ҚР Парламенті Мәжілісінің спикер Нұрлан Нығматуллиннің төрағалығымен пленарлық отырысы өтті. Осы жиында Есеп комитетінің басшысы Наталья Годунова 2019 жылы мемлекеттік бюджетті пайдалану қорытындысын жариялады.
Годунованың сөзіне сенсек, бәсекеге қабілеттілік бойынша жаһандық рейтинг - Бүкіләлемдік экономикалық форумда Қазақстан 60-орынға көтерілген. Мұнайға тәуелділіктен арылу әлі өз деңгейіне жетпей отыр.
«10 жыл бойы өңдеу секторларының көрсеткіш үлесі 11 пайыздан аспай отыр. Экспорт бойынша минералды өнімдер үлесі 70 пайыздан асты. Азаматтардың әл-ауқатын көтеру міндеті қалай орындалмақ? Халықтың шынайы кірісі 5,5 пайызға өсті. Бірақ әлеуметтік тағам тауарларын тұтыну көрсеткіші 50 пайызға өскен. Дамыған елдерде бұл көрсеткіш 10 пайыздан аспайды. Тіпті, Ресей мен Беларусь халқының тамаққа жұмсайтын қаржысы негізгі табысының үштен бір бөлігіне жетпейді. Бұл нені білдіреді? Халықтың табысының жартысынан көбі тамаққа жұмсалып, қаражат жинау мәселесі кейіндеп қалған», - деді ол.
Есеп комитетінің басшысының айтуынша, халықтың әл-ауқатын арттыру мәселесі несиелеу арқылы жүзеге асып келеді.
«2019 жылы тұтынушылық несие халықтың кірісінің 15 пайызына дейін өсті. Несиеге белшеден бату – әлеуметтік мәселеге айналды. Мемлекет тарапынан айтарлықтай қолдау көрсетіліп отырғанымен, соңғы бес жылда экономикалық секторда банк рөлі төмендеді. Олардың активтерінің ЖІӨ 40 пайызға дейін төмендеген. 2015 жылы, тіпті, бұл көрсеткіш 60 пайызға жеткен. Елдің Жалпы ішкі өніміндегі банк үлес екі есеге қысқарған. Мәселеге айналған қарыздар да баршылық. Ал бизнес үшін қолжетімді және ұзақ мерзімді қаражат жоқ», - деді Годунова.
Басып шығару