Сенат спикері Дариға Назарбаева Қазақстандағы нашақорлар мәселесін көтеріп, өз пікірін білдірді.
Бірінші болып бұл мәселені сенатор Андрей Лунин көтерді. Ол аталған мәселені депутаттық сауал ретінде премьер-министрге жолдады.
«Бүгінде нашақорлар мәселесі еліміздің ұлттық қауіпсіздігі мен халық денсаулығына қатер төндіріп тұр. Есірткіге құмарлық жастар денсаулығы мен санасын құрдымға кетіріп, қазақстандық қоғамның әлеуметтік тұрақтылығына зиян тигізеді», - деді Лунин.
Ол үкімет пен қоғамды осы мәселемен күресуге шақырды. Есірткі өнімдерін жарнамалайтын сайттар мен наркокурьерлердің жолын кесуді басты мақсат етуді ұсынды.
Ал Сенат төрағасы Дариға Назарбаева елімізде 300 мың нашақордың тіркелгенін айтты.
«Нашақорлық тақырыбында сөз көтеруге ешкімнің құлқы жоқ, бұл – тұншыққан тақырып. Егер жауапты комитет осы мәселемен құнттап айналысу керек: қалпына келтіру орталықтарына барып, ол жерде ем-дом шараларының қалай өтіп жатқанын біліп, көмек көрсету. Мысалы, осындай орталықтардан жазылып шыққандардың қанша пайызы қайтадан есірткіге салынады деген сияқты. Бұл азаматтарды емдеп, қалпына келтіру маңызды. Қазір әлемнің барлық елі есірткімен күресуде. Дегенмен, нәтиже көңіл көншітпейді», - деді ол.