Ақордада Қазақстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан мемлекет басшыларының Қырғызстандағы оқиға туралы бірлескен мәлімдемесі жарияланды.
«Бауырлас Қырғызстанда болып жатқан оқиғалар бізді қатты алаңдатады.
Ғасырлар бойғы достық, тату көршілік, ортақ мәдени және рухани құндылықтар байланыстыратын жақын көршілер ретінде біз осы қиын күндері Қырғызстан халқын бейбітшілікті сақтауға және елдегі тұрақтылықты қалпына келтіру үшін өздеріне тән даналықты көрсетуге шақырамыз.
Біз Қырғызстанның барлық саяси партиялары мен қоғамдық топтары Конституция мен ұлттық заңнаманы сақтай отырып, мәселелерді шешу үшін, бейбітшілік пен тыныштықты қамтамасыз ету үшін қажетті күш-жігерін салады деп сенеміз.
Қырғызстанның өркендеуі аймақтық қауіпсіздік пен бүкіл Орталық Азияның тұрақты дамуының маңызды факторы болып табылады.
Біздің елдеріміздің өткені бір және болашағы ортақ. Орталық Азия халықтарын бейбітшілікке, келісімге және болашақ ұрпақтың игілігі үшін жасампаздыққа деген ұмтылыс біріктіреді.
Ортақ мақсаттарды бөлісе отырып, біздің мемлекеттеріміз сауда-экономикалық, инвестициялық, көлік-коммуникациялық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды, шекара және аймақаралық өзара іс-қимылды кеңейту үшін аймақтық ынтымақтастықты белсенді түрде нығайтады.
Орталық Азиядағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту жолында біз Қырғызстан халқын бірлікке, бейбітшілікке, дамуға және өркендеуге деген ұмтылысын әрқашан қолдаймыз ».
Басып шығару