Ақтөбе облысында қызылша ауруының 499 дерегі тіркелді
2019 жылдың 1 қаңтарынан 2020 жылдың 6 ақпанына дейін Ақтөбе облысында 499 адам қызылшаға шалдықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Соңғы уақытта вакцинадан бас тарту жағдайлары көбейіп келеді. Ақтөбе облысында екі мыңнан астам адамға екпе жасалмаған.
«Республикада, оның ішінде Ақтөбе облысының аумағында қызылшаға қатысты қолайсыз эпидемиологиялық жағдай сақталуда. 499 қызылша ауруының 265-ке жуық түрі зертханалық зерттеулер арқылы расталды. 2018 жылы қызылшаға қатысты жағдай әлдеқайда жақсы болғанмен, алғашқы қызылша ауруы 2018 жылдың желтоқсан айында тіркелді », - деді Ақтөбе облысы бойынша тауарлар мен қызметтердің сапасын бақылау бөлімінің бастығы Нұрсұлу Беркімбаева.
Оның айтуынша, аурудың 72 пайыздан астамы вакцинацияланбаған ақтөбеліктер арасында тіркелген.
Қызылшаның алдын алудың ең тиімді және сенімді әдісі вакцинация екендігін ескерсек, бұл көңіл қуантарлық ақпарат емес.