Ол Атырау облысының Исатай ауданында туған. Мәскеу мұнай институтын, КОКП ОК жанындағы Жоғары партия мектебін бітірген. 1959-1964 жылдары – Жылой аудандық, Атырау облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы.1964-1970 жылдары – Шевченко қалалық партия комитетінің екінші хатшысы. 1970-1978 жылдары – Атырау облыстық кәсіподақ кеңесінің төрағасы, Қазақстан ЛКЖО ОК бірінші хатшысы. 1978-1979 жылдары – Қазақстан Коммунистік партиясы Целиноград облыстық комитетінің екінші хатшысы. 1979-1980 жылдары – КСРО аға инспекторы. 1980 жылы – Қазақ КСР МҚК төрағасының орынбасары. 1980-1982 және 1985-1988 жылдары – Қазақстан КП ОК хатшысы. 1982-1985 жылдары – Қазақ КСР МҚК төрағасы. 1988 жылы Қазақ КСР Жоғары Кеңесі төралқасының төрағасы, КСРО Жоғары Кеңесі төралқасы төрағасының орынбасары болған. 1988 жылдан бастап зейнет демалысына шыққан. Ленин орденінен бастап, мемлекеттік үлкенді-кішілі талай марапат алған. 2017 жылы дүние салды.
Мен бұл әңгімеге ұзақ дайындықпен келдім. З.Камалиденовті ардагер аға ретінде Астанада бірнеше мәрте әртүрлі делегация құрамынан көрдім. Кәдімгі қазақтың жетпістен асқан ақсақалы болыпты. Соңғы рет Ақтауда жолығып, көңілде жүрген көп сұрағым бар екенін айтып, әңгіме-сұхбат сұрадым. «Қорықпайсың ба?» деді.
Мен «қорқатын заман өтіп, шындықты айтатын заманның келгенін» алға тарттым.
– Құрметті Зақаш Камалиденұлы! Мен өмірбаяныңыздың күнгейлі тұстарының бәрін жақсы білемін. Оны «Дорогами судьбы» кітабынан оқыдым, тиістi мәліметтерді реттеп алдым. Менің сұрақтарым тағдырыңыздың көлеңкелі, жұртқа беймәлім тұстары туралы болмақ.
Осыдан жеті-сегіз жыл бұрын бip топ депутат – А.Айталы, М.Жүйріктаева, Ж.Қалиев және мен Лондонда болған едік. Алмағайып, сол күндердің бірінде КСРО-ның соңғы президенті М.С.Горбачев мырзамен бірге шай да, шарап та іштік. Сөз арасында саясатқа соқпай кете алмадық. Сонда Михаил Сергеевич Горбачевтен «Қазақ ұлтшылдығы» туралы КОКП Орталық комитеті Саяси бюросының атышулы қаулысы қалай қабылданды?» деп сұрағанбыз.
Оған М.Горбачев: «Ой, оны ұсынған да, қаулы жобасын жасаған да қазақстандық идеологтардың өзі ғой...» деп жауап қайтарды.
Зақаш Камалиденұлы, Горбачевтің лақтырған тасы сізге қарай атылғандай. Осыған аз-кем түсініктеме бере аласыз ба?
– Бәленің бәрі Горбачевтің өз басында тұр. Желтоқсан оқиғасы Горбачев саясатының салақтығы мен олақтығында жатыр. Ол бас хатшы болысымен беделді де, бедерлі, шынайы халықтың құрметіне ие болған адамдарды қудалай бастады. Солардың бipi – Димекең, Димаш Ахметұлы Қонаев. Ол алпауыт адамның бipi еді. Бірақ Горбачев оны көзге iлмедi. Қазақстан туралы, оның басшысы туралы бір ауыз жылы лебіз айтпады.
Tіпті Қонаев жолдасты орнынан алғанда КОКП Орталық Комитетінің қатардағы хатшысы Разумовский келген жоқ па? Осындай жағдайда Горбачев КОКП Орталық комитетінің өзі айтқан атышулы қаулысын бізге сеніп тапсыра ма?
КОКП Орталық комитетінің Саяси бюросы 1987 жылғы 11 маусымда Алматы оқиғаларына қатысты өзінің саяси бағасын берген болатын. Соған қарамастан арадан бip ай өтпей жатып, 4 шілдеде «Қазақ ұлтшылдығы» шолтаң етіп шыға келді. Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам. Оның авторы да, өткізушісі де – М.С. Горбачев.
Саяси бюрода қаралған кезде «қазақ ұлтшылдығы» деген бip ауыз сөз айтылмағанына кепілдік беремін.
Қазақстан Компартиясы орталық комитетінің бірде-біp қызметкері КОКП Орталық Комитетінің қаулысын даярлауға қатыстырылған жоқ. Оны жасырын түрде дайындаған Горбачевтің аппараты екенін ашық айтқан жөн. Шыңыраудан шыққан шындық осы.
– КСРО Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Филипп Денисович Бобковтың «КГБ и власть» деген кітабындағы деректер Желтоқсан көтерілісіне және жоғарыдағы КОКП Орталық Комитетінің қаулысына орай әрта мырлы деректердің ұшығын шығаратын секілді. Мәселен, Филипп Бобковтың жазуынша, Қонаев өзінің орнына Қазақстан Министрлер кеңесінің төрағасы Н.Назарбаев пен бұрынғы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағалығынан қайтадан Қазақстан Компартиясы орталық комитетінің хатшысы болып оралған З.Камалиденовті дайындады. Бірақ Зақаш күрделі кемшілік жіберді. Ол өзін орыстардан гөрі орыс етіп көрсетуге тырысты. Ал Н.Назарбаев басқа бағыттағы адам болды. Камалиденовке қарағанда ол білікті экономист, ұтымды өндіріс ұйымдастырушы eді. Оның аяғы жерде нық тұрған... Дегенмен, Зақаш Камалиденовке Қонаевтың мейірімі бөлектеу еді дегендей пікір бар. Соған қарағанда Қазақстан Компартиясы орталық комитетінің ішінде үнсіз тақ таласы жүріп жатқан болып шықты ғой.
– Иә, Бобковтың менің бастығым болғаны да, жоғарыдағыдай кітап жазғаны да рас. Әуелі, Бобковтың мына сөзін де қаперге салып кояйын. Қазақстанда болған оқиғалар ол тарихтан атылған автомат оғы. Оны Александр Николаевич Яковлев айтқан-ды. Соны алға тарта отырып, Бобков «Удивительно, что такая вот автоматная очередь стала знаменем настоящего, ибо тот день объявили в Казахстане Днем независимости», деп жүрегі қарс айрылғанын қайтерсің.
– Дегенмен, «жел болмаса шөптің басы қимылдамайды» деген халық даналығы бар. Осы жерде қалай да жұрт біле бермейтін бip сыр бар сыңайлы. Шындық үшін, ақиқат үшін сол бip күндерге қайта оралсақ кайтеді?
– Оралсақ – оралайық. 1986 жылдың қазанында КОКП Орталық комитетінің ұйымдастыру бөліміне шақырылдым. Қазақстан секторының жетекшісі Мищенко күнұзақ екеуара әңгіме өткізді. Қазақстандағы қалыптасқан жағдай, Орталық партия комитетінің жұмысы, кадр саясаты туралы егжей-тегжей сұрады. Ертесінде КОКП Орталық комитеті ұйымдастыру бөлімі меңгерушісінің орынбасары Константин Николаевич Могильченконың қабылдауында күні бойы болдым. Ең соңында «Сіздің кандидатураңызды Қонаевтың орнына ұсынуға қалай қарайсыз?» деді. Мен мұндай әңгімені мүлдем күтпеген едім, не дерімді білмедім. Дегенмен, сәл толқып барып Димаш Ахметұлындай адамды ауыстыру да, оны алып жүру де оңай емес, денсаулығымның мұндай ауыр жұмысқа шыдамайтынын әрі өзімнің мүмкіндігім мен қабілетімнің деңгейін білe отырып, көрсетілген сенімнен бас тартуға бекінгенімді айттым.
– Мен бұл жүйені біршама білем ғой. Сіздің сөзіңізге Орталық комитет көне салды ма, әлде басқа бip ұсыныс айтылды ма?
– Оған шек келтірмеймін. Сенім артылса өз жұмысымды жалғастыруға рұқсат сұрадым. Ал ол орынды қалай да ауыстыру қажет болса, оған лайықты бip-aқ адамның бар екенін – ол Министрлер кеңесінің төрағасы Н.Ә.Назарбаев екенін қадап айттым. Бай тәжірибесі әрі экономиканы жетік білетінін ескерттім.
Кешкі 20-22 аралығында КОКП Орталық комитетінің хатшысы Разумовский қабылдады, мен жоғарыдағы уәжімді айттым. Әр адам өз әлін білуі керек. «Әлін білмеген – әлек» дейді халқымыз.
– Хош делік. Әңгіме осылай тәмам болсын. Бірақ жақсылықтың да, жаманаттың да аты тез тарайды. Қазақстанға келгенде Қонаев сізді қалай қабылдады. Қабылдауына кіріп болған оқиғаны баяндадыңыз ба, Үкімет басшысы Н.Ә.Назарбаевпен кездесіп, сөйлесе алдыңыздар ма?
– Жоғарыда болған әңгіменің бәрі төменге сен келгенше жетіп жатады. Сондықтан да кінәлі адамдай, «сыр айтып жатуға» партиялық этика жол бермейді. Бірақ білсең де білмеген болып, естісең де естімеген болып жүре бepeciң. Партиялық ойынның тәртібі осы.
– Оның есесіне Желтоқсан көтерілісі бұрқ ете түсті ғой.
– Иә, мен үшін Желтоқсан көтерілісі әрі ауыр тақырып, әpi ширек ғасыр өткен соң шындыққа жақындауға мүмкіндік беретін оқиға. Сондықтан да жанды жараларды тырнамай жүре бердім, жүре бердім. Жалғыз ұлым Артурдан, бip жанарымнан айырылдым.
– Зақа, 17-18 желтоқсан тарихы біраз жазылды. М. Шахановтың комиссиясы жұмыс істеді, кітаптар шықты, фильм түсірілдi. Ол халыққа біршама, таныс. Сондықтан да оны қозғамай-ақ қойсам деп отырмын. Менің сұрағым төмендегідей. Жастарға қарсы армияны қолдану кімнің идеясы және ол қалай жүзеге асырылды?
– «Қиналған Жамбыл жері осының» кepi болып отыр.
– Онда мен сіздің жүгіңізді жеңілдетейін. Бұл сұраққа жауапты Ф.Бобковтың жоғарыда аталған кітабынан тауып отырмын. Мазмұндап қана айтқанда, Республика жетекшілері бұл бүлікті басудың бір-ақ жолын көрген екен. Ол – армияны пайдалану еді. Бобков армия-генералы В.Н.Лобов келгенде «мен істің насырға шабатынын білдім. Сондықтан да армия халыққа қарсы шықпауға тиіc», – дедім деп жазыпты.
– Рас. Халық жасақшылары тәртіпті реттей алмады. Ол жасақшылардың бәpi орыс ұлтының өкілдері еді де, қуғын-сүргін көріп жүрген тек қазақтың ұл-қыздары болды. КСРО Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары, армия генералы П.Г. Лушев келген соң да, әуелден де билік Орталыққа өткен. Сол Ф.Бобков былай деп жазбай ма? «Русские выступали против казахов. Пришлось пойти на хитрость. Решили продемонстрировать как бы подготовку вооруженных сил, показать, что армия способна пресечь беспорядки. Заседание нашей группы, которая решала этот вопрос, проходило не в здании ЦК, а в штабе на площади. Мы приняли решение открыто и точно назначили время, когда солдаты приступят к делу».
– Қанды қырғын осылай басталып, қыздарымыздың бұрымы тарқатылып, мұзға сүйретіп, сапер күректер қыз-жігіттердің жотасын қан тілім етіп жатты...
– Жиырма бес жыл бойы түсіңнен шошып ояндырар қанды көрініс дәл осындай. Тоталитарлық жүйенің жантүршігерлік салқыны жанымды әлі езгілейді.
– Қазақстанның халық жазушысы Сафуан Шаймерденов Қазақстан Жазушылар одағында өткен Колбинмен кездесудегі сөзінде: «...17 желтоқсан күні, кешкісін Жаңа алаңдағы шерудің куәгері болғанымды жасыра алмаймын... Сол сәтте Камалиденовтің дауысын естідім. Ол: «Тоқтаңдар! Жатаққа кетіңдер! Өйтпеген күнде қару қолданамыз!» деп қазақша сампылдап тұр, – деген-ді. Бұл Сіздің бәрінен бейхабар едік деген сөзіңізбен қабыспай тұр ғой.
– Кім біледі, жастардың әйтеуір бip ауыр соққыға жығыларын сезген болармын. Сондықтан да оларды үйді-үйлеріне, жатақханаларына қайтаруға күш салғаным рас-ты. Самсаған солдаттардың тұрғанын жастар да көріп тұрды ғой. Үрейді үрей туғызады. Сондықтан да жастарды жаманаттан арашалау үшін айтсам айтқан шығармын. Бірақ армияны айдап салды, бұйрық берді дейтіндей пиғылдағы сөздерге мүлдем қарсымын және аққа күйе жағуға болмайтынын қадап айтқым келеді.
Сол күндерде бүлікті басу үшін оперативті штаб құрылған болатын. Оны Г.В. Колбин, М.С. Соломенцев, Е.З. Разумовтар басқарды. Оған бірде бip рет шақырылған емеспін. Штаб жұмысына Князев (МВД), Мирошхин (КГБ) қатыстырылды. Орталық Комитет бюросының мүшесi бола тұра өзімнің штаб жұмысына қатыстырылмауымды мені күдікті адамдардың легіне қосқаны болар деп топшылаймын.
Әскерді әкелу, солдат таяқтарын пайдалану, өрт сөндіргіш машиналармен суық су атқылау сияқты операциялар өте құпия өткізілді. Одан біз бейхабар болдық. Оны тек Колбин, Орталықтан келген басшылар мен Қазақстан Компартиясы Орталык комитетінің әкімшілік бөлімінің меңгерушісі В.М. Ефимов қана білген-ді.
Сафуан Шаймерденов ағамыз сол Жазушылар одағындағы сөзінде Қонаевты рушыл деп жер-жебіріне жетіп, тіпті «бейшара адам» деп бағалағанын, Колбинге «Шынымды айтсам, мені сіздің мысыңыз басады. Сіздің қарапайымдылығыңыз, адамдармен қатынастағы табиғилығыңыз сүйсінтеді» деп айтқанын неге ұмытасыздар...
– Тағы да Ф.Бобковқа оралайық. Оның айтуынша, тәртіп бұзушылықтың басында О.Сүлейменов тұрған сыңайлы. Халық оның жұрт алдына шығып, өз сөзін айтуын талап еткен. Бірақ Бобковқа сіз «Ол қалада жоқ екен, ешкім таба алмады» деген көрінесіз. «Осыған қарағанда республиканың кейбір басшылары ол жерде тәртіп орнатуға мүдделі емес сияқты» деп ой түйеді КГБ генералы. Бұған не уәж айтасыз?
– Сенің сұрағыңнан қыспаққа алынған адамның кейпіне түскендеймін. Айыптау басым. Бобковтың сөзіне имандай сенетін сияқтысың?...
– Зақаш Камалиденұлы, мен тергеп, сіз тергеліп отырған жоқсыз ғой. Tүбi бip шындық айтылуы керек емес пе? Мұндай айыптауларды өтірік болса сыдырып тастап, жүрегіңізді де, халық алдындағы бет-бейнеңізді де қалпына келтіруіңіз керек қой. Cіз кітабыңызда «мені ортақ тобырдың ішіне қосып, айыптауға дейін барып жүр. Олар өз сөздеріне жауап берер» деген екенсіз. Сондықтан да сізден бүкпесіз шындықты сұрап отырмын.
– Ширек ғасырдан кейін барлық детальды есте ұстау қиын. Бірақ екi нәрсе айқын. Бірі халықтың сүйікті көсемі Д.А. Қонаевтың жастар алдына шыкпағаны. Кейін ол кici «мені шақырмады» деп ақталды. Екіншісi, атағы дүрілдеген О.Сүлейменовтің телефонды көтермей, жастар алдынан көрінбеуi. Қандай, қалай деп eкеуін де айыптай алмаймын. Ол кезде әркімнің басына тұрымтай орнаған кезі еді.
– Сіздің 1988 жылы 7 шілдеде активте, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының төрағасы ретінде сөйлеген сөзіңізде О. Сүлейменовке деген көзқарасыңыз менмұндалап тұр емес пе? Мысал келтірейін.
«Ұлттық мәселенің бастамасын бұрмалап түсінуді мадақтауға кейбір әдебиет қайраткерлері де өз үлестерін қосты. Олар ұлттық жалған намысты дәріптеуге тырысып, «Қазақстан – бейне бір өзіндік коммунистік Байқоңыр. Одан біздің партиямыз бен мемлекетіміздің көптеген қайраткерлері ұшып шықты», – деп жыртыла мақтанумен болды. Осы жолдардың авторы, қазір Бүкілодақтық ХІХ партия конференциясына делегат болып сайланып үлгерген Олжас Сүлейменов «Комсомольская правданың» кешегі нөміріндегі сұхбатында «Барлық елдердің пролетарлары, бірігіңдер!» деген ұранның қазіргі заманға сай екендігіне күмән келтіреді. Оның ойынша, бұл ұран ендігі жерде мәнді оқылмайды, толғандырмайды; бойға қуат, ойға нәр бермейді. Ал қалай дегенде де бұл ұран КОКП Орталық комитетінің биылғы 1 майға арналған ұрандарында екінші болып тұр».
– Иә, саясаттан гөpi өлеңмен көбірек айналысуға кеңес бергенім ecімде. Идеологиялық шектеуден шыға алмай қалған өмірдің өкінішті сәті ғой. Не дейін?..
– Жақсы. Жараның аузын тырнамалық. Дегенмен, сіз «Димаш Ахметұлының ерекше ілтипатына бөленген жан еді» деген сөзге қалай қарайсыз?
– Әрине, Димаш Ахметұлы – қазақтан шыққан ipi саяси тұлға. Л.И.Брежневпен достығын Қазақстанның гүлдену үшін тиімді пайдаланған, үлкен ұйымдастырушы, жаны таза, жоғары интеллектуалды ipi саяси тұлға еді. Дегенмен, биліктің соңғы жылдарында Димекеңді әлдебір пысықайлар иектеп алды. Сыбырлақтар мен жыбырлақтар кабинетінен шықпады. Жасы ұлғайғандықтан ба, бұрын мұндай «жыбырлақ» сөздерге тіптен мән бермейтін. Димаш Ахметұлының мінезінде өзгеріс пайда болды. Н.Ә.Назарбаевты да, мені де шеттете бастады. Сондықтан да өз ұстазымыз туралы айту оңай болмаса да, бір-eкi детальды айта кеткім келеді. Біріншіден, Н.Ә.Назарбаевтың бойында оты бар, мәселені шеше алатындай ұйымдастырушылық қабілеті мол жас саясаткердің шоғырын бастады. Бұл Димекеңе ұнай қоймады-ау деймін. Ал Н.Ә. Назарбаевтың біз сияқты саясаткерлерден артықшылығы бар. Ол шындыққа қорықпай қарайтын, ойындағысын тікесінен тік қойып қалатын мінезі бар-ды. Оны бipey жақтырар, бipey жақтырмас, бірақ егемен, тәуелсіз елдің туын Н.Назарбаев ұстағаннан кейін ғана Қазақстан бүкіл әлем аузына қараған елге айналып отыр. Шындық деген осы. Сол кезде, Қазақстан Компартиясының XVI съезінде Н.Ә. Назарбаев Қазақ КСР Ғылым академиясының президенті Асқар Қонаевты сын тезіне алды. Бұл елеусіз қалуы мүмкін бе? Жұрт мүлдем білмейтін бір деректі ұсынғым келеді.
1986 жылдың шілдесі еді. КСРО Жоғарғы Кеңесінің мәжілісі жүріп жатқан. М.С.Горбачев өзіне Н.Ә.Назарбаевты, О.С.Мирошхинді, мені шақырды. Қабылдауды күтіп тұрған көптеген партия қызметкерлері де едәуір екен. Тосын оқиға болды. Шеттеу тұрған адам қасымызға келді де: «Мен – Колбинмін, Ульянов облыстық партия комитетінің бірінші хатшысымын», – деді. Бүйрегім бүлк ете түсті...
Кенет микрофоннан М.С.Горбачевтің дауысы естілді: «қазақтар ең соңынан кірсін»... Хош делік. Қабылдауға бірінші болып О.С.Мирошхин сонан соң Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев, соңын ала мен кірдім. Сөзді Олег Семенович Мирошхин бастап, Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінде қалыптасқан жағдайды баяндады. Димаш Ахметұлы Қонаев тарапынан республика басшыларына сенімсіздікпен қарау үрдісі қоюланып бара жатқанын жеткізді. Ойламаған жерден сөзге Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев араласты: «Қонаевпен жұмыс істеу мүлдем мүмкін болмай барады. Мені басқа бір облысқа жіберуді сұраймын. Мәселен, Павлодар облыстық партия комитетіне бірінші хатшысы болып баруға дайынмын».
М.С.Горбачев әңгімені кілт үзді. «Жұмысыңды істей бер». Ұққанымыз тағы да миллиард пұт астық өткізгеннен кейін, Димаш Ахметұлы отставкаға кетпек. Бірақ 1986 жылдың наурызында Димаш Ахметович қайтадан КОКП Орталық комитеті Саяси бюросының мүшесі болып сайланды.
Димекең маған да салқын қабақ танытып, жанына мүлдем жақындатпады десем де болады. Мәселен, 1985 жылы республика Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы болып жүргенімде Ленин орденімен марапатталғанмын. Сол айтулы орденді Димекең ресми түрде тапсырмай, түскі ас ішіп отырғанымызда қолыма ұстата салды. Бірақ өкпе кетті. Димекеңнің жадымда ұлы тұлғасы мен жарқын бейнесі қалды...
– Армия генералы, КСРО Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бірінші орынбасары Ф.Бобков өз кітабында сiз КОКП Орталық комитетіндегі жақтастарыңызға сүйеніп алып, Нұрекеңнің жолын кесуге тырысқаныңызды жазыпты. Бұл алыпқашпа әңгіме ме, әлде түйінді негіздері бар ма?
– Әңгімені әріден бастайын. 2001 жылы Павел Хлебниковтің, «Форбс» журналының Мәскеудегі редакторының «Крестный отец Кремля Борис Березовский, или история разграбления России» атты 50 мың тиражбен кітабы шықты. Сол кітапта Владимир Гусинскийді қорғаған «Мост» компаниясы туралы егжей-тегжей жазылған. Осы бақайшағына дейін қаруланған күзет қызметі басшысының бipi, армия генералы, бұрынғы КСРО Ұлттық қауіпсіздік комитетінің орынбасары Ф.Бобков екені жазылған. Әрі америкалық саясаткер Димитр Саймс Бобковты неге қызметке алғанын сұрағанда, «Гусинский қамтамасыз ететін болса, Ібілісті де жұмысқа алуға дайынбыз», дейді.
Сондықтан да Бобков баяғы «бөліп алып, билей бер» принципінің адамы. Қазаққа, Қазақстанға жаны ашып отыр деп ойлаудың өзі мүмкін емес. Ал Нұрсұлтан Әбішұлы екеуміздің арамызда әлдебір текетірес, аяқтан немесе тобықтан шалу болды дегенге үзілді-кесілді қарсымын. Жоғарыда, КОКП Орталық комитетінде болған әңгіме кезінде мен Н.Ә.Назарбаевтың дайын тұрған республика басшысы екендігін айтқанмын. Желтоқсанның қаһарлы күндерінде де Н.Ә. Назарбаевтың машинасында қатар отырып, жастармен түсінік жұмыстарын жүргізгеніміз естен шыға ма?
Францияда жалғыз ұлым Артур опат болғанда Нұрекең жіберген көңіл айту жеделхатын әлсін-әлсін әлі де оқып отырамын.
«Құрметті Зақаш Камалиденұлы! Сүйікті ұлдарыңыз Артурдың мезгілсіз қайтыс болуына байланысты шын жүректен көңіл айтамын. Жұбайыңызға, туған-туыстарыңызға, ұлыңыздың отбасына осындай сәтте Сіздердің қайғыларыңызға ортақтас екенімді жеткізуіңізді сұраймын. Артурды көзім көріп білгендіктен қайғылымын. Зәке, мықты болыңыз! Тағдырдың салғанына не амал бар».
Бүгінгі Қазақстанның экономикалық, инновациялық дамуы көңіл қуантады. Елдің жаңа ұстанымдарын, әсіресе, ұлтаралық татулық концепциясын ерекше қолдаймын. Территориясы үлкен, халқы аз мемлекет үшін бұл өзекті де, өрнекті мәселе.
Әрбір он жыл сайын техника мен технология өзгеріп отырады. Техниканы жаңартып қана қоймай, оны Қазақстанда өндіру мәселесі оңтайлы шешілу керек. Назарбаевтың жаңа саясатының осы бағытқа ауысуын қуана құптаймын.
– Ciз 52 жасыңызда зейнеткерлікке шықтыңыз да, қоғамдық саяси өмірден алшақтап кеттіңіз. Оппозиция серкелерінің бipi болып жүруіңізге болмас па еді?
– Мен – мемлекет адамымын. Tиісті жоғары лауазымды қызметтерде болдым. Адасқан да жерлеріміз болған шығар. Бірақ өзіңді-өзің алдай алмайсың. «Кеше тату – бүгін қату» болып, өмірдің небір өткелдерінен бірге өткен адамдармен, оның ішінде Н.Ә.Назарбаевпен қалай тәжікелесіп жүрмекпін. Үлкен қызметке келудің де, кетудің де өз жолы бар. Сондықтан да тобықтан шалып, кешегі дәмдес-тұздас болған күндерді сату нағыз опасыздық болмай ма? Кеше пір тұтып, бүгін оған қарсы болу үзеңгі жолдас адамдардың қасиеті емес. Оппозицияның сөзі өтусіз, қолдаусыз, жақтаусыз, әлсіз шығады.
– Сол қызметтен кеткендегі көңіл күйіңіз?..
– 1988 жылдың l0 ақпанында мен Қазақ КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының төрағасы болып, сол жылдың 24 мамырында КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасы төрағасының орынбасары болып сайландым. Алматыдағы Жоғарғы Кеңестегі қызметте әртүрлі келеңсіз жайлар кездесті. Баспахананы бас пайдасына жаратқандар сотталды, ал ең қауіптісі Президиум аппаратында қызмет ететін 5 қызметкердің телефонына тыңдағыш қондырғы қойылғаны анықталды. Оны жүзеге асырған eкі адам болып шықты, бipi – Ұлттық қауіпсіздік комитетінен, екіншісі – Байланыс министрлігінен. Мен тиісті шаралар қолдандым. Мәскеуден үш генерал, төрт полковник келді. Ал Колбин болса түк білмегендей, күнде «не жаңалық бар?» деп сұрайды. Бұдан кейін Колбин маған мүлдем сенуді қойды. Сөйтіп, Бюроға бес облысты қысқарту мәселесін шығарды. Бұған мен қарсы болдым. Н.Назарбаев та қарсылық білдірді.
Ақыры Г.Колбин мен Н.Назарбаев республиканың әскери-территориялық тұтастығын қорғау үшін Мәскеуге аттанды. Мәскеу әлі де Мәскеу еді. Eкi облыс қысқаратын болды. Бюрода мен бұған да келіспей, Жоғарғы Кеңес төралқасының Жарлығына қол қоя алмайтынымды айттым. Колбин «Біз сізбен жұмыс істей алмаспыз» деп оқырана қарады. Epтeңiнe барлық лауазымды қызметімнен бас тартып, арыз жазып бердім. Ешкімнің маңдайына мәңгілік қызмет жазылып қойылмаған. Ар-ұятымды осылай сақтап қалдым ғой деп ойлаймын.
– Зақаш Камалиденұлы, шындық бір күні бәрібір шырылдап жетеді. Желтоқсан көтерілісінен бері ширек ғасыр сізге не берді, не ойлантты?
– Желтоқсан оқиғасы мен сияқты коммунистік идеологияның ортасында жүрген, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы секілді қатып қалған қызмет атқарған адам үшін идеологияның, оның көсемінің емес, ұлтының құлы болу қажеттігін санама сіңірді. Өкінерім де, қажетті жерінде ұлт үшін тапжылмай тұра алғаным үшін мақтанарым да бар. Жоғары оқу орындарында оқитын студенттердің пайыздық өлшемі туралы айтқаным есіме түскенде, бетімнен отым шығады. Идеология құлы болу деген сол... Сол үшін ұлтымнан кешірім сұраймын...
Сұхбаттасқан
Уәлихан ҚАЛИЖАНОВ,
Қазақстанның еңбек cіңірген кайраткері
2011 жыл
Дереккөз: "Егемен Қазақстан"