Атырау қаласындағы Махамбет Өтемісұлы атындағы академиялық қазақ драма театрында «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Маралтай Райымбекұлының «Аруана» атты жыр кеші өтті.
Жайық өңірін жырға бөлеген кеште композитор, Қазақстанның еңбек ері Ілия Жақанов пен белгілі ақын Светқали Нұржанов ақынның «Аруана» атты кітабының тұсауын кесті. Айта кетейік, киелі Сарайшық қаласы мен Сұлтан Бейбарысты арқау еткен «Аруана» кітабы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен жарық көрген болатын. Кеш барысында жыршы, фольклоршы Берік Жүсіп, философ-жазушы Серік Елікбаев пен өзге де қонақтар арнайы сөз алып, ақынның иығына шапан жапты.
Сондай-ақ, «Аруана» поэмасынан театрландырылған қойылым қойылды. Шара аясында ақынды Атырау облысының әкімі Серік Жамбылұлы қабылдап, жылы лебізін білдірді.