Полиция қызметкерлері Бөкей ордасы ауданының тұрғындарынан 800-ден астам киік мүйізін тәркіледі. Бұл туралы Polisia.kz. сайты хабарлады.
Бұл мүйіздердің құны шамамен есептегенде 2 млрд. теңгені құрайды. Тергеу барысында ұсталған адамдардың басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар екені анықталатын болады. Қазіргі уақытта олардың сыбайластары мен мүйіздерді өткізетін орындары анықталуда.
Бұл соңғы жылдары браконьерлерден тәркіленген киік мүйіздерінің ең ірі партиясы болып табылады. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексіне енгізілген түзетулер мен өзгерістерге байланысты киікті заңсыз аулағаны үшін және осы сирек кездесетін жануарлардың дериваттарымен заңсыз айналысқаны үшін де қылмыскер түрмеге тоғытылатын болады.
Бұрын браконьерлер қылмыстық жауапкершіліктен оңай құтылып жүрген. Мәселен, “мүйізді тауып алдық, өлген киіктің мүйізін кесіп алдық” деп айтып жүрген. Мұндайда олардың браконьерлікпен айналысқанын дәлелдеу өте қиын болған. Сондықтан браконьер сот залынан кінәсіз болып шығады да, киіктерді қырумен қайтадан айналыса берген.
Ал, қазір олай емес, сирек кездесетін жануарға қиянат жасаған адам қатаң жазаланатын болады. Киіктерді заңсыз атумен және оның дериваттарымен заңсыз айналысумен байланысты қылмыс Қылмыстық кодекстің 339-бабы 1-бөлігі бойынша бөлек қарастырылады. Осы бапқа сәйкес киіктерді, олардың дериваттарын, соның ішінде мүйіздерін заңсыз аулау, жою, заңсыз табылған киіктерді сатып алу, сақтау, өткізу, әкету, әкелу – бұл бойынша үш жылдан 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін.