Келеді атып тағы да,
Ғажап қой дала таңдары.
Ұялап жатыр жаныма
Үміттің балапандары.
Күтіп ап дала таңдарын,
Жолды аңдып байқайын деп ем.
Сол үміт балапандарын
Арман ғып шайқайын деп ем!
Сарғайма, шығыс сарғайма,
Күтем деп сен де күн өңін.
Бұтадан ұшқан торғайға
Сапардың сәті – тілегім.
Бір сапар бар ғой менде де,
Жанымда ойлар жүр ізгі.
Туған жер, сенің кеудеңе
Салайын деп ем бір ізді...
Біз осынау өлеңдерге зейін сала отырып, түннің өзін төрт бөлген табиғатты (ақшам, түн, елең-алаң, таң) Жұмекеннің өлеңінен - поэзиясынан байқаймыз. Құбылысты көзбен көріп тамашалау бір басқа да, оны көркем сөзден көріп түйсіну мүлде басқа биік деңгей. Ол - табиғаттың түр - түсін ғана емес, сипатын жане адаммен жіпсіз байланысын көру.Біз мысалға алған өлең таң атқан шақ. Бұл өлеңдерден жас Жұмекеннің де өнердегі, әдебиеттегі таңының атып келе жатқанын байқаймыз. Үміттің балапандарын ізгі арманмен шайқаған жас ақынға, таң бозынан көкке көтеріліп шырылдаған бозторғайдай боздақ ақынға алдағы арпалыс күндерде сапардың сәтін біз де тілейміз. . Бір сапар бар ғой менде де,
Жанымда ойлар жүр ізгі.
Туған жер, сенің кеудеңе
Салайын деп ем бір ізді...
Иә, туған жерге, туған топыраққа Жұмекен салған із бүгінде сайрап жатыр. Саф алтын жырлары жүрекке жеткен. Оның арман-мұраты биік рухпен орындалғанына куәміз.Жұмекен шығармашылығының бастапқы бөлімдерінде талдағанымыздай ақын жанының табиғатқа жақындығын, оның суреткерлігін, оның поэзиясының ғажайып бейнеге құрылатынын айтып-ақ келеміз. Біз бұдан соңғы үш өлеңмен ақынның алғашқы кітабы «БАЛАУСА» жинағын ашық қалдырып, келесі кітапқа - суреткердің келесі деңгейіне бірге өтеміз. Сізде осы порталда Жұмекеннің жауһар жырларына ден қойыңыз. Ақанның сонарға «салған ізіне» сұлу поэзияның ізіне бірге түсейік.
Басып шығару