Дауыл, дауыл! Күркіретті,
Ойдан қырға шаң шұбады.
Тозған бұлтты жыртып өтті
Найзағайдың қамшылары.
Атылады ақтаңдақ ат,
Ер адасса – қияда жол.
Жүрген жоқ ер мақтан қалап,
Мақтанбауға ұялады ол.
Мынау жалпақ Нарын құмы
Артты ақынға нардай арман.
Көп шақырды сағым мұны,
Жоқ қой бірақ алдай алған?!
Ер басына төнді бір бұлт,
Дауыл, ішін тартса да ұлып.
Жұтам дейді елді қылғып
«Екі басты қарт самұрық...»
Батыр өзін кінәлаған,
Сол кінәсін көтерді кек.
«Бұл табиғат мына маған
Берген екен бекер жүрек!
Қыран екем, қарға алдында
Жасыта алман жан қуатын.
...Жәңгір сын-ды хандардың да
Келді-ау кезі қаңғыратын!»
Көтерілді қанды желік,
Биле, саусақ, бас пернені.
Дүбір-дүбір... қалды келіп
Қарауылдың әскерлері.
Оян, батыр, жаның қайда,
Жатыр жауың қырқа астында.
Ұсап кетті қалың найза
Көкбуырыл бір тасқынға.
Жұдырықтай түйілді ауыл,
Түйілді кек шемен болып.
Көтерілді құйын-дауыл,
Көтерілді ел өлең болып.
Аттанды өзі кек пен ыза,
Неге керек «аттандамақ»,
Шыға берді көптен ұзап
Манағы бір ақтаңдақ ат.
Жар мен ордан жасқанбады ол,
Әпере ме ерге кегін?
Жерді емес, басқандай ол
Домбыраның пернелерін...
Сарнады-ай кеп дала сонда,
Құм да оянып аунады ақыр,
Қызды найза алақанда.
Ер тіл қатты жауға батыл:
«Қайт, қайт, қайт, қайт!»
Дауыл, дауыл!... Ағала шаң...
Жалба-жұлба көрінді иық.
Қолдар жүрді жағада сан.
Ел тіл қатты кегін жиып:
«Қайт, қайт, қайт, қайт!»
***
Біз күй тыңдап отырмыз. Санамызда – «Сарыарқа» сарыны. Мың аттылы жарысқан дүбір, көтерілген шаң, самсаған найза... «Көтерілген шаң, самсаған найза деймін-ау», осы көріністің бәрі де Жұмекен санасында құбылған қимыл — оқиға.
Жұмекен күй тыңдап отыр, ал рухы әлде қайда дауылды, дүбірлі көтеріліске араласып кеткен сықылды.
Мынау жалпақ Нарын құмы
Артты ақынға нардай арман.
Көп шақырды сағым мұны,
Жоқ қой бірақ алдай алған?!
Осындағы «Ақын» күй тыңдап, сол күйдің дүбірімен, рухымен, сарынымен жүз жылға шегініс жасап кеткен Жұмекеннің өзі сияқты. Естеріңізде болса, «Сарыжайлау» күйін тыңдағанда ақын «Күй ескі, ендеше ондағы көрініс те ескі» деген идеяны ойға салатын. Ақынның «Сарыарқа» күйін тыңдап отырғандағы көрінісі де сол есте қалған ескі заман. Ақын отарлауға, жаулауға қарсылық заманының түу басына дейін шегінеді. Сөйтіп, от оранған ойларын ашық айтады:
Ер басына төнді бір бұлт,
Дауыл, ішін тартса да ұлып.
Жұтам дейді елді қылғып
«Екі басты қарт самұрық...»
“Екі басты қарт самұрық” қай елдің таңбасы екенін жақсы білеміз. Бізге «жұтам деп» — қай кезде келгенін де. Сол заманнан-ақ халық қанын шашып қарсы тұрған. Құрманғазылар күймен, Махамбет сынды ақындар жырмен жұртын ерлікке — өрлікке шақырып, елінің есесін қорғап, еңсесін көтерген. Осынау күй өлеңдегі ақын шабытын бірде Құрманғазы күйінің, бірде Махамбет жырының жалыны шарпиды.
Батыр өзін кінәлаған,
Сол кінәсін көтерді кек.
«Бұл табиғат мына маған
Берген екен бекер жүрек!
Қыран екем, қарға алдында
Жасыта алман жан қуатын.
...Жәңгір сын-ды хандардың да
Келді-ау кезі қаңғыратын!»
Исатай – Махамбеттен басталатын көтерілістер қазақ даласының әр тұсынан шаң беріп тұрған кез. Ал осы тұста халықтың қабылдау мүмкіндігіне қарай жазба дүниелердің насихатынан гөрі күйдің таралуы кең еді. Оны жалғап, іліп әкетіп тартатын күйші де көп болатын.
Ал «Сарыарқа» - сол замандағы көтерілістердің, қарсылықтардың әнұраны сияқты. Күй екпіні қазір де қалыңды қыздырады ғой. Біз «Сарыарқа» күй өлеңіндегі мына жолдарға үңілдік:
Жар мен ордан жасқанбады ол,
Әпере ме ерге кегін?
Жерді емес, басқандай ол
Домбыраның пернелерін...
Сарнады-ай кеп дала сонда,
Құм да оянып аунады ақыр,
Қызды найза алақанда.
Ер тіл қатты жауға батыл:
«Қайт, қайт, қайт, қайт!»
Өлең сұлулығы — теңеулер, найза қыздырған алақан, аунап түскен Нарын құмы - осының бәрі күй үні мен өлең сөзіндей домбыраның екі ішегін бойлап жарысып барады. «Қайт, қайт, қайт, қайт» деген өктем үн өлеңнен гөрі күй дауысында жаңғырығып, жар салып тұр.
Дауыл, дауыл!... Ағала шаң...
Жалба-жұлба көрінді иық.
Қолдар жүрді жағада сан.
Ел тіл қатты кегін жиып:
«Қайт, қайт, қайт, қайт!»
Біз мұның «Сарыарқа» сарынымен келіп тұрған рух екенін сезінеміз. Бұл сарынмен Нарын құмының жұрты ғана емес, күллі қазақ рухын көтерілетін. Бұл - отаршыға есесі кеткен елдің еңсесін еңкейтпеске тіреу болған күй, сүйеу болған күйлер. Ақын соны қалтқысыз түйсінеді, қапысыз жазады.
Тастар еді көгендеп
Құрекеңдей ерлерді.
Қор етпейін деген жоқ,
қорқыта алмай қор болды.
Белең-бидің,
бай таптың
иттері де «саңлақ» боп,
шапқанымен айтаққа,
батып тістей алмапты.
Қызарыпты қорлықтан,
елім, сенің кегіңнен;
от болыпты ол,
сондықтан
ұстапты тек темірмен.
Осы кітапта күйдің — халықты күймен көтерген Құрманғазының отаршы үшін қандай қауіпті «жау» болғаны көрініп тұр. Оның құралы – домбыра, сөзі күй.
Жұмекен ойларына тән тағы бір ерекшелік – әлемдегі ұлттар арасындағы теңсіздікті өртене жырлауы. Сол арқылы өз заманының сипатын ойға түсіру, оны бейғам жұрттың есіне салу. Осы «Күй кітабындағы» «Салыстыру» деген өлеңінде Паганиниге «мұң шаққан» өлеңді оқыңыз:
Нені айта алсам – сенің кінәң емес қой,
нені айтпасам – менің кінәм емес қой –
сен түсіріп жатқан кезде скрипкаға күйді бір,
батыр Сейтек отыр еді қамауда.
Қонақ үйден орын таңдап сен жүргенде,
үйді бұл
Жау түткілеп, – түсіп еді талауға,
Сенің жарың алтын алқа таққанынша күлдіріп,
Әуес-шешей тезек терді бір қауым.
Сен әлемді таңдантқанда – Құрманғазы «бүлдіріп»,
киіп еді Спартактың бұғауын.
Сен тұрғанда кештіғұрым ақ балконға сүйеніп,
түсіне еніп сары бөз бен кенеп көп
бабам менің бүтін үйге кіре алмады,
түйе жүн
Шекпенінен ұялғаннан емес тек.
Сен отырдың Амадидың - 1 скрипкасын жаратпай,
Махамбет те тумайтұғын ер тіпті, –
домбыра жоқ – қой шетінде отырғанда таң атпай,
көршілердің көсеуін ап шертіпті.
Мұның бәрі сенің бағың емес қой?
Сонда осы... Менің сорым да еместей...
Шынымен де бұл кімнің кінәсі?!
