ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, ақын Мақпал Мыса ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжановқа, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаеваға балалар әдебиеті және балаларға арналған түрлі балалар басылымдарын «Қазақ газеттері» бірыңғай брендіне біріктіру мәселесі жөнінде депутаттық сауал жолдады. Депутаттық сауалға Мақпал Мыса, Дархан Мыңбай және Жұлдыз Сүлейменова қол қойған.
«ҚР Үкіметінің 2020 жылғы 7 қарашадағы Қаулысына сәйкес, барлық мемлекеттік баспа-басылымдарын «Қазақ газеттері» бірыңғай брендімен біріктіру жоспарлануда. Оның ішінде, әрине, «Балдырған», «Ақжелкен» журналдары, «Дружные ребята», «Ұлан» газеттері бар. Біріктіру жұмыстары ағымдағы жылдың екінші жартыжылдығында аяқталады екен», - деді ол.
Мәжіліс депутаты Мақпал Мыса балаларға арналған төрт басылымға кететін жылдық шығынның көп емес екенін айта келе, фракция мүшелерінің бұл бастамаға түбегейлі қарсы екенін жеткізді.
«Біз жалпы басылымдардың біріктірілуін түсіністікпен қабылдаймыз. Алайда Nur Otan партиясы фракциясының мүшелері ретінде олардың ішіне балалар басылымдарын қосуға түбегейлі қарсымыз. Бүгінде «Ұлан» газеті аптасына бір рет 5 000, «Ақжелкен» журналы айына бір рет 3 000, «Балдырған» журналы айына бір рет 7 000, «Дружные ребята» газеті аптасына бір рет 3 000 данамен шығады. Төрт басылымға кететін жылдық шығын мөлшері 134 миллион теңгені құрайды екен. Жастайынан сауат ашып, мемлекеттік тілді оқытып үйрететін тәрбие құралы – балалар басылымдарына бұл көп қаражат емес деп ойлаймыз», - деді депутат.
Депутат еліміздегі 7 100 мектепте білім алып жатқан 3 000 оқушы үшін төрт басылым сақталып, олардың газет-журналдарға жазылуын қамтамасыз етіп, жас оқырмандарға жағдай жасау керектігін жеткізді.
Басып шығару