көзі болса, жүз жылға таяу тарихы бар, қарағайдан қиып салынған Шыңғыстай мектебі түп орнымен қиратылып қалың қарағайдың ортасында отырған тойымсыз пенделерге тамызыққа үлестірілмес еді-ау деп. Мен ойлаймын, Оралхан тірі болғанда осы он жылдың ішін­де-ақ талай-талай жауһар туындылар жазылар еді-ау деп. 
Мен ойлаймын... Оралхандай асқақ рухты, оқшау та­лант ешқашан қайталанбайды ғой деп. Бәлкім, Орекеңді сағынғандықтан ба екен? 
3. Өмірден кетсе де, көңілден кеткен жоқ 
Катонқарағайлықтар ерекше құрметтейтін талантты жазушы, қазірде қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің бі­ріне айналған, өмірден өткеніне жиырма жыл болып қалса да, көзі тірісінде жазып кеткен шығармаларына оқырман­дардың да, көзі қарақты әдеби ортаның да ынта-ықыласы бір сәт те суымаған, әлі күнге ауыздан түспей жүрген біртуар азаматымыз Оралхан Бөкейді жерлестері шын мәнінде мақтан етеді. 
1963 жылы Еңбек сегізжылдық мектебін бітіргеннен кейін оқуымды одан ары жалғастыру үшін күзде көрші Шыңғыстай ауылындағы орта мектепке келдім. Осында тоғызыншы класты апай-жездем Бағдат пен Мантай Бақы­жановтардың үйінде тұрып жалғастырдым. Ол үйде менімен бірге Мағзұмәді Нұрбаев тұрды. Ол жездем Мантайдың Бе­релде тұратын Кәс деген апайынан туған, сол кезде ақын аты шығып қалған Ақтан Нұрбаевтың ұлы екен. Екеуіміз ол үйде тату-тәтті, жақсы тұрдық. 
Одан кейінгі оныншы, он бірінші кластарды мен ин­тернатта тұрып оқыдым. Онда ауылдас досым Төлеухан Бияровпен бірге тұрдым. Интернатта бізбен бірге кейінгі кластарда оқитын Орынбай Тлеуов, Тельман Қашқынбаев, Айтқазы Құдайбергенов секілді ауылдас балалар тұрды. 
Төлеухан екеуіміз тоғызыншы, оныншы кластарда өлең, әңгімелерді өндіріп жазып жүрдік. Оларымыз аудандық «Еңбек туы», ара-тұра облыстық «Коммунизм туы» газет­терінде үзбей басылып, мектепте, ауданда Төлеухан екеуіміздің жас ақын деген атымыз дүрілдеп тұрды. Оның үстіне мен мектеп комсомол ұйымының хатшысымын. 
1964 жылы Оралхан аудандық «Еңбек туы» газетінде ре­дактордың орынбасары болып істеп жүрген. Қазақ газетінің шығуына толық жауапты адам сол. Әйтеуір, біздің шығар­маларымызға тоқтау жоқ, жазып жібергеніміздің бірі жарияланбай қалмайды. Оралхан әу дегеннен көлемді-көлемді әңгімелер жаза бастады, олары аудандық газеттің бірнеше номеріне жарияланады. Өзі Шыңғыстайдағы үйіне демалыс сайын келіп-кетіп тұрады. Ондайда мен өзіммен бір класта оқитын қарындасы Мәншүктен хабар ала қоям да, үйлеріне барып, Орекеңмен әңгімелесіп, біраз отырып қайтам. Оның үстіне аудандық комсомол комитетінің әралуан шаралары­на қатысуға аудан орталығы – Үлкен-Нарынға анда-санда барып тұруға тура келді. Сондайда қол босай сала редакци­яға, Оралханға барам. Газеттің қалай шығатынын, баспаха­нада қалай басылатынын көру де қызық. Оралханмен бір­ге түн ортасына дейін кезекшілікте жүрем. Баспахана үйі Нарын өзенінің жағасындағы төбенің үстінде. Қазір ол жер­де кәсіпкер Марат Татаев салдырған мешіт үйі тұр. Редак­ция бөлек жерде. Қатесі түзетілетін беттер дайын болғанша Оралхан екеуіміз есік алдына, таза ауаға шығып, әңгімелесіп тұрамыз. Кейін ойласам болашақ мамандығым журнали­стикаға деген ынта-ықыласым сол кезде оянған екен. Елуге дейінгі ғұмырым осы өзіміздің аудандық газетте өтіп, баспа­герлік іске – кітап шығаруға содан кейін барып бет бұрдым ғой. 
Оралхан әдебиетке құмар жастар шығармашылығына кең өріс ашумен қатар, оларға бағыт-бағдар да беріп, жиі-жиі әдебиет бетін шығарып отыратын. Менің алдымда аудандық «Еңбек туы» газетінің 1967 жылы шыққан 17 қазандағы но­мері жатыр. Онда Оралхан «О. Бөкеев» деп қол қойып, «Көп үйреніп, көп жазайық» деген тақырыппен редакцияға түскен әңгімелерге шолу және менің бір топ өлеңдерімді жариялап­ты. Осы шолудың менің шығармашылығыма арналған жері­нен үзінді келтірейін. 
... «Айталық Қайырдының «Алғашқы ақ махаббаты» осы кемшіліктің салдарынан бас-аяқсыз болып шыққан. 
Қайырды өте байқағыш, сезімтал, әсіресе табиғатты суреттеуге келгенде қаламы жорғалап кетеді. Оның сағыз­дай орамды тіліне қызыға да қызғана қарап қалатының бар. Үзінді келтірейік. «...оның шашына байлаған ақ бантигі көзіме түскенде, ойнақылығым ұстап кетіп: – Алтынгүл-ау, тоқтай тұр. Басыңа екі ақ көбелек қонып отыр, ұстап алайын, – деп тап беретінмін. – Көбелек өзін ұстағалы келе жатқанда ұша жөнелмеуші ме еді, – деп, сықылықтай күліп жүгіре жөне­летін Алтынгүл. Ол сонда маған сыңғырлаған күлкісін алып қашқан кәусар бұлақ болып көрінетін. Екеуінің бойынан да ортақ қасиет – кіршіксіз пәктік, мөлдір тазалық көретін­мін», «Мақпалдай қою түннің қараңғылығын бізден қызғанған­дай, жаздың қысқа таңы да әп-сәтте атып кетті», міне бұл Қайырды қабілетінің бір қыры. Осы Қайырды үміт күттіретін жас. Тек ойын нақты оқиғаға құруға тырысуы керек». 
Ал, 1965 жылы Оралхан Шыңғыстайдан мені, Еңбек­тен – мұғалім Төлеген Рақымжанұлын, Көктеректен – мен секілді оныншы класс оқушысы Заутдин Шәмшиевті 
Өскеменде өткен жас ақын-жазушылардың облысаралық кеңесіне ертіп барды. Оны Қазақстан Жазушылар Одағы Семей-Шығыс Қазақстан бөлімшелерінің хатшысы Медеу Сәрсеке өткізген еді. Онда Алматыдан келген Ә. Шәріпов, С. Мәуленов, С. Киселов, Ф. Моргун, А. Скворцов, П. Ко­сенко, Х. Ерғалиев, С. Жүнісов, Қ. Мырзалиев, С. Сейітов, Ә. Нұршайықов, М. Айтхожина секілді ақын-жазушыларды көрдік. Облыстық газеттің редакциясында жұмыс істейтін Тоқтарбек Қызықбаев, Мүсілім Құмарбеков, Серік Габдуллин секілді өз облысымыздың жас ақын-жазушыларымен, аудандардан келген жас талапкерлермен таныстық. Сол кез­де «Қазақ әдебиеті» газеті «Алтайды аялайды ақын жыры» деген атпен бөлім берді. Сонда менің «Бүркіт ұясы» деген өлеңім жарияланды. Осы шараға орай «Лениншіл жас» газе­ті де бет беріп еді, сонда менің «Таудағы таңба» атты әңгімем шыққан болатын. 
Орта мектепті бітірген 1966 жылы кластас досым Төлеухан екеуіміз де Алматыдағы ҚазМУ-ге түсе алмай қайтып кел­дік. Мен сол туған ауылым Еңбекте ағайыма көмекші шопан болдым, Төлеухан бөлімшеде жұмысшы болды. Осы Төлеу­хан досымның обалына қалған мен едім. Мектепті бітірген жылы ол филология факультетіне түсуге менің азғыруыммен барды. «Ой, немене, бірге оқиық, ақын-жазушы боламыз, бірге жүріп-тұрамыз» дедім ғой. Әйтпесе ол математикаға өте зерек еді. Әдебиеттен беті қайтып қалған Төлеухан до­сым келер жылы осы ҚазМУ-дің механика-математика фа­культетіне қиналмай түсіп кетті. Кейіннен ғылым докторы, профессор дәрежесіне жетті. Бірақ анда-санда өлең жазуын да тастаған жоқ. 
Оқуға кеткелі жүргенімде аудандық газеттің редакциясына бір соққанымда Оралхан маған: – Бізде бір аудар­машының орны босады, жұмысқа кел, – деді. 
– Оқуға баруға жиналып-теріліп қойдым, – деп бас тартып едім. «Соным бекер болған екен. Оралханмен бір­19 
ге жұмыс істесем талай тәлім-тәрбие алар едім ғой» деп артынан өкіндім. Өйткені оқуға сол жылы ды, содан кейін де түсе алмай, жұмыс істей жүріп, арада сегіз жыл өткеннен кейін ғана түстім ғой. Адамның ойлағаны болмайды, маң­дайға жазғаннан ешқайда қашып құтыла алмайсың деген сөз рас екен. 
Алайда Оралхан маған айтқан аудандық газеттегі сол орынға Орынбай Тлеуов деген біз қатарлас бір жігітті алып, көп тәрбие беріп кетті. 
Оралхан сонан кейін аудандық газетте өзі де көп аялдаған жоқ. Облыстық «Коммунизм туы» газетінің редакциясында небәрі жарты жылдай ғана отырып, республикалық «Ле­ниншіл жастан» бір-ақ шықты. Оның сонан кейінгі өмірі түгелдей Алматыда өтті. Орекеңнің содан кейін көп ұза­май облыстық «Коммунизм туы» газетінің өнеркәсіп бөлі­мінің меңгерушісі Тоқтархан Шәріпжановқа мені тапсырып тұрып, былай дегені есімнен кетпейді: – Тоқа, Қайырдыны өз газеттеріңе жұмысқа орналастырып, алып қалыңдар. Әй­тпесе бұл ауылға барып қатын алады да қалады, мұны ауылға жібермеу керек. 
Несін айтайын, Оралханның айтқаны айдай келді. Со­дан жарты жыл өтпей-ақ бас құрадым да ауылда қала бердім. Бірақ қол жетпегенді өліп-өшіп армандаған жоқпын. Сол журналистиканың аудандық буынында істей жүріп, сырттай ҚазМУ-дің журналистика факультетін бітірдім. Алты жыл бойы Алматыдағы оқуымды бітіргенше барып-қайтып жүріп Орекеңмен тығыз байланыста болдым. Орекең ауылға ке­ліп-кеткен сайын өз шамамша қарсы алып, шығарып салып, ақ ниетіммен қызмет еттім. Оралхан менің соныма риза бо­латын. Өмірінің ақырына дейін қарым-қатынасымды үзген емеспін. Ағамдай ақылшы санап, досымдай сырлас болдым. Орекеңнің маған үлкен үміт артқанын сезінудің өзі де үл­кен медет. Ол бірде Шыңғыстайда отырып, Мемлекеттік сыйлық алған «Біздің жақта қыс ұзақ» деген кітабын сый­лап тұрып, былай деп қолтаңбасын қалдырып еді: «Қайыр­ды, өзіңді бала кезден жақсы көруші едім: талабы таудай, ақ көңіл, таза да тәкәппар азамат ретінде. Осы елдегі туған інімдей бас-көз, өзіме ес болып жүргенің мен үшін қуаныш. Оралхан. 30 тамыз 1987 жыл. Шыңғыстай». 
Аралас-құралас болып жүрген көптеген достарымыз көңі­ліне келген, сезген-білген жайларын бетіңе ашық айтпайды ғой. Қай қылығыңды жақтырмай тұрғанын біліп тұрсаң да ашық айтпай, жақсы көргенсіп, алдаусыратып, сипақтап, жүре береді. Оралхан, жарықтық ондай емес еді. Тіршілік­тегі ұсақ-түйекті айтқан болып отырып, ретін тауып, кейде турасынан, көңіліне келген жайтты айтып салатын. Және де, ешқандай ренішсіз қабылдайтындай етіп айтатын. Маған да ақыл-кеңес ретінде айтқан сөздері болды. Кейде соны 
есіме алып, іштей әлі күнге дейін разы болып отырамын. Жанашырлықпен айтқанын түсінгендіктен. 
Ел-жұрттың Оралханды ұмытпай, есте қалдырар шаралар жасап, 70 жылдық мерейтойына лайықты әзірленіп жатқан­дарына тәубе етеміз. Оралхан тек катонқарағайлықтардың ғана емес, бүкіл қазақ елінің мақтанышы екенін ойлап, бір сәт сондай азаматтың туып-өскен жеріне, оның тіршіліктегі азды-көпті өміріне өзіңнің де қатысты болғаныңды ойлаған­да еріксіз шүкіршілік етесің. Жақсы адамдар өмірден кетсе де, көңілден кетпейді екен ғой.

Назырбаев Қайырды–журналист, ақын, баспагер-жазушы.  nazyrbaev-qaiyrdy.kalamger.kz

Басып шығару
чем опасны болота и что на них растет https://www.frutilupik.ru после того как как пишется https://toktiblog.ru как правильно писать слово пошел http://www.fokusblog.ru как определить направление индукции магнитного поля http://www.frutilupik.ru какие системы органов есть у животных

Пікір қосу
Janalyqtar toptamasy
"Қорғансыздың күні"11:42«Кітап-Amanat» орталығы ашылды10:55«Кітап-Аманат» орталығы ашылды.10:45АТЫРАУДА «КІТАП-AMANAT» МӘДЕНИ-АҒАРТУ ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ10:21«КІТАП-AMANAT» партиялық жоба аясында кітап орталығы ашылды10:14ШҚО-да алғаш рет бірегей кітап орталығы ашылды09:57«Кітап-Аманат» жобасы Шымкентте жалғасты09:52"Мемлекеттік тіл және БАҚ - 2023" байқауының жеңімпаздары анықталды11:55БОЛАТ НАЗАРБАЕВ ҚАЙТЫС БОЛДЫ11:19«ҚАЗАҚША МӘЗІР» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ КОНКУРСЫ ӨТТІ11:52Көк Туға – Құрмет!15:37«Кітап-Аманат» дүкенінде белгілі ақын, Алмас Ахметбекұлы кітаптарының тұсаукесер рәсімі болып өтті.13:19Халықаралық семинар16:39Кеше, Жамбыл атындағы кітапханада белгілі қаламгер, күйші Таласбек Әсемқұловтың 8 томдық жинағының кезекті 6-8 томдарының тұсаукесер рәсімі болып өтті.20:35қателік10:23"Бір тойым..."10:17Абзал Құспан тик ток паракшасынан алынды16:31ТІЛДЕР МЕРЕКЕСІНІҢ МЕРЕЙІ АСҚАҚ19:24ҚҰДІЕТТІ ОТ МАҒЖАН ЖЫРЛАРЫ «МЕН ҚАЗАҚША СӨЙЛЕЙМІН» АКЦИЯСЫ ӨЗ МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ18:44«Анасының артынан баласы мен қыздары секіре берген»: Сырдария өзеніндегі қайғылы оқиға туралы куәгерлер айтып берді09:10Қырғызстанда 2027 жылдан бастап пластик пакетке тыйым салынады12:41«Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел...»12:311 440 000 ТЕҢГЕ16:48«Азия Дауысы» арма екен?!16:38ТОҒЖАНОВ деген КІМ?15:45Нағыз қазақ – Домбыра!22:30Биыл «Динамо» спорт қоғамына 100 жыл17:36Жаңажол кен орнындағы өрт 14 сағатта сөндірілді10:06Проблемалық несиесі бар адамдарға жаңа кредит берілмейді11:13Ірі мұнай-газ компаниясы арзан бағада жекеменшікке сатылып кеткен11:15