Бүгін – қазақ әдебиетіндегі махаббат символы, асқақ рух пен әйелге тән нәзіктік болмыстың, қайсар мінездің, мейірімнің бейнесіне айналған ақын Фариза Оңғарсынованың туған күні.
Осыдан тура алты жыл бұрын ақын қыз өмірден озып еді. Көзі тірі болғанда қаумалаған көпшілікпен мерейлі жасын тойлап, ел-жұртына арнап жыр оқыр еді... Құдайдың ісіне кінә арту адамға тән қасиет емес, тек көнбек ләзім.
Адамның қолынан келері бір ғана дүние. Ол – өмірден өткен жақсы адам туралы шын жүректен сөз айта алу, насихаттау. Фариза Оңғарсынова шығармашылығы – келер буынға өз деңгейінде насихатталуы тиіс жәдігер.
Қазақ әдебиетінің алтын қорына өшпес жазулармен есімі бедерленген ақынды сағыну – көзі ашық адамның, биік адамның әрекеті. Фариза апамыздың әдебиеттегі орыны, абырой-беделі әлі талай айтылар, жазылар. Оның көзін көргендер, оның ішінде мейірімінің ұшқыны тигендер, шапағатын сезінгендер, «айналайынын» естіген жастардың басым көпшілігі осы ортада жүр.
Жүйрікті топ ішінен жазбай танитын бірегей қасиетінің арқасында Фариза апамыз көптің бағын ашты. Жас буынның ішінен «талағында биті бар» балаларды таңдады, таңдауының алдаған кезі де жоқ. Балаға, жас буынға деген ықылас-пейілі балалар газетінде айқын көрінді.
Болашақты тәрбиелеп, адам үшін ең ізгі іс атқарған апамыздың жыры мен өнегелі ғұмыры артында қалды. Адамның мәңгі жасауы деген де осы болар, бәлкім?!
Ел жадына есімі жатталғандар көп емес. Халық есінде мәңгі қалатын тұлғалардың қатары сирек. Осы сирек алыптардың арасында Фариза Оңғарсынова есімі аталары сөзсіз.
Ақын апамыздың өлеңдері көзі тірісінде де үздіксіз басылды. Өйткені, оқырман сұранысы бар еді. Өмірден өткеніне екі жыл толғанда «Сардар» баспа үйі Фариза Оңғарсынованың 12 томдық жинағын шығарды. Бұл-дағы ақын тұлғасына деген құрмет, ақын болмысына ізет.
Оңғарсынова шығармашылығы өміршең. Оның өлеңдерін араға жүз салып оқысаңыз да ескірмегенін, дәуренінің өтпегенін байқайсыз. Өйткені, ол заман ағысына бейімделіп жыр жазбады, ол өз жүрегіндегі сезімдерді, құйылып түскен штрихтарды жазды.
Ол биік еді, асқақ еді, қайсар еді... Қасиетті Нарын құмы туған тағы бір асыл перзент осылайша – өз халқының көз алдында ұлы мұратын орындап кете барған...
Басып шығару