Қазақ шекарасының бекітілгеніне, тұңғыш рет территориямызды айқындайдын декретке қол қойылғанына бір ғасыр толуына орай ұйымдастырылған шара аясында порталымызда бірнеше мақала мен сұхбат жарияланды. Дәл осы тақырып төңірегінде Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының атқарушы директоры, филология ғылымдарының кандидаты Ербол Тілешов мырзамен әңгіме-дүкен құрған едік. Айтулы азаматтың әңгімесіне назар аударыңыз!
***
Бүгін – В.В. Лениннің тұңғыш рет қазақ шекарасын қызыл қаламмен сызып берген күні. Осыған түрткі болған, дәлелдеген азаматтар – Әлімхан Ермеков пен Уәлитхан Танашев. Біз осы кісілердің ерлігіне, тарихи қызметіне толық баға бере алдық па?
Қазақстанның шекарасын Алаш қайраткерлерінің кеңестік билік алдында ресми түрде нақтылап межелеуі 1920 жылдың тамыз айында болғанымен, қазақтың шекарасы сонау Қазақ хандығы құрылған дәуірден бері өзгеріп, кеңейіп келді. Біз осындай тарихи шақта қазақтың дербес мемлекеттілігін құрған Керей мен Жәнібек хандарды, оның территориясын кеңейткен Қасым, Хақназар, Тәуке хандарды және қаншама батырлардың рухына тағзым еткеніміз жөн деп ойлаймын. ХХ ғасырдың басына келсек, территориямызды түгендеу, Жаратқан иеміздің қазаққа берген жерлеріне өзіміз иелік ету күресі түп негізін 1905 жылғы «Қарқаралы құзырхатынан» алатын Алаш қозғалысы кезінде басталғанын және бір рет ерекшелеп айтуға тиіспіз. Ұлт тарихындағы осы ең ұйымдасқан, ең интеллектуалды, барша қазақтың аймақтарын қамтыған азаттық қозғалысының үлкен түйіні – ІІ Жалпықазақ сиезі болды. Осылайша тұжырымдауымыз осы сиезде Алашорда үкіметінің құрылуы, дәл осы Құрылтайда жарияланбағанымен нақты іс жүзінде автономиялық сипатта өмір сүрген мемлекеттік құрылымның территориясының белгіленуі болатын. Осы сиез хаттамасындағы қаулының ең бірінші бабында: «Бөкей елі, Орал, Торғай, Ақмола, Семей, Жетісу, Сырдария облыстары, Ферғана, Самарқан облыстарындағы, Амудария бөліміндегі, Закаспий облысындағы қазақ уездері және Алтай губерниясындағы іргелес жатқан қазақ болыстарының жері бірыңғай, іргелі халқы қазақ-қырғыз, қаны, тұрмысы, тілі бір болғандықтан, өз алдына ұлттық, жерлі автономия құруға; Қазақ-қырғыз автономиясы – «Алаш» деп аталсын…; Алаш автономиясының жер үстіндегі түгі – суы, астындағы кені Алаш мүлкі болсын…» - деп айқындалған. Яғни, сиезге сол кездегі қазақтың алты облысынан және Самарқан облысынан, Алтай губерниясынан қатысқан Алаш делегаттары қазақтың жер тұтастығын қаулымен бекітті. 1918-1920 жылдары осы территория үшін Қазақстанның барлық аймағында дерлік большевиктерге қарсы соғысты. Елді қорғады, жерді қорғады. Міне, сол күрестің басында тұрған Алаштың саяси көсемі Әлихан Бөкейхан, рухани көсемі Ахмет Байтұрсынұлы бастаған үлкен делегация, зерттеушілердің айтуынша 15 адам кеңестік биліктің ең жоғары деңгейімен саяси дискуссияға барды. Жалпы тамыз айының бір емес, бірнеше күнінде әлденеше рет өткізілген қазақ жерін шекарасын межелеу жиналыстарының қорытындысы 17 тамызда белгілі болды. Осы күні Алашорда Халық Кеңесінің мүшелігіне 26 жасында сайланған, осы жиналыста 29 жаста болған Әлімхан Ермеков негізгі баяндама жасағаны бүгінгі ұлттық сауаты дұрыс қазаққа мәлім болса керек. Сауалыңа орай, дұрыс баға бере алдық па дегенге келсек, жоғарыда айтылған үш тұлғаның және Уәлитхан Танашев, Жанша Досмұхамедұлы, Халел Досмұхамедұлы тағы да басқа осы мәселеге қатысы бар Алаш қайраткерлерінің