Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Жаңатас қаласындағы өрт салдарынан бес баланың қаза болуына байланысты пікір білдірді.
«Аса қайғылы жағдай облыс тұрғындарын есеңгіретіп тастады. Жаңатас қаласындағы тұрғын үйде шыққан өрт бес баланың өмірін қиды.
Қайғылы жағдайды жан-жақты қарау үшін облыс әкімінің орынбасары Ұ.Жазылбековтың басшылығымен арнайы комиссия құрылды. Оқиға орынына облыс прокуроры Н. Әбдіров, Полиция департаментінің басшысы Ж.Сүлейменов, Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Е.Момбаев барды», - деп жазды ол әлеуметтік желідегі парақшасында.
Оның айтуынша, балаларынан айырылған отбасыға қажетті психологиялық және материалдық көмек көрсетіледі.
«Мәселе менің жеке бақылауымда. Балаларынан айырылған отбасыға және оның жақындарына қайғырып көңіл айтамын», - деді ол.
Еске сала кетейік, кеше Жамбыл облысының Сарысу ауданына қарасты Жаңатас қаласында сағат түскі 15:15 шамасында бес қабатты үдің үшінші қабатындағы бір бөлмелі пәтерден өрт шығып, 2015, 2016, 2017, 2019 және 2020 жылы туған бес бүлдіршін қайтыс болды. Балалардың әкесі жұмыста болған, ал анасы дүкенге шыққан. Улы газға тұншыққан бес баланы да құтқару қолдан келмеді.
Басып шығару