Шона Смаханұлы «Жұмекенді түсінбейтінімізге себеп - ол сияқты терең ойлай алмайтынымыз, жанды тігіп сөйлей алмайтынымыз» деп айтыпты. Ақын жанын азаттыққа ұмтылмаған, бостандыққа талпынбаған — отарлық бұғауын сезінбеген адамдар түсінбесі анақ… Динаның «1916 жыл» күйіне арналған өлеңді оқыңыз. Осы ойлардың жетегінде кетесіз.
Өлең атаулы онсыз да музикалы құбылыс. Ол — әуелде әуенмен егіз болатын. Ал Жұмекенге келсек, ондағы өлең сөз сипатында жыр сұлулығы сол әуелдегі сыңарын — сыңғырын тапқан. «Күйшінің кейбір сәттері» деген өлеңінде күй аңсаған көңіл үздігеді.
«Ес, ес, самал, тым құрса, жас бұталар, қақтығыс.
жерден қазсаң да, Алатау, селт еткізе тап дыбыс…
Өлеңді толық оқыңыз. Тамаша сезіммен тамсанып отырасыз.
«Ақсақ құлан» өлеңін біз поэма деп қабылдаймыз. себебі: біз оған біраз жыл кейіндеп жазылған бір тарауын қосып оқып жүрміз.
Өлеңдегі аңыз — Жошыхан заманына тән. Ал ақын өз заманын жазады. Біз ше? біз бүгінгі уақытты көріп отырмыз:
«Күйшіні аяп көметіндер табылар
Халыққа не?
шаруасы бар, бағы бар.
Ауызы бар «мен емес» деп арылар.
Хан анық
Қуат сезді және бір
жатып қалған қамалып.
сол қуаттан қорықты ол
қорқу да
билігі бар адам үшін даналық.(«Расында күй ме ханды жібіткен»)
Сөз сұлулығы онсыз да сыңғырап тұр. Оны айтып уақыт алмайық. Ал ондағы ойды дәл бүгінгі қоғаммен байланыстыра барлау сіздің еркіңізде. Бізден өтініш ұлтын — отанын жырлап мәңгілік өлең- сөз, ой толғамдар қалдырған қайсар ақынды біліп, оның мұрат, мақсұттарын үйреніңіз.
Баламасы жоқ бірегей гауһар — «Күй кітабі» туралы жазуымызды келесі мақаламен - Жұмекеннің өзі жазған «Абыл» күйіне талдауымен тамамдаймыз.
Қазірше Әбіш Кекілбайдың ақын туралы сөздерінен үзіндіні ұсындық.
«Ақиқат орасан болса, оны әркім-ақ көрер еді. Жоқ, ол тонналап табылатын қара көмір емес, граммдап сұрыпталаған уран. Мысқалдап жиналатын асыл. Түйірлеп дәмін тататын миуа. Жұмекен сол мысқалдап жиналатын ақиқаттан күллі адами тіршіліктің қыр-сырын түгел ашатын кең қарымды панорама – өзінің «Адамзаттық панорамасын», дұрысы өзінің «Адамнамасын» сомдап үлгерген ақын. Миниатюралардан жымдастырған монумент сомдаған сирек мүсінші. Бәлкім, біздегі бар шығармасын біреуін алып тастасаң, бәрі ыдырап қалатындай, лиркалық інжулер тізбегін біртұтас шедеврге айналдырып кете алған бірден-бір суреткер. Қолына домбыра ұстаған Жұмекеннің поэзия мен музыканы шебер тоғыстыра алғанынан әркім-ақ хабардар. «Күй кітабын» оқыған әр адам мұның шындық екеніне көз жеткізе алады. Бүкіл үш томдықты толық оқыған адам Жұмекен музыкализмінің ол жазған өлеңдердің тақырыптары мен әр шумағының эвфониялық байлығымен шектелмейтінін бірден таныр еді. Оның поэтикалық шығармашылық түрлері музыкалық шығармашылық түрлерімен әуендес. «Балаусадағы» Моцартқа тән рондолық, одан кейінгі біраз кітаптардағы Шопен мен Шубертке тән сонаталық, кейінгі кітаптардағы Бетховенге тән қаһармандық, драматизмге толы симфониялық, тіптен кейінгі кітаптарындағы Вагнерге тән сұрапыл дисгармониялық және диссонанстық рок-симфонияға лайық пішімдерге ұласады».
Басып шығару