дәл осы тарихи еңбегін көпшілік біле бермейді. Оның себебі ұлтына істеген осынша еңбектеріне баға бермегеніміздің әсерінен. Жалпы дербес ұлт болып қалудың, өмір сүрудің басты екі шарты: территориясы мен тілі десек, онда мына нарық заманындағы, жаппай жаһандану дәуіріндегі дүрмекшіл көп қазақ әлі де осы территорияны қазаққа оңай келгендей көреді. Сол ел мен жердің сақталуы туған тіліне тікелей байланысты екендігін де ұғынбай жүрген тәуелсіз Қазақстанның санасы тәуелді қазақтары бар екені бүгінгі күннің айтпауға болмайтын шындығы. Әлбетте, жалпылай алғанда Алаш қайраткерлерінің еңбегін тану, бағалау жұмыстарының бағыты дұрыс десек те, менің ойымша, қарқыны баяу секілді. Оларды таныту мемлекеттің шаруасы, ал тану әркімнің борышы. Осы реттен келгенде мектебі, университеті, кітапханасы, баспасөзі, интернеті бар заманда әр қазақ тамырын тануы тиіс. Жерің болмаса, тамыр қайдан өнбек, тілің болмаса, тамыр қалай өркен жаймақ?! Жалпы қазақ мемлекеттілігінің, мейлі ол автономиялық сипатта болса да, қалпына келуінің ғасырлық мерейтойы жалпы мемлекет те, жеке азамат та атауға тиісті тарихи құбылыс. Қаншама Алаш қайраткерлері ескерусіз қалуда. Әйтеуір мектеп оқулығынан ақын немесе жазушы болған себепті Шәкәрімді, Ахаңды, Міржақыпты, Мағжанды, Жүсіпбекті жақсырақ білеміз. Ал көпшілік қауым сол Әлімхан Ермектовтің, Уәлитхан Танашевтің, Жанша мен Халелдің еңбегі мен ерліктерінен бейхабар. Ақпарат көрігі қызған, ақпарат аспанда емес, қалтаңдағы телефонда болып тұрған осынау заманда олай болмауы тиіс еді. Бірақ өкініштісі кеше өзінің туған тарихынан гөрі орыс патшаларының немесе француз корольдарының тарихын жақсырақ білген ұрпақ, бүгін әлдебір шетелдік киножұлдыздың жеке өмірін немесе олигархтың байлығын тәуірірек білетін күнге жеттік. Бірақ, біздің ойымызша, үміттің тіліне көшсек жылтыраққа әуестік, фейсбук пен инстаграмға тәуелділік эйфориясы да өтер. Байтақ жері бар, шалқар тілі бар тұтас тарихы бар елміз ғой, етек жабылар, ес жиылар.
Кей жерде шекарамыз 100 жыл бұрын, 75 жыл бұрын сызылған дейді. Елбасы шекараны өзі бекіткені туралы сан мәрте айтқан. Осы шекара мәселелерінің арасында ерекшеліктер, біз білмейтін түйткілдер бар ма?Бастапқыда «қырғыз» деген атаумен құрылған Қазақ советтік социалистік автономиялық республикасының жоғарыда әңгіме болған шекарасын бекіту бірнеше жылға созылған үдеріс болды. Оған ілгеріде аты аталған азаматтардан өзге тағы бірқатар коммунист қайраткерлер де өз үлестерін қосқанын дәл осы арада атап өткеніміз жөн. Жалпы «коммунист еді» деп кеңестік платформадағы адамдардың барлығын күстаналау дұрыс емес. Әркім тарихтың мүмкіндігіне қарай халқына қызмет етті. Барлық адамға «неге анадай болмадың деп» бүгінгі күннің биігінен баға беру, тіпті кінә арту да объективтіліктен гөрі эмоция басымдау келіп жатады. Тарих объективтлікті сүйеді. Кеңестік идеологияны, оның өкілдерін, бүгінгі үкіметті біржақты сынау батырлық емес. Десек те қоғамда осындай бір бірбеткейлік байқалады. Бетімен сөйлеу, анархиялық ахуал бізді сақтандыруы керек. Сол эмоцияны салқынқанды пайымға, толғамды тұжырымға қарай бейімдесек жөн болар еді. Елбасының Қазақстанның шекарасын бекітудегі ерен еңбегі тарихқа өрілген бұлжымас шындық. Дәл осыған дау айтар кісі болса, Украинаның халықаралық деңгейде осы күнге дейін шекарасын бекітпегенін, оның неге ұласқанын ойында салмақтасын демекпіз. Астананың арқа төсіне көшірілуі ұлтымыздың ең ділгір саяси һәм демографиялық мәселелерін шешкені де дәуірлік стратегиялық қадам. Ақмола қазағының 21 пайыздан 79 пайызға, Ақмола, Қостанай, Қарағанды, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарындағы қазақтардың едәуір өскенін, оған ел астанасының ықпалы болғанын ұмытуға да, көрмеуге де болмас. Дәл осы арада әртүрлі дәуірлерде өмір сүрген қазақтың азаматтарын бір-біріне қарсы қою әрекеттері де, біреуді тұқырту үшін келесі біреуді мақтау әрекеттері де ақиқатты емес, эмоцияны жоғары қоюдан өрістеп жатады. Қазақ өнерпаз, тілге жүйрік шешен халық екенін білеміз. Соған орай, қызбалығымыз да бар. Бүгін өркениет көшін бастап тұрған халықтарға қарайық, оларға ұстамдылық, сабырлылық, суыққандылық тән. Оны алғаш рет Алаш қайраткерлері де байқаған. Мәселен, бүгін ең көп айтылатын тіл тақырыбын алайық. Сол тіл туралы дүйім жұрттың алдында ақыл айтып жүрген кейбір ағаларымыз бен замандастарымыздың балалары ана тілінде емес, өзге тілде сөйлейді. Қазақстанның болашағына сенбей, шетелдегі өмірді жайлы сезініп, сол мемлекеттерде тұрып жатқан немесе азаматтығын алған талай зиялының балаларын білеміз. Бағанағы ұран қайда, нақты іс қайда, арасын өзіңіз безбендей беріңіз.
Танашев пен Ермеков, Тәшенов сияқты тұлғаларды насихаттаудың қолымыздан келмеуінде не гәп бар?
Біздің ойымызша, ұлттың сақталуы мен дамуына шынайы үлес қосқан тұлғаларды танымай жатуымыздың ең негізгі себебі мектеп оқулығында. Ата-ананың бәрі мұғалім, қаламгер, тарихшы емес. Бірінші сыныптан бастап, он бірінші сыныпқа дейін мектеп оқулықтарында қандай тұлғалар қаншалықты оқытылады деп ойша мониторинг жасайтын болсақ, көптеген тұлғалардың қайталанатынын және жас ұрпаққа таныстырылуға тиісті тіпті міндетті тұлғалардың атаусыз немесе мардымсыз аталатынын аңғарар едік. Мәселен, Уәлитхан Танашев. Қазіргі Атырау қаласында 1887 жылы туған, Астрахан гимназиясын, Қазан университетін бітірген. Бөкей ордасында құрылған алашшыл жастардың «Жігер» қоғамының мүшесі. 1906 жылы 19 жасында Бүкілресейлік Мұсылмандар сиезіне қатысқан. Мұсылмандар сиезінде атқару комитетінің құрамында болған, «Шура-и-Исламдағы» Алашорда үкіметінің өкілі, Алашорданың Халық Кеңесінің мүшесі. Алашорда атынан талай келіссөздерге қатысқан, бүгінгі тілмен айтқанда осындай дипломаттық қабілетінің арқасында Алаш көсемдерімен бірге Қазақстан территориясын межелеу жұмыстарына тікелей атсалысқан және осы жұмыстарды жалғасыру үшін 1923 жылға дейін Мәскеуде РСФСР-дың Жер комиссариаты мен Ұлт істері жөніндегі комиссариатында қызмет атқарған үлкен тұлға. 1968 жылы Қазан қаласында қайтыс болған. Бұл кісінің өмірбаяны және атқарған тарихи еңбектері жөнінде интернет кеңістігінде деректер баршылық. Мәселе, сауатты ұрпақ және ХХІ ғасырдың өкілі ретінде оларды тану, сол арқылы құрмет тұту, ұлттық санамызды жаңа биікке жеткізу өзіміздің қолымызда. Әлбетте, мұндай азаматтар жөнінде мектеп оқулығынан бастап жазылуы керек. Университеттегі «Қазақстан тарихы» пәніне енгізілуі тиіс. Әрине, үкімет тарапынан олардың есімдері ардақталып көше, мектеп аттары берілгені жөн. Жалпы ұлттың тарихи жадысын жаңғырту жұмыстары сол халықтың өз жағынан да, билік жағынан да жүргізілуі керек. Әлбетте, бұл жөнінде зиялы қауым өкілдері тиісті жұмыстарды атқармағы ләзім.
Тасқа басылған тарихтан бөлек, біз атын атап отырған азаматтардың қандай істері көпшілік назарынан тыс қалды?
Жоғарыда айтылғандай, біз жазушыларды, әншілерді жақсы білеміз. Әрине, бұл дұрыс, қажетті таным. Егер осылармен қатар мемлекетшіл тұлғаларды жақсырақ білсек, тіптен тамаша болар еді. Германияда Бисмарк, Америкада Вашингтон, Линкольн, Рузвельт, Францияда Наполеон немесе корольдардың, патшалардың есімдері мен еңбектерін жоғары бағалайды. Себебі олар мемлекеттің тұтастығын сақтаған тұлғалар. Өзімізге келсек, қазақтың жиырмаға жуық ортақ хандары болған. Нешеуін білеміз, олардың тарихи еңбегіне баға бердік пе, әлі де айналдырған бірнеше ханның төңірегінде жүрміз. Ел астанасында Қазақ хандығының негізін қалаған Керей мен Жәнібекке ескерткіш қойдық. Қарасаңыз, хан екеу, бас киім үшеу, бір ханымыз ертоқымның үстінде отыр, бір ханымыз қолына ту ұстап тұр. Жерде тұрған ертоқымға отырмау – қазақтың бұрыннан келе жатқан ырымы, хан ту ұстамайды, оның ту ұстаушысы болады. Сұрағыңа орай, аттары аталған Алаш азаматтарының еңбектеріне әлі де толық лайықты бағасы берілді деп ойламаймын. Жалпы тұлғаларды бағалауда кешегі кеңестік сана әлі бойымызда тұр. Елдар, дегдар сана деңгейіне көтерілдік деп ауыз толтырып айта алмаспыз. Көпшілік назарынан тыс қалған олардың еңбектеріне келсек, онда ең алдымен қазақ шекарасын белгілеудегі, ұлттық сананы оятумен, ұлттық тұтастықты сақтаудағы күресінің барысы мен болмысының баяны, және бір қайталасақ, мектеп оқулықтарынан көрініс таппай келеді. «Бесігіңді түзе» деген жасында Алаш зиялыларына ерген, содан ұлттық танымы қалыптасқан Мұхтар Әуезовтің сөзін жиі қайталап жүреміз. Бесік жырының әуені емес, қолыңдағы телефонның музыкасы мен мультфиліміне қызығатын бүгінгі бүлдіршіннің бесігі мектеп болып тұрғанда тәрбие мен білімнің осы ордасының жайын түзеуіміз керек. Білім және ғылым министрлігің жұмысы шаш етектен. Түсінеміз, десек те, сауатты мұғалім мен сапалы оқулықтың деңгейін арттыру мәселенің мәселесі.
«Шекара мәселесі туралы» баяндама жасалған кезде Лениннің қазақ жағына оң көзқарас танытуына не себеп болды?
Пролетариат көсемінің ол шақта не ойлағанын айту қиын. Дегенмен, сол кездің жағдайынан және бүгінгінің биігінен өрістей отырып, болжал жасауға болады. Алдымен Ленин, бәріміз жақсы білетіндей, 1918-1920 жылдар аралығындағы азамат соғысынан титықтаған мемлекеттің басшысы. Оған талас-тартысты көбейте беру тиімсіз. Сонымен бірге, ол Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы бастаған Алаш көсемдерінің тұлғалық, қайраткерлік деңгейін байқады. Яғни, мұндай халықпен санаспауға болмайды. Бұларға қоса, ол қадалған халықтардың тағдырымен жақсы таныс болды. Біздің ойымызша, осындай факторлар оған қазақ шекарасына келгенде оң қабақ танытты деп ойлаймын. Ленин шешуші тұлға болғанымен, Алаш зиялыларының күресі, ұлт мәселесіндегі мықты позициясы оның мейлінше дұрыс шешім қабылдауына ерекше ықпал етті. Және осы арада Ахаңның Ленинге жазған хатынан, арнаған өлеңінен оны құрметтегенін байқаймыз. Бұл арада империялық Ресейдің патшасы құлатылмаса, коммунистер жаңа жүйені орнатпаса, бұрынғыдай қатал режим сақталса, қазақтың осы автономияны алу да, алмауы да белгісіз болатын. Оны да ұмытпауымыз керек. Бұл жөнінде Сұлтанмахмұттың «Ғалиханның Семейге келуі» мақаласын оқысақ, сол дәуірдің шындығын тани түспекпіз. Жалпы қазір шынайы тарихи баға беру жағы әлсіздеу. Біржақтылық байқалады. Өйткені бүгінгі ғылымның әдіснамасы жетілдіруді қажетсінеді. