Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды және Түркістан облыстарының әкімдерімен, Шорнақ кенті мен Сәтпаев қаласындағы жағдай туралы құқық қорғау органдарының басшыларымен кездесу өткізді. Бұл туралы Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәли мәлімдеді.
"Уақытылы жүргізілген іс-шаралардың нәтижесінде бұл елді мекендердегі жағдай тұрақтанды. Мемлекет басшысы жағдайды бақылауда ұстауды, жергілікті халықпен түсіндіру жұмыстарын жүргізуді, арандатушылардың әрекетін тоқтатуды, заң бұзушыларды жауапкершілікке тартуды тапсырды. Сонымен қатар, аймақ тұрғындарының алғашқы әлеуметтік-экономикалық қажеттіліктерін қанағаттандыруға назар аудару қажет. Кәмелетке толмаған қызға қатысты зорлық-зомбылық жасады деген күдікпен ұсталған Сәтпаев қаласының тұрғынына қатысты құқық қорғау органдарына оның нәтижелері туралы халықты толық ақпараттандырумен объективті тергеу жүргізу тапсырылды", - деп жазды Берік Уәли.
Басып шығару