2008 жылы Нобель сыйлығының лауреаты атанған француз вирусологы Люк Монтанье коронавирустың қолдан жасалғанын мәлімдеді. Ғалым коронавирустың құрамында АИВ бар екенін алға тартады.
Монтанье коронавирустың жабайы жануарлардан жұғуы туралы ақпаратты шындыққа жанаспайтын қауесет деп атады. Сондай-ақ, ол коронавирустың Ухань зертханасында жасалғанын кесіп айтты.
Вирусты жасау процесі 2000 жылдардан басталды. Ғалым бұл мәселенің бірінші рет ашық айтылып отырмағанын алға тартады. Біршама уақыт бұрын үндістандық ғалымдар да дәл осындай мәлімдеме жасапты-мыс. Вирусологтың айтуынша, бұл індет АИВ-қа қарсы вакцина жасау барысында орын алып отыр.
Ал АҚШ президенті Дональд Трамп коронавирустың Уханьдағы зертханадан шыққанына күмәнсіз. Ол Қытай билігі барлық ақпаратты жария етпеді деп дау көтеруде.
16-сәуір күні ҚХР СІМ өкілі Чжао Лицзянь коронавирустың Қытай тарапынан жасалғаны туралы ақпараттарға түсінік берді.
«Коронавирустың қолдан жасалуы және таратылуы туралы ақпарат бойынша Қытай позициясы айқын: бұл таза ғылыми мәселе, кәсіби мамандар тексеруі тиіс. ДДСҰ басшысы бұл ақпараттардың шындыққа жанаспайтыны туралы бірнеше рет мәлімдеме жасады», - деді ол.