Интернетте тараған көз көріп, құлақ естімеген мемлекеттік структураның аты көпшілікті таңқалдырды. Бөлімнің атауы – Бақыт және ұзақ өмір сүру бөлімі. Бұл бөлім немен айналысады, бұқара халықтың нендей мәселесін шешеді?
Бақыт және ұзақ өмір сүру бөлімі қала әкімдігінің Әлеуметтік әл-ауқат басқармасына қарайды. Соған сәйкес, бұл бөлімнің қызметкерлері халықтың бақытты һәм ұзақ өмір сүруіне жауапты сықылды. Әкімдік қызметкерлері бөлімнің «Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтары» мен «Бақытты отбасы» орталықтарына жауапты екенін айтады.
2019 жылы «Белсенді ұзақ өмір» жол картасына 101 122 000 теңге қаражат шығындалған. Қазір Алматы қаласында жеті бірдей ұзақ өмір сүру орталығы жұмыс жасап тұр. Аталмыш мекемелер зейнеткерлердің уақытын қызықты өткізіп, түрлі шараларға қатысуын міндетіне алады. Орталықтарда жалпы саны 6 280 адам тіркелген.
«Жыл сайын төрт мыңға тарта зейнеткер курортта ем алу мүмкіндігіне ие болады. Ал Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен мүгедектеріне ем алу тегін», - деп мәлімдеді әкімдік.
Бақыт және ұзақ өмір сүру бөлімі аймақтардағы аталмыш бағытта жұмыс істейтін орталықтардың жұмысын қадағалау және статистикасын жүргізумен айналысады. Олардың айтуынша, өткен жылы сегіз «Бақытты отбасы» орталығында 40 мың адамға қызмет көрсеткен. Бұл орталықтар көпбалалы және аз қамтылған отбасылар үшін арнайы ашылған-ды.
«Орталық – әрдайым жұмыс жасайтын, білім беру және ақпараттандыру, біліктілігін арттыру, балалар мен көпбалалы аналардың денсаулығын қадағалау сияқты міндеттерді атқаратын орын. Бүгінде аталмыш типтегі орталықтарға 5 692 отбасы тіркеліп, 3 686 бала педагогтардың жеке бақылауынан өткен», - деді әкімдік қызметкерлері.