Заман өтеді, сағаты сырғып, ай жылжиды. Ғасыр бұрынғы уақыт бізге енді бұлдыр сағым іспетті. Тарихтың шаң басқан беттерінен оқимыз, деректі фильмнен көреміз... әйтсе де, құнды дүние.
Бүгінде ел жастары аймақпен, облыспен, ауданмен бөлінуді үрдіске айналды. Рушылдықтың бір түрі бұл-дағы. Әр елдің, әр аумақтың сәл болса да ерекшеленетін өмір дағдысы, тіршілік қалпы болады.
Карутцтың адайлар тіршілігі туралы жазған естелік жазбасы алуан ойға салды. Бүгінгі қалпымыздың қате екеніне тағы бір қынжылтты. Шаһари тағдыр біздің қазақтың кең өлшеп, мол пішкен дархан көңіліне дақ түсірді. Ғасыр бұрынғы қазақ жұрты қалай еді, қандай еді, кім еді?
Сұрақтың жауабын мен немесе сіз айтсаңыз, біреуге бүйрегі бұра тартты, өз жұртына ыңғайлады дерсіз. Бірақ бұл жазба – немістікі.
***
Немістің Ричард Карутц деген дәрігері 1903-1909 жылдар аралығында Маңғыстау жеріне табан тірепті. Оның бұл сапарға шығудағы негізг мақсаты – түрікмендерді зерттеу. Бірақ антропологтың көңілі қазақтарға ауады. Ол өзінің назарына іліккен сүйекті дүниелердің барлығын «Среди киргизов и туркменов на Мангышлаке» деген кітабында толық жазып, орыс тілінде, Санкт-Петербург қаласында шығарады. Бұл – шамамен 1911 жылы жарық көрген кітап.
Кітапта автордың арнайы қолға алған тақырыбын, ауқымын терең зерттегені байқалады. Шығарма ішінде неміс дәрігерінің өзі таспаға тартқан суреттер көп ұшырасады. Қазақтың тұрмыс-тіршілігі мен салт-дәстүрін, ғұрыптарын, ойындары мен фольклорлық әдебиет жауһарларын санасына сіңіріп, қағазға түсіруге тырысқан.
Картуц қазіргі Қазақстанның батыс аймағын мекендеген халықтар жайында, оның ішінде адай, беріш секілді ірі рулар турасында да пікір қалдырады. Оның негізгі зерттеген ошағы – осындай бірқатар кіші жүз рулары. Аймақ халқын автор «көңілді, сөзуар, қалжыңды сүйетін қазақтар» деп сипаттайды. Соған қарағанда айналасы төрт-бес жыл ішінде Ричард та қазақша тіл сындырған болуы ғажап емес.
«Менің дорбамнан бірде бір зат жоғалмағанын, менен ешкім ештеңе сұрамағанын, маған жаулық тілейтін көз болмағанын айтқым келеді... Бір мәрте маған жолсерігім сұрақ қойды. Қорықпауымның себебін білгісі келеді. Мен:
- Не үшін қорқамын? Қазақтардың арасында жүрмін ғой, - деп жауап бердім.
- Иә, бірақ орыстар әрдайым мұнда келгенде өздерімен бірге қару алып жүреді. Сізде ештеңе жоқ екен, - деді ол тағы сауал тастап.
- Менің ойымша, өз елімізде Маңғыстаудағы қазақтар арасындағыдай тыныштық жоқ, шамасы, - дедім.
Рас, кейде сенен үрейленіп, сескеніп, бір бармағын ішке бүгіп тұратындар бар. Біршама уақыт өтіп пейіліңнің ақ екені, ешқандай талап-міндетпен келмегеніңді білген соң әзілге басып, бетіне қан жүгіре бастайды.
Сондай мейірімді, сәби секілді халық. Дегенмен, әзілдері өткір, абайламасаң арқаңды осып түседі. Сонысымен көңілді, күлкіқұмар ел».
Бұл – Ричардтың кітабынан үзінді.
Ричард Карутц қазақ жұртшылығының гигиеналық тазалық мәселесіне келгенде үлкен данышпандық тұжырым жасайды. Қазақтардың гигиеналық тазалық мәселесін тұрмыс жағадайы анықтайтынын айта келіп, соған қарамастан, көздері Египет пен Таяу Шығыс халқынан мықты екенін, терілері еуропалықтардан таза екенін айтады. Дегенмен, ғалымды болашақта қазақтардың еуропалық инфекцияларға қарсы тұратын иммунитеті алаңдатқан.
Этнограф қазақтардың бабымен піскен етті көргенде көздері жайнап кететінін керемет суреттейді. Бұл уақытта еуропалықтар үнділерден келген вегатариандық үрдіске көше бастаған уақыт-тын.
«Ер адамдарының еңселі, дене бітімі мығым, бұлшық еттері бұлтылдап ойнап тұрады және мойындары жуан келеді», деп сипаттайды неміс ғалымы қазақ жігіттерін.
Ғасыр бұрын Еуропа халқында шамадан тыс салмақ қосу дерті жайылып жатса, неміс дәрігерінің баяндауынша, бұл мәселе қазақ жерінде болмаған. Ара-тұра кездескен адамдардың өзінде бұл нәрсе индивидуалды ауру болғанын айтады. Ерекшелікті дәрігер қазақ жұртшылығының нан өнімдерін аз қолданатымен түсіндіруге талпынады.
«Қазақ жеріндегі өлім-жітім саны толассыз туып жатқан балалар санымен салыстырғанда өте аз. Таңқалдыратыны – ешқандай гигиеналық, физикалық әлпештеусіз, даланың шаңына көміліп жатса да балалардың ширақ болуы, тез жетілуі. Әрине, бұл жерде ана сүтінің құнары бірінші кезекте ісер етеді. Дегенмен, дала халқының мықты болатынына көзім жетті», - деп жазады ғалым.
Қазір бұрынғы қазақтар бала тәрбиесімен айналыспаған деген тәмсіл көп айтылып жүр. Бірақ ғасыр бұрынғы дала халқының тұрмыс-тіршілігін өз көзімен көрген неміс дәрігерінің жазбасы бұл тұжырымды растамайды.
«Маңғыстау – бұл нағыз балалар ордасы. Бұл мекенге мыңдаған жылдар бойы бала қуанышы билік етіп келеді. Балалардың аяғы шыққанға дейінгі уақыты – ер адамдардың ермегі. Олар қолы қалт етсе, кішкентайларын айналсаоқтап, сүйіп, еркелетіп отырады. Анасының бір сәт қолы босамайды. Сонымен қатар, баланың бойына әкенің жылуы да қатар беріледі», - дейді ол.
Міне, Маңғыстау жұртының 100 жыл бұрынғы тыныс-тіршілігі – осындай. Ричарт Карутц өзінің бұл далада өткізген жылдарын ерекше сағынышпен еске алатын сыңайлы. Жазбасы айғақ...
Басып шығару