Меңдеш Халелұлы Салиховтың есім жалпы жұртшылыққа жақсы таныс. Қоғамда болып жатқан кез келген оқиғаның бел ортасында жүретін азамат іскерлік ортаға да бөтен емес. Ал мұнайшылар Меңдеш Халелұлын «өз адамы» санайды. Өйткені ол мұнай саласында қатардағы оператордан бастап «МаңғыстауМұнайГаз» АҚ басшысы қызметіне дейін көтерілген. Жұрт әлі «ес жиып, етек жинай қоймаған» алмағайып кезде ел басқару ісіне де араласты. Қазір ол жеке кәсіпкер. Жуырда Меңдеш Салиховтың кітабы шықты. Әлі сиясы кеуіп үлгермеген кітап «Жизнь в эпоху перемен, или не нефтью единой...» деп аталады. - Меңдеш Халелұлы, туып-өскен жеріңіз, балалық шағыңыз туралы кітапта жазған екенсіз. Дегенмен өз аузыңыздан естігім келіп тұр, сіздің әулетті «мұнайшылар династиясы» деуге бола ма? Өйткені, әкеңіз де мұнайшы болған екен... - 1947 жылы Атырау облысындағы Құлсары ауылында тудым. Соғыстан кейін өмірге келген ұрпақпыз ғой, бала болсақ та кедейліктің қамыты мойнымызға бататын. Бірақ аш болған жоқпыз. Сол кезде біз үшін ең тәтті – сары май жағылған нан еді. Ал енді оның үстіне шекер сеуіп жеген баладан асқан баққытты жан болмайтын. Сондай қиыншылыққа қарамастан, әкем мені Құлсарыдағы ең жақсы саналатын А.Пушкин атындағы мектепке берді. Орыс мектебі еді, ал мен бір ауыз орысша білмеймін. Тіл білмей қиналғанымда әкем: «Сен менің қателіктерімді қайталауға тиіс емессің!» деп қайрайтын.
Мұнайшылардың дені батыста ғой. Атам ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істегенімен, әкем мұнайшы болған. Біздің әулеттегі мұнайшылар сабақтастығы үзілген жоқ әлі.
Мектепті алтын медальмен бітірдім. Мектепті тәмамдағанда менде мұнайшы болудан басқа арман болған жоқ. Алдыма сондай мақсат қойдым. Математика пәнінен өткен аудандық және облыстық олимпиадада жеңімпаз болдым, мені кез келген университет емтихансыз қабылдауға дайын еді. Көпшілігі шақыртты да. Бірақ мен «мұнайшы боламын, мұнайшының оқуына түсемін» деген мақсатымнан танбадым. Менің буынымдағы азаматтардың бәрі жақсы оқыды. Көпшілігі Мәскеудегі Ломоносов атындағы университетке немесе Бауман атындағы оқу орнына баратын. Мен де Мәскеуде оқуды армандадым. Алайда адамның дегені бола бермейді ғой, тағдырдың жазуымен Уфаның мұнай институтынан бір-ақ шықтым. Оған еш өкінбеймін, Башқұрт елінде аяулы жарым Әлиямен таныстым...
Уфа мұнай институты Мәскеудің оқу орны сияқты болмағанымен, дәрежесі жоғары еді. Бір жылдан соң ақыры арманыма жетіп, Мәскеудің И.Губкин атындағы мұнай-химия және газ өнеркәсібі институтына ауыстым.
- Мұнай саласындағы жұмысты қатардағы операторлықтан бастапсыз. Мұны айтып отырған себебім, «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелде оқып келгендердің түгелге жуығы бірден жайлы креслоға қонжия кететіні құпия емес қой? - Өкінішке қарай, солай болып тұр. Шетелде оқып келген жастар Астана мен Алматыда қалып қояды. Өндірістің не екенін білмейді. Осылайша біз болашағымызды жоғалтып жатырмыз. Өндірісті білмейтін маман шетелдік менеджерлерге бәсекелес бола алмайды. Өйткені «қағаз кеміруден» басқа нәрсе оның қолынан келмейді.
Алғашқыда Сарықамыс деген жерде оператор болып жұмыс істедім. Аяққа керзі етікті киіп алып, мұнай өндірісін, өнімнің деңгейін бақылаймын. Жайлы кабинетте отырғам жоқ. Ыстықта – күнге қақталып, суықта – тоңып шыңдалдық. Міне, біз жұмысты осылайша өндірістен бастадық.
Әлі күнге дейін айтып жүрем, Қазақстанда мұнай өндірісінен жақсы тәжірибе алатын жер – Маңғыстаудағы мұнай кеніштері. Өйткені Маңғыстау мұнайының ерекшелігі көп. Маңғыстау мұнайының құрамында парафині көп. Минус жиырма бес градустан төмендегенде мұнай қоюланып кетеді. Газы да аз емес. Сондықтан өндірісті әрдайым бақылау қажет. Мұнайды тазалау, парафинді бөлу оңай жұмыс емес. Осының бәрін Маңғыстауда үйренуге болады. Мен осы сатының бәрінен өттім. Бәрін біліп, білікті маман болып қалыптастым.
«Ұлым АҚШ-қа кетіп қалды...» - Өз балаларыңыздың арасында мұнайшылар бар ма? - Үш ұлым бар. Кенжем – мұнай өндіру саласының мықты маманы. АҚШ-тан білім алып келді. «Теңізшевройлда», одан кейін өзім құрған мекемеде жұмыс істеді. «ҚазМұнайГаз» БӨ‑де қызмет етті. Елге пайдасы тиетін өте білікті маман еді, алайда екі жыл бұрын АҚШ-қа қайта кетіп қалды.
- Неге кетті? - Елдегі жағдайға, өзінің жұмысына көңілі толмады. Бір өкініштісі сол, Қазақстанда білікті мамандар бағаланбайды. Тамыр-таныстық, парақорлық, жемқорлық әбден дендеп алған. «ҚазМұнайГазды» қараңызшы, мұнай саласын жақсы білетін маман жоқ. Бұрын да солай еді, қазір де солай.
Мұнай – Қазақстан экономикасының локомотиві. Ал енді осы салада мұнай өндірісін жақсы білетін мамандар болмаса, онда не болғанымыз?! Жаңа технология, инновация болмаса, қалай өркендейміз?!
Мұнайдан тек бонус пен салық қана алып отырмыз. Басқа еш нәрсе жоқ. Мұнай алаңдарының бәрі ескірген. Жаңа технология жоқ. Оны дамытуға мұнай саласын басқарып отырғандардың өресі жетпейді.
- Осыны бұқаралық ақпарат құралдары арқылы неге ашып айтпайсыз? - Телеарналар эфирін бермесе, жазғаныңды газеттер баспаса, оны қалай айтасың? Кітап жазғандағы мақсатым да – осы. Алғашқыда кітап жазамын деген ойым болған жоқ. Басқа жолмен ойымды жеткізе алмайтын болған соң, кітап шығардым. Болашақ ұрпақ білсін, керегін алсын деп.
Ақтауда кітабымның тұсаукесеріне мектеп оқушыларын шақырдым. Сонда бір жас бала: «Біз Араб әмірліктерінен де көп мұнай өндіреміз. Бірақ неге кедей тұрамыз? Неге біз арабтар сияқты бай емеспіз? Неге осындай күйде жүрміз?» деген сұрақ қойды. Мен бұл сұраққа былай деп жауап бердім: «Араб әмірліктері – мұнайдың пайдасын көріп отырған ел. Өздері би, өздері қожа. Мұнайдан түскен пайданы өз елдерінің игілігіне жұмсайды. Ал бізде мұнайдың мұңы қазақтікі болғанымен, пайдасын өзгелер көріп отыр. Мұнай алаңдарының бәрі сатылып кеткен. «Теңізшевройл» - АҚШ-тікі, біздің көретініміз бар-жоғы 20 пайыз ғана. Қарашығанақта – 10 пайыз. Анау –Қытайдыкі, мынау – Ресейдікі...
Егер бәрі өзімізде қалса, пайдасын да өзіміз көрер едік. Мен әуелден мұнай саласын жекешелендіруге түбегейлі қарсы болғанмын. «Елдің байлығы елде қалуы керек. Мұнай кеніштерін сатпа» деп Қажыгелдинмен де жағаласқанмын кезінде. Қарсы шыққаным үшін жұмыстан қуды, мұнайшылардың аузын аштырмады. Қорқытты, үркітті. Менен кейін «мұнай саласы жекешеленбесін» деп ешкім айта алмады.
- Сол кезде инвестор тартпасақ, мұнай кеніштерін қалай игеретін едік? - Үкімет басшысы Ә.Қажыгелдинге: «Маңғыстаумұнайгазды» сатпайық. Маған тізгінді беріңіз, миллиардтап инвестиция алып келуге болар еді» дедім. Көнбеді. «Сен ештеңе түсінбейсің» деп жазғырды.
- Президентке неге айтпадыңыз? - Ол кезде БАҚ еркіндігінің нышаны бар еді. Телеарналар арқылы айттым, «Егемен Қазақстанға» осы туралы мақала да жаздым. Мені Заманбек Нұрқаділов, Фариза Оңғарсынова, Ирак Елекеев және тағы да басқа депутаттар қолдады. Жағдайды бәрі біліп отырды.
«Маңғыстаумұнайгаз» сатылатын тұста президент Н.Назарбаев Маңғыстауға келді. Жағдаймен танысты. Сонда президент маған: «Сен өзі жақсы жігіт едің, бірақ сені Америка бұзды. Ойың бізбен қабыспай жүр» деді. Егер ол кісі менің не айтып жүргенімнен хабарсыз болса, жағдайды білмесе, осылай деп айтар ма еді? Президент Н.Назарбаев бәрін біліп отырды.
Құдай берген мұнайымызды өзіміз өндіріп, пайдасын да өзіміз көрудің жолдары бар еді. Бірақ сол тұста бұл туралы ешкімнің ойланғысы келмеді. Қажыгелдиннің де, басқасының да.
- «Жалғыздың шаңы шықпас» деген сөз бар қазақта. «Мұнайдың мұңын» түсінетін Сіздің қатарластарыңыз қайда? Олар неге үндемейді? - Мұның басты себебі – бойкүйездік пен жалтақтық. «Сен айтып, жазып жүрсің ғой. Көпті көрдің, сенің айтқаның жетеді» дейді. Менің ғана айтқаным жетпейді. Менің қатарымнан марқұм Нұрлан Өтепұлы Балғымбаев мәселені жете түсінді. Жекешелендіру тұсында Нұрлан Өтепұлы мұнай министрі болды. Мұнай саласын жекешелендіруге ол да қарсы шықты. Бірақ біздің сөзіміз өтпеді.
- Жағдайды түзетуге бола ма? Әлде осы кеткені кеткен бе? - Болатын еді, бірақ оған көп күш керек. Мұны енді кейінгі буын қолға алмаса болмайды. Түзетудің жолы бар. Мәселен, «Теңізшевройлдың» келісімшарты аяқталуға таяу. Келісімшарт біткен соң кенішті өз қолымызға алуға болады. «Құрметті америкалық қонақтар, сіздерге рахмет! Енді біз өз мұнайымызды өзіміз игереміз. Оған шамамыз жетеді» деу керек. Одан кейін ол компанияның басына «блатнойларды» емес, өндірісті білетін білікті басшыларды қойып, америкалықтардың мықты мамандарын жалдап жұмыс істету қажет. Арабтар осылай істеген.
- Америкалықтармен келісуге болар, көрші Қытайды қайтеміз? - Қытаймен біршама қиын. Олар бас сұққан жерінен ешқашан кетпейді. Менің ойымша, Қытаймен де келісуге болады. Басқаша тәсілмен. Бірақ біздің Қытайға қарызымыз қыруар. Әлі де қарыз алып жатырмыз. Қарыздың күліп келіп, жылап қайтатыны белгілі. Ең бастысы – талап қоя білу. Талап қойып, шартымызды орындата білсек, мәселені шешуге болады.
(Жалғасы бар)
Басып шығару