Ақтөбеде дауға айналған шошқа фермасының қожайыны Гайк Тертерян Армениядан видео үндеу жолдап, қожалығының төңірегінде болып жатқан шуға қатысты пікір білдірді. Екі ай бұрын Арменияға сапармен кеткен кәсіпкердің әуе қатынасының жоқтығынан елге орала алмай отырғаны белгілі болды.
Үндеуінде Гайк Тертерян ақтөбеліктер жабылуын талап етке шошқа фермасының заманауи техникамен жабдықталғанын, ал жылына Алға ауданының бюджетіне миллиондап салық құйып отырғанын атап өтті.
Кәсіпкер үкімет тұрғындар талабын орындау үшін Бестамақтағы шошқа фермасын жабу туралы шешім шығарса, қарсылық танытпайтынын да айта кеткен.
Қазіргі уақытта Ақтөбенің билігі кәсіпкерге екі: ферманы толық жабу немесе шошқа орнына басқа мал өсіру туралы талап қойған.
"Үкімет ферманы қазір жап десе жауып тастаймын. Бірақ ол тез шешілетін шаруа емес. Уақыт керек. Екі жыл әлі несие төлеуіміз қажет. Су мен жем бермей бүгін-ертең қырып таста десе, артынша індет тарауы мүмкін. Ол да қауіпті", - дейді "Парижская коммуна" ЖШС құрылтайшысы Гайк Тертерян.