АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы, Ресейден аяқ тартатын саясаткер, тілі уәдеге толы Майк Помпео Қазақстанға ат басын тіреді. Келгендегі мақсатын да жайып салған-ды. Көздегені – Қазақстанды америкалық компаниялармен етене жұмыс жасауға шақыру.
Мемлекеттік департаменттің басшысы ҚР Сыртқы істер министрі Мұхтар тілеубердімен кездесіп, аталған серіктестіктің қазақтарға керемет әсер тигізетінін аузынан суы құрып баяндады. Сондай-ақ, мистер Майк көпшік қоюға да жетік адам екенін аңғартып, АҚШ-тың Қасым-Жомарт Тоқаев жасап отырған демократияның ықпалын арттыруға бағытталған реформаларды қос қолын көтеріп қолдайтынын жеткізді.
«Біз Қазақстанның таңдау құқығына титтей де тіл тигізбейміз. Сіздер кіммен іскерлік қарым-қатынас құрамын десеңіздер де қолдаймыз. Дегенмен, мен америкалық компаниялардың кез келген мемлекет үшін қолайлы екенін жеткізгі келеді», - деді ол.
Оның айтуынша, АҚШ компаниялары «жұмыс орынын көбейту, келіссөздер ашықтығы, тең құқық, жұмыс сапасы» деген дүниелердің болатынына кепілдік береді-мыс. Мемлекеттік хатшының айтуынша, америкалық компаниялар «дәл осындай жүйемен» жұмыс жасайды.
Кездесуде мың құбылған мистер Майктың миығынан күлгені қызық... Ол бірнеше мәрте Қазақстандағы президент реформасын «межелі әрі бәсекеге қабілетті» деп қолпаштады.
«Тоқаев экономикалық даму мен демократияның ықпалын арттыруда, халықтың билікке сенуіне әрекет жасауда. Бұл реформалар уақытылы әрі қажетті дүниелер. Біз бұл қадамдарды қолдаймыз», - деді шетелдік қонақ.
Еске салайық, АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Белорусь мемлекетіне де барып, Лукашенкоға бірқатар ірі уәделер берді. Алып державаның дамушы мемлекеттен көздейтіні жұмыс жасайтын платформа мен әлсіз нарық һәм шикізат екені даусыз...
Басып шығару