Мәжіліс депутаты Азат Перуашев қазақстындық жоғары оқу орындары 15 жыл бұрын эпидемиолог мамандарды даярлауды тоқтатқанын мәлімдеді.
«Төтенше жағдай бірқатар мәселенің басын ашты. Медицина қауымдастығының мәліметінше, он бес жылдан бері елімізде эпидемиолог мамандар дайындалмаған. 2005-2007 жылға дейін санитарлық-эпидемиологиялық факультеттер жалпы медицина факультеттеріне қосылып кеткен. Содан бері «Эпидемиология» мамандығы медициналық ЖОО-лардан жоғалды», - деді депутат.
Оның айтуынша, бұл жағдай даярланған мамандардың мамандығына сәйкес жұмыс таба алмауынан орын алған.
«Эпидемиолог мамандар Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау органдарында қалып отыр. олар зейнетке шыққан соң орнына заңгерлер мен менеджерлер келеді. Ал эпидемиямен күресу үшін маман вирусология, иммунология, биохимия сияқты салалардан хабардар болуы тиіс», - деді Перуашев.
Депутат Үкімет басшысына Қарағанды Мемлекеттік медициналық академиясының немесе БҚО медициналық университетінің жанынан мамандандырылған эпидемиологиялық база құруды ұсынды.
Басып шығару