Күз бедері Алматы шаһарынан көрініс бере бастады. Сарғайып, одан соң маусымдық ғұмыры тәмәм болып, жерге қарай толассыз қалықтап түсіп жатқан жапырақтар, тау бөктерінен еңіске қарай арқырап ағып жатқан асау өзен, асау өзенге кедергі болуға бекінген қой тастар. Шаһар төңірегіндегі сөзбен суреттеу аздық ететін табиғаттың осынау керемет маусымы кез келген адамның жүрек қылын тербейді.
Қайырылмай кеткен уақытқа сапар шектіріп, сағыныш отын маздатады. Тіршіліктің толассыз алмасуы – табиғаттың тәртібі. Әр күз сайын бір сәт қаланың шуынан қашықтап, тау кезіп кетуге ынтық боласың. Жан тыныштық іздейді. Көңіл босап, пенде өзімен сырласуға асық болады.
Езуге үйірілген күлкінің астарында қаншама сыр, қаншама мұң, қаншама қуаныш, қимастық сезімдері бұғып жатады. Сезім арқылы кісінің жаны тоят табады. Жаны тоят алған кісінің бойы сергек болары да заңдылық.
Алматыдағы Алма-Арасан шатқалы – табиғаттан тәбәрік болған сұлу орын. Жан-жағыңдағы жалама жартастар, ортада жол бойлап аққан ағынды өзен, жағалай қонған ақшаңқан киіз үйлер, тауды бойлай өскен мәңгі жасыл шыршалар, бойжеткен қыз сияқты басын иген үйеңкі, сап-сары жапырақтары алыстан көз тартатын қайыңдар – ерекше үйлесімділік тапқан картина.
Мың бояулы шаһар төңірегіндегі кезекті серуеннен кейінгі қалта телефонының камерасына түсірілгенсұлулық үзіктерін назарыңызға ұсынамыз.
Басып шығару