Mazir
04 авг 13:42korilim:888 Sayasat

Алаш автономиясының құрылуы: құжаттық негіздеме, саяси жағдай және тарихи шындық

РЕДАКЦИЯДАН: Бұған дейін сайтымызда тарихшы Сәбит Шілдебайдың «ХАНДА 40 КІСІНІҢ АҚЫЛЫ БОЛУЫ ТИІС немесе АЛАШ АВТОНОМИЯСЫ ЖАРИЯЛАНДЫ МА?» деген жазбасы жарияланған болатын. Әуелі әлеуметтік желіде жарияланып, артынан шу тудырған автордың жазбасына қатысты түрлі пікірлер айтылды. Сайтымызда осыған жауап ретінде белгілі тарихшы Сұлтанхан Жүсіптің «КӘСІПҚОЙ ТАРИХШЫ МЕН ОНЫҢ ҰСТАЗЫНА ЖАУАП: АЛАШ РЕСПУБЛИКАСЫ «ЖАРИЯЛАНБАДЫ» ЕМЕС – ЕГЕМЕНДІ ЕЛ БОЛДЫ» атты қарсы мақаласы берілді. Алашты алаңдатқан сауалдан «Bairaq.kz» ешқашан қашқан емес. Пікір алуандығы – біздің басты мақсатымыз. Ендігі сәтте осы бір ғаламтор кеңістігін дүр сілкіндірген ойларға қатысты Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының бас директоры, филология ғылымдарының кандидаты Ербол Тілешовтің мақаласын беруді жөн санап отырмыз. 



   Алаш қозғалысының тарихына тікелей байланысты әлі күнге дейін ғылыми тұрғыдан нақтыланбаған, сондықтан да әртүрлі пікірлер өрістетіп келе жатқан мәселе – Алаш автономиясының құрылуы.  Бұл мәселеде әлбетте, құжаттық негіздеме де, сол кездегі саяси жағдайдың сипатын дәл тану маңызды. Ең алдымен мәселенің толық байыбына бару үшін «Алаш қозғалысы», «Алаш партиясы», «Алаш автономиясы», «Алашорданың Халық Кеңесі» деген ұғымдарды нақтылау қажет. Себебі осы ұғымдарды мамандардың өзі араластырып қолданады да, содан түсініксіздік қалыптасады. Сондықтан біз осы ұғымдардың әрқайсысына ықшамды түрде танымдық сипаттағы түсініктемелер беруді жөн көрдік. 

Алаш қозғалысы

Алаш қозғалысы – 1905 жылдан бастап 1920 жылдың көктеміне дейін ұласқан және Қазақстанның барлық өңірлерін қамтыған ұлт-азаттық саяси және мәдени қозғалыс. Оның ауқымына осы кезеңдегі оқиғалар енеді. 1905 жылы «Қарқаралы құзырхаты» және басқа да саяси-қоғамдық шаралардан басталған қозғалыс Қазақ өлкесін басқару жөніндегі төңкерістік комитеті тарапынан 1920 жылғы 5 наурызда таратылғанына дейін Қазақстанның барлық аймақтарын қамтып шын мәніндегі ұлт-азаттық қозғалысқа айналды. «Алаш партиясы», «Алаш автономиясы», «Алашорданың Халық Кеңесі»  осы қозғалыстың аясында туған саяси құбылыстар.  

Алаш партиясы

Алаш партиясын құру мәселесі алғаш рет ресми түрде 1917 жылғы 21-26 шілдеде өткізілген І жалпықазақ сиезінде көтерілді. Оның күн тәртібінде: «Қазақ саяси партиясы» деп көрсетілді [1, 363]. Сондай-ақ, сиез қаулысында: «...партияның негізі демократическая федеративная парламентарная республикаға құрылмақ» делінген. Яғни бұдан аңғаратынымыз, партияның бағыты республика құруға негізделетіндігі. Сондай-ақ, қаулыда партияның жобасын жасау да айтылған. Алаш партиясының І жалпықазақ сиезінен кейін саяси аренаға шыққанын байқаймыз. Оған дәлел Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына депутаттар сайлау тұсындағы Алаш партиясының белсенділігі. І жалпықазақ сиезіне дейін  Құрылтайға депутаттар сайлау мәселесі көтеріле бастады. «Қазақ» газетінде 4 шілдеде Ә.Бөкейхан «Қазақ депутаттары» мақаласы жарық көрді. Мұнда автор Құрылтай жиналысына депутаттар сайлау мәселесін көтеріп, қазақ сиезін ұйымдастыруға құрылған бюроның депутаттыққа кандидаттар іріктегенін және олардың аты-жөндерін де көрсетеді [2]. Бұл аталған I сиезге дейінгі жағдай. Ал сиезден кейін Құрылтайға депутаттар облыстардан ұсыныла бастады. Мысалы, тамызда Түркістан аймағы қазақ-қырғыздарының жалпы жиналысынан, Торғай облысы ІІ қазақ сиезінен, қыркүйекте Семей облыстық кеңесінен ұсынылды. «Қазақ» газетінің 5 қазандағы санында «Алаш партиясы» атты мақала жарияланып, бұғанға дейін қазақ саяси партиясы немесе ұлттық партия аталынып келген партия атауы жөнінде айтылды. «Партия ұраны десек, бабамыздың «Алаш» ұранынан артық ұранды іздесек те таба алмаймыз. Сүйтіп қазақ саяси партиясының атын «Алаш» қою ойлап әуре болмастан ауызға түсіп тұр. Жалпы қазақ сиезінің қаулысын қабыл етіп, қазақ өз алдына саяси партия болуын қостайтындар сайлауда кандидат списогін «Алаш» партиясының списогі деп жүргізілер керек» делінген [3]. Міне, осы редакциялық мақаладан кейін Құрылтайға сайлау «Алаш» партиясының атынан жүргізіле бастады. Мысалы, «Қазақ» газетінің 19 қазандағы санында «Алаш партиясы атынан Құрылтай жиылысына аталған депутаттар тізімі» атты ақпарат жарияланды [4]. Онда Торғай, Семей, Ақмола, Орал облысынан ұсынылған депутаттар тізімі жарияланды. Газеттің 28 қазандағы санында тағы да осындай тізім жарияланып, онда Торғай, Ақмола, Семей, Орал, Жетісу, Бөкей Ордасынан ұсынылған депутаттар аталды. Сондай-ақ, партияға қатысты ең басты, маңызды оқиға – «Қазақ» газетінің 1917 жылғы 21 қазандағы санында жарық көрген «Алаш» партиясы бағдарламасының жобасы болды [5]. Оның авторлары – Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы, Е.Ғұмарұлы, Е.Тұрмұхамедұлы, Ғ.Жүндібайұлы, Ғ.Бірімжанұлы. 

«Алаш» партиясының іске кірісуі осы қазан айынан басталғанын оның атынан депутаттар ұсынылуы, бағдарлама жобасының жариялануымен бірге осы айдан бастап партияның облыстық комитеттері құрылуымен де дәлелдейміз. Мысалы, 12, 13 қазанда Ә.Бөкейханның қатысуымен Семей облыстық «Алаш партиясының» сиезінде оның комитеті құрылып, құрамы сайланса, бұдан соң Ақмола, Торғай облыстық комитеттері құрылды. Олардың төрағалары болып, тиісінше Ғ.Ғаббасұлы, А.Тұрлыбайұлы, Ә.Бөкейхан сайланды [6, 50-51]. Сондай-ақ Алаш партиясының бөлімдері бірнеше уездерде де жұмыс істеді. Айталық, Көкшетау, Петропавл, Өскемен, Атбасар, Пішпек т.б. уездерде.   

«Алаш партиясының» Семей облыстық сиезінде комитетке   «Алаш» партиясының шартнамасы, яғни қазіргі ұғыммен айтсақ, жарғысын дайындау жүктелді. Бұл құжат дайын болғанша сиез «Алаш партиясына» мүшелікке кіретін адамға қойылатын  талаптарды нақтылады және «Қазақ партиясы «Алаштың» тұтынатын жолының жоспарын» қабылдады. 

Қазақ тарихында партия құру мәселесі 1905 жылдан басталады. Осы жылғы желтоқсанда Орал қаласында «Қазақ демократиялық конституциялық партиясын» құруға арналған сиез өткізілгенін білеміз. Дегенмен отаршылдық саясат ол тұста саяси партия құруға мүмкіндік бермеді. Алаш партиясының 1917 жылы құрылуына негізгі үш себеп болды деп ойлаймыз. Біріншіден, патша үкіметі құлап, ұлттардың өз билігін алуына деген тарихи мүмкіндік туды; екіншіден, Ақпан төңкерісінен кейін Ресейде жаңа үкіметті жалпыхалықтық демократиялық сайлау арқылы жасақтау мәселесі көтерілді. Наурыздан бастап көтерілген бұл мәселе нақтыланып 20 шілде де Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына сайлау туралы ереже жарияланды. Бұл құжатта Жетісу, Сырдария, Ақмола, Торғай, Бөкей Ордасы, Орал облыстарындағы сайлаудың да тәртібі қамтылды. Алаш көсемдері осы сайлауға қатысу үшін саяси партия құруды күн тәртібіне қойды. Сол себепті Алаш партиясының құрылуын Ақпан төңкерісінен кейін Қазақстандағы ғана емес, Ресейде қалыптасқан саяси күрестер контекстінде де қарауымыз қажет;   үшіншіден,  алаштықтар саяси партия құру арқылы қазақ қоғамында демократиялық принциптерді қалыптастыруды мақсат етті, оны партия бағдарламасының жобасынан айқын аңғарамыз. 

    Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына Алаш партиясынан депутаттар ұсынылып, олар бірнеше округ бойынша сайлауға түсті. Соның қорытындысында барлық облыстардан қатысқан сайлаушылардың 90 пайыздан астамы Алаш партиясын қолдады, нәтижесінде партия жалпы сайлауға қатысқан 20-дан астам саяси ұйымдардың ішінде 10-шы орынды иемденіп, 12 депутаттық мандатты алды [7]. Олардың қатарында  А.Байтұрсынұлы, М.Тынышпайұлы, Х.Досмұхамедұлы, Ж.Досмұхамедұлы, М.Шоқай т.б. Алаш қайраткерлері болды. Бүкілресейлік Құрылтай жиналысы сайлауында Алаш партиясы өзін біртұтас саяси қуатты күш екенін көрсетті. Алаш партиясымен жағаласпақ болған социалистік платформадағы «Үш жүз» партиясы халықтың дауысын жинай алмады. Жалпы бұл партия тарихта өзінің жағымсыз әрекеттері арқылы қалды. 

Бүкілресейлік Құрылтай жиналысы монархиялық билік құлатылғаннан кейін Ресей қоғамында демократиялық құндылықтарға талпынған үлкен бетбұрысты кезең болды. Бұл сайлау тарихымыздағы қазақ саясаткерлері қатысқан алғашқы үлкен ашық, демократиялық сайлау болғанын айтуға тиіспіз. Мұндай сайлау бір партиялы кеңестік дәуірде де, қолдан жасалған қуыршақ партиялар болмаса, шынайы демократияға мүмкіндік берілмеген  қазіргі тәуелсіздік кезеңінде де болмағанын бәріміз жақсы білеміз.

1918 жылдың қаңтарында кеңестік билік заңды түрде сайланған Бүкілресейлік Құрылтай жиналысын күшпен таратты. Бұл кеңес үкіметінің заңсыз үкімет екенін, ол құрған Кеңестер одағының да осындай заңсыз құрылған мемлекет екенін көрсетеді. Зорлықпен келген кеңестер билігі Алаш партиясы ғана емес, большевиктер партиясынан басқа саяси ұйымдардың барлығына да тыйым салды. Сайлау қорытындылары жоққа шығарылып,  партияларға тыйым салынғанда Алаш партиясының да жұмыс істеуі ендігі уақытта  еш мүмкін емес және қажетсіз де еді. Осыны білмейтін немесе ескергісі келмейтін кейбір зерттеушілердің Алаш партиясы құрылмаған немесе 1917 жылдан кейін жұмыс істей алмады деп сынауы – олардың осындай тарихи жағдайдан хабарсыздығы. Алаш қайраткерлері ұлтты сақтау және оның азаттығы жолындағы күресін басқа мазмұн мен формада жалғастыра бастады, сөйтіп 1918-19 жылдары Алаш партиясының орнына Алашорданың Халық Кеңесі белсенді тарихи рөл атқарды. 

Алаш автономиясы

Сөз басында ұлттық автономия, қазақ саяси партиясын құру мәселесінің І жалпықазақ сиезінен бұрын қоғамда көтерілгенін айтуға тиіспіз. Бұл мәселе  1917 жылғы сәуір, мамыр айларынан бастап өткізілген  облыстық қазақ сиездерінде көтерілді және уездік, болыстық сиездерде жалғасын тапты. Маусым айында автономия және жер мәселесі  туралы «Қазақ» газеті «Тағы да жалпы қазақ сиезі» атты арнайы бағдарламалық мақаласын жариялады. Мақалада автономия және саяси партия құру ұлттық мақсат ретінде қарастырылды [8].  

Ғалымдар арасында қилы қайшылық тудырып жүрген Алаш автономиясы мәселесіне келсек, онда біз қолданылып жүрген  ұғымдар мен терминдерді нақтылап һәм негіздеп алуымыз керек. Біріншіден, Алаш автономиясы төңірегінде қолданылып жүрген, «жарияланған», «жарияланбаған», «құрылған», «құрылмаған» деген ұғымдар. Иә, рас ІІ жалпықазақ сиезінде автономия жариялау мәселесі дауысқа салынғанда оны 33 делегат жақтады, 42 делегат жақтамады, 3 делегат қалыс қалды. Яғни, сиезде Алаш автономиясы ресми түрде жарияланбады. Дауыс беру барысында азшылықты құраған делегаттар егер автономия жарияланбаса, Түркістан автономиясына қосыламыз деген пікірге барды. Осындай жағдайда сиез барлық өңірдегі қазақтардың бірігуін жақтай отырып, өзара ортақ мәмілеге келіп, мынадай шешімдер қабылдады:

  1. Алашорданың Халық кеңесі 1 ай ішінде Түркістан өлкесіндегі қазақ-қырғыздарды Алаш автономиясына қосуды міндетіне алады. 
  2. Егер 1 ай мерзім ішінде түркістандық қазақ-қырғыздар Алаш автономиясына қосылмаса, онда Алашорданың Халық Кеңесі барлық қырғыз-қазақ облыстары атынан Алаш автономиясын ресми түрде жариялайды. 
  3. Егер түркістандық қазақ-қырғыздар Алаш автономиясына бір ай ішінде қосылмаса, Алашорда автономия жарияламаса әрбір облысқа өз атынан әрекет ету мүмкіндігі беріледі. 
  4. Түркістандық қазақ-қырғыздар 1 ай ішінде Алаш автономиясына қосылмаса, онда Алашордаға Алаш автономиясын алғашқы мүмкіндік туған жағдайда жариялауға құқық беріледі [1, 479].

Бұл шешімнен шығатын негізгі қорытынды: қалай да Алаш автономиясын жариялаудың қажеттілігі. Алдағы уақыттағы саяси-тарихи жағдайлар Алаш автономиясын жариялауға қажетті мүмкіндік бермеді. Бірақ Алашорданың Халық Кеңесінің 1918-1919 жылдардағы саяси-әскери әрекеттері жарияланбаса да, ұлттық автономияның құрылғанын және әрекет еткенін көрсетеді. Оған бірнеше нақты жағдаяттық себептер бар. Біріншіден, барлық облыстарда, уездерде және кейбір болыстықтарда 1917 жылғы сәуір, мамырда құрылған қазақ комитеттерінің Алаш комитеттері болып қайта құрылуы яғни автономияны басқару үшін Алашорда өңірлерде өзінің жергілікті ұйымдарын құрды. Бұл ұйымдар белсенді жұмыс істеді. Оны олардың Алаш әскерін құруынан, халық соттарын жасақтауынан және ашаршылыққа, босқыншылыққа ұшыраған тұрғындарға көмектескенінен айқын аңғарамыз. Екіншіден, Алашорда шығарған заңдар және ережелер қазақ өлкесінің барлық өңірлерінде күшіне енді және орындауға міндетті болды. Үшіншіден, ІІ жалпықазақ сиезі қаулысымен құрылған Ұлттық қорға барлық өңірлерден қаржы жиналды және ол автономияның сақталуына, жұмыс істеуіне жұмсалды. Төртіншіден, Алашорда мүшелері және де басқа Алаш қайраткерлері большевиктермен, Колчак үкіметімен, Орынбор казактарымен басқа да саяси, әскери ұйымдармен, құрылымдармен келіссөздерді Алаш автономиясының атынан жүргізді. Бесіншіден, 1919 жылы большевиктер көсемдерімен болған келіссөздер Алашорда және Алаш автономиясы атынан жүргізілді. Яғни кеңестік билік ұлттық үкіметті де, ұлттық автономияны да саяси субъектілер ретінде мойындады. Алтыншыдан, сол жылдарда қазақ және Жетісу облысына енетін қырғыз уездері тұрғындары өздерін құлап қалған Ресей империясының немесе енді құрылып жатқан кеңестер одағының емес, Алаш автономиясының тұрғындары, азаматтары ретінде сезінді. Оған куә Алашорданы, автономияны қолдаған хаттар және уездерде, болыстықтарда өткізілген сиездер, басқосулар, жалпы әртүрлі жиналыстардың барысы. Жетіншіден, бәлкім, ең бастысы,  Шығыстағы Алтайдан бастап, Батыстағы Бөкей Ордасына дейінгі аралықтағы барлық өңірлерде құрылған Алаш әскері, егер автономия болмаса, Алашорда Халық Кеңесінің 15 мүшесін қорғаған ба, жауап түсінікті. Олар Шығыста да, Батыста да автономияның территориясын қорғағаны және дәл сондай саяси территориялық  құрылымның болғанын көрсетпей ме, оның атауы Алаш автономиясы болмағанда, басқа қандай баламалы атауда болмақ, осыны мықтап түсінген абзал, егер түсінбесе онда мәселе Алаш қайраткерлері құрған «Алаш автономиясы» атты саяси-территориялық құрылымның мәселесі емес, түсінгісі келмегендердің білімі мен білігінің мәселесі.   Сонымен бірге Алаш автономиясының құрылғандығы жөнінде деректерді бірнеше құжаттардан кездестіреміз. Мысалы, 1918 жылы 11 қыркүйекте Алашорданың Батыс бөлімін құруға арналған кеңес болғанын білеміз. У.Танашев, Х.Досмұхамедұлы, Ж.Досмұхамедұлы, А.Бірімжанов, Ә.Ермеков, М.Тынышпаев қатысып, Ә.Бөкейхан төрағалық еткен бұл кеңестің хаттамасында: «Автономияны басқару және Алаш автономиясы территориясында жергілікті басқаруды ұйымдастыру» және «Алашорда Алаш автономиясы территориясындағы бірден-бір басқарушы орган» делінген тайға таңба басқандай сөйлемдер бар [9, 97]. Бұл бір. Келесі бір құжатта «Алаш автономиясы территориясында совет үкіметінің декреттерінің күші жоқ деп табылсын» делінген. Алашорда Халық Кеңесінің бұл қаулысына Алашорда төрағасы Ә.Бөкейхан, мүшелері М.Тынышпайұлы, Х.Ғаббасұлы қол қойған [9, 111-112].  Жалпы Алашорданың Халық Кеңесі шығарған қаулылардың барлығында: «Алаш автономиясы» тіркесі тұрақты түрде қолданылған. Бұлардан өзге де автономияның құрылғандығы жөгнінде құжаттық деректер жетерлік. Осыдан шығатын жалпы объективті қорытынды: Алаш автономиясы ресми түрде жарияланбағаны рас, бірақ ол құрылды және өмір сүрді деуге толық негізді алғышарттар бар. Оны де-юре, де-факто ұғымдармен түсіндіруге болады.    

Алаш автономиясының жариялануына қатысты және бір мәселе – Алаш көсемі Ә.Бөкейхан бастаған топтың дәл сол шақта автономия жариялауға қарсы болуы бүгін кейбір зерттеушілер жете ұғынбай жүрген Алаш көсемінің қайраткерлік тәуекелге бармауы емес, саяси тұлға ретіндегі ең дұрыс стратегиялық шешім. Сібір, Колчак үкіметтері, сепаратистік пиғылдағы  казактар басқа да империяның қолында қаруы бар қалдықтары егер Алаш автономиясы ІІ жалпықазақ сиезінде жарияланса, қарсы әрекетке көшер еді. Нәтижесінде не болар еді, Алаш автономиясы мүлде құрылмай қалар еді, ең қауіптісі – қазақ жері территориялық жағынан талан-таражға салынып, ұлттық тұтастығымызға қауіп төнбек. Егер саяси оқиғалар осы сценарий бойынша жүрсе, онда Алаш көсемдері айбынды, қуатты саяси күш ретінде кеңестік билікпен келіссөзге бара алмас та еді. Онда 1920 жылы 26 тамызда кеңестік болса да қазақ автономиясының құрылуы, қазақ шекарасының межеленуі де іске асар-аспасы да күмәнға айналмақ. Осыларға талдау жасар болсақ, онда Әлихан Бөкейхан бастаған топтың стратегиялық қадамын түсінуіміз қажет. Сондай-ақ, Алаш автономиясын бірден жариялауды жақтаған  Б.Құлманов, Халел мен Жанша Досмұхамедұлдары бастаған делегаттар тобының да елшілдік идеясын түсіністікпен қабылдауға тиіспіз. Автономия мәселесінде ІІ жалпықазақ сиезіндегі дауыс берудегі екі топтың қарсылығы өзара жаппай қарсылыққа немесе кекшілдікке ұласқан жоқ. Алаш автономиясы да, Алашорда Халық Кеңесі мүшелері де жалпы Алаш қайраткерлері де біртұтас идея төңірегіне топтаса білді. Оны Алаш әскерінің іс-қимылдары, Уфа мемлекеттік мәжілісіне барған қазақ делегаттарының Ә.Бөкейхан төрағалығымен өткен жиналысында Алашорданың Батыс бөлімінің құрылуы айғақтады. Таратыңқырап айтар болсақ, Досмұхамедұлылар тобы Ә.Бөкейханды Алашорда басшысы ретінде толық мойындады және оның басқаруындағы жалпы Алашорданың бөлімі болуға  келісім берді. Сол себепті осындай тарихи деректерді ескеріп, Алаш көсемдері мен қайраткерлерін олардың жеке пікірлеріне, белгілі бір кезеңде орын алған ұстанымдарына немесе әлдебір рулық, аймақтық ойдан шығарылған мәселелерге байланысты қарсы қоюға мүлдем болмайды, қайта сол аласапыран тұстағы Алаш қайраткерлерінің бірлігі мен бауырластық әрекеттері, ұлттық мұрат бағытындағы идеялары бүгін ел аман жұрт тынышта БАҚ-та, әлеуметтік желілерде бір-бірі қаралап жатқан ергежейлі «қайраткерлерге» сабақ болса дейміз. Асылы, данышпан Абайдың: «Біріңді қазақ, бірің дос, Көрмесең істің бәрі бос» дегені жаңағыдай әсіре белсенді қайраткерсымақтардан сақтануға шақырса игі. 

Алашорданың Халық Кеңесі

ІІ жалпы қазақ сиезінде құрылған және Алаш автономиясы атынан әрекет еткен ұйым. Ол жалпы қазақ даласына бостандық, теңдік идеяларын таратуға, барлық өңірлерде басқару органдарын құруға, Алаш әскерін жасақтауға және қазақ халқының атынан басқа мемлекеттік, үкіметтік әскери ұйымдар мен құрылымдармен келіссөздер, басқа да қарым-қатынастар жасауға жұмыс істеген бірден-бір саяси күш. Алашорда 1920 жылы 5 наурызда Қазақ өлкесін басқару жөніндегі төңкерістік комитеттің шешімімен таратылғанын білеміз. 

Біз жоғарыда тоқталған «Алаш қозғалысы», «Алаш партиясы», «Алаш автономиясы», «Алашорданың Халық Кеңесі» саяси ұғымдарының осындай ерекшеліктері бар. Әлбетте, оларды бұдан да кеңірек сөз етуге, кейбір мәселелерге көпшілікке түсінікті болу үшін толығырақ тоқталуға боларлық, біз бұл еңбекте жалпы көпшіліктің Алаш тақырыбын анығырақ ұғынуына септесу ниетін ұстандық. Оларды толықтыру алдағы еңбектердің үлесінде деп ойлаймыз. 

Жалпы Алаш қозғалысының тарихы болсын, басқа да тарихи оқиғалар мен құбылыстарға баға беруде бізде неге шынайы объективті бағалау болмай жатады немесе тарихшылар арасында тартыстар өрістеп отырады десек, біздің ойымызша, мәселе қазақ тарихнамасында дұрыс ғылыми әдіснаманың қалыптаспауында. Дәл осындай мәселе тіл тарихында да, әдебиеттануда да бар. Ғылыми әдіснама оның зерттеу әдістері мен тәсілдері қалыптаспаған жағдайда осындай түсінбеушіліктер әлі де орын ала береді. Біздің ойымызша, ұлттық тарихты, мәдениетті, өнерді, тілді зерттеу барысында ғылыми әдіснама қалыптасуы тиіс. Әзірге бакалавриатты былай қойғанда, магистратура мен докторантурада жөнді әдіснама оқытылмайды, үйретілмейді. Яғни біз нағыз ғылыммен қаруланбаған мамандар дайындауға, демек нәтижеге емес, нәтижесіздікке үсті-үстіне мемлекеттік гранттарды бөлудеміз. Ойланатын мәселе, тез арада жұмыла шешілуге тиісті мәселе деп ойлаймыз. Мемлекетіміздің өркендеуінің үлкен бір кепілі – интеллектуалды қоғам құрамыз десек, ғылымның дұрыс, объективті негіздерін қалыптастыруға міндеттіміз. 


Пайдаланылған әдебиеттер:


  1. Алаш қозғалысы. Құжаттар мен материалдар жинағы.  1 том Алматы: Алаш, 2004.
  2. Ә.Бөкейхан. Қазақ депутаттары. «Қазақ» газеті 4 шілде, №235
  3. Алаш партиясы. «Қазақ» газеті 5 қазан, №244
  4. Алаш партиясы атынан Құрылтай жиылысына аталған депутаттар тізімі. «Қазақ» газеті 19 қазан, №245
  5. «Алаш» партиясы бағдарламасының жобасы. «Қазақ» газеті 21 қазан, №251
  6. Тілешов Е. Қамзабекұлы Д. Алаш қозғалысы. Алматы: «Сардар» баспа үйі, 2014.
  7. https://ru.wikipedia.org/wiki/
  8. Тағы да жалпы қазақ сиезі. «Қазақ» газеті 24 маусым, №234
  9. Алаш-Орда. Сборник документов. Сост. Н.Мартыненко. Алма-Ата: Айкап, 1992


Басып шығару
Пікір қосу
Janalyqtar toptamasy
"Қорғансыздың күні"11:42«Кітап-Amanat» орталығы ашылды10:55«Кітап-Аманат» орталығы ашылды.10:45АТЫРАУДА «КІТАП-AMANAT» МӘДЕНИ-АҒАРТУ ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ10:21«КІТАП-AMANAT» партиялық жоба аясында кітап орталығы ашылды10:14ШҚО-да алғаш рет бірегей кітап орталығы ашылды09:57«Кітап-Аманат» жобасы Шымкентте жалғасты09:52"Мемлекеттік тіл және БАҚ - 2023" байқауының жеңімпаздары анықталды11:55БОЛАТ НАЗАРБАЕВ ҚАЙТЫС БОЛДЫ11:19«ҚАЗАҚША МӘЗІР» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ КОНКУРСЫ ӨТТІ11:52Көк Туға – Құрмет!15:37«Кітап-Аманат» дүкенінде белгілі ақын, Алмас Ахметбекұлы кітаптарының тұсаукесер рәсімі болып өтті.13:19Халықаралық семинар16:39Кеше, Жамбыл атындағы кітапханада белгілі қаламгер, күйші Таласбек Әсемқұловтың 8 томдық жинағының кезекті 6-8 томдарының тұсаукесер рәсімі болып өтті.20:35қателік10:23"Бір тойым..."10:17Абзал Құспан тик ток паракшасынан алынды16:31ТІЛДЕР МЕРЕКЕСІНІҢ МЕРЕЙІ АСҚАҚ19:24ҚҰДІЕТТІ ОТ МАҒЖАН ЖЫРЛАРЫ «МЕН ҚАЗАҚША СӨЙЛЕЙМІН» АКЦИЯСЫ ӨЗ МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ18:44«Анасының артынан баласы мен қыздары секіре берген»: Сырдария өзеніндегі қайғылы оқиға туралы куәгерлер айтып берді09:10Қырғызстанда 2027 жылдан бастап пластик пакетке тыйым салынады12:41«Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел...»12:311 440 000 ТЕҢГЕ16:48«Азия Дауысы» арма екен?!16:38ТОҒЖАНОВ деген КІМ?15:45Нағыз қазақ – Домбыра!22:30Биыл «Динамо» спорт қоғамына 100 жыл17:36Жаңажол кен орнындағы өрт 14 сағатта сөндірілді10:06Проблемалық несиесі бар адамдарға жаңа кредит берілмейді11:13Ірі мұнай-газ компаниясы арзан бағада жекеменшікке сатылып кеткен11:15