Беларусь Орталық сайлау комитеті 9-тамызда өткен президент сайлауының ресми болжамды нәтижесін шығарды. Мәліметке сүйенсек, қазіргі президент Лукашенко 80,23 пайыз дауыс жинап жеңіске жеткен. Оған 4 652 000 адам дауыс беріпті.
Тихановская сайлаушылардың 9,9 пайыз, Канопацкая 1,68, Дмитриев 1,04, Черечня 1,13 пайыз дауысына ие болды. Ал барлық кандидатқа қарсы сайлаушылардың 6,02 пайызы дауыс берген.
Сайлауға барлығы 5 790 000 азамат қатысқан. Президент сайлауының қорытынды нәтижесі 14-тамыз күні жарияланады.
Қасым-Жомарт Тоқаев өз атынан және Қазақстан халқы атынан Александр Лукашенконы президент лауазымына қайта сайлануымен құттықтап жеделхат жолдаған.
«Дауыс берушілердің саны мен сіздің үлесіңіз Беларусь халқының өзіңізге сеніп артып, жүргізген саясатыңызға білдірген ризашылығы деп білемін», - деп жазылған жеделхатта.
Ал Беларусь Тергеу комитетінің төрағасы Иван Носкевич елдегі жаппай тәртіп бұзған азаматтар Заң аясында жазаланатынын мәлімдеді.
Басып шығару