СЕГІЗ ЖЫЛ БҰРЫН - 2012 ЖЫЛДЫҢ 21-НАУРЫЗЫНДА АСҚАР АҚСУАТҚА БАРЫП ЕДІ.
"Атамекен" аталатын бейнебаянда айтқандай, Асқар Алматыдан Ақсуатқа аса ауқымды дайындықпен аттанған.
Ол әлеуметтік, ұлттық мәні бар шараларға жиі қатысатын, қаржылай қолдау көрсететін қолы ашық, ұлтсүйгіш жан болған.
Ақсуатқа - атамекеніне қалай болса солай арсалаңдап жетіп барса да, "жетесіз" деп ешкім айтпас еді. Асқар олай етпеді. Асықпай, өзі айтқандай "он жыл дайындалды". Соның соңғы екі жылында "Қалай барамын?" деген сұрақты бірге талқыладық. Аса жомарт көңілмен ақтарылып, айтқызбай алдыңа түсетін.
8 жыл бұрын дәл осы күні елең-алаңда Алматыдан аттанып едік. Асқар, Ертай жүргізуші - Есен бар көлікті кезек тізгіндеп, суыт жүріспен түс ауа Тарбағатай асқанбыз.
Аудан шекарасында Қызыл кесік ауылының азаматтары күтіп тұрған. Жолдың терістік жағындағы "әу!" дем жерде созылып жатқан бітімі бөлек тау сілемін нұсқап, Асқарға: - Атаңның тауы - "ЖӘКУЛӘНІҢ ҚЫЗЫЛ ТАСЫ" осы" деп қарап тұр. Фамилиясы таумен тағандалған әсершіл Асқарды қойып, біз де толқып кеттік.
Сол күннен бастап аудандық шараларға қолдау көрсету, Би Боранбай мектебін жөндеуден өткізу, ауыл көшелерін ретке келтіру, "Жәкуләнің жұрты" ескерткіш ансамблін қою, "Қубас аттың кезеңін" қалыптау, "Ерке жирен" ипподромын салу, Жәкуләнің 150 жылдық мерейтойын үлкен ауқымда екі күндік бағдарламамен өткізу т.с. қыруар жұмыстарды 15 ай көлемінде орындап шықты. Сөйтіп, екі жүз мың АҚШ доллары көлеміндегі қаржыны "Желге" емес, Елге ұшырды. Білген соң айтамыз - игі істің басында, жоба-жоспардың арасында болған соң айтамыз. Жұрт білсін деп айтамыз.
Ұлт көсемі Мұхаметжан Тынышбаев Мәскеуде тұратын Ғазиза Жәкуләқызымен үйленгенін - балары бар екенін, ХІХ ғасырдағы патша армиясының лазареттегі әскери дәрігері, Гуверния хатшысы Жәкулә енді Тынышбаевтің атасы болғанын білгенде Асқар сырқат еді. Тынышбаев өзінің жездесі екенін білгенде, оған өзгеше толқығанда Асқар Жапонияда жатқан.
Асқар 4 жыл бұрын ана дүниеге кетті. Жәй ғана кете қалған жоқ, жары Жәйнаға, ұл-қызы Айдана мен Айқұтқа, тіпті, бүкіл Ел мен ұрпаққа өшпес ізгілік мөріндей ізі мен өнегесі биік өсиет хат қалдырып кетті.
Жәйнә жарады. Жәкулиндердің даңқына лайық жар болды. Ақсуатты АТАМЕКЕН танып, Асқардың арманын айнытпай ада етіп келеді. Айдана бойжетіп, Назарбаев мектебін үздік бітіріп, ал, екінші класқа барған Айқұт Әнұранды тебірене айтатын жігерлі "жігіт" болып есейіп келеді.
"АТА МЕКЕН" Асқардың жазбасынан төрт есе ықшам мәтінге құрылған бейне баян (Оператор Талант деген Ақсуаттың жігіті).
ЕРДІ ЕЛІ ҰМЫТПАЙДЫ.
ЕЛІ ҰМЫТСА ДА ЖЕРІ ҰМЫТПАЙДЫ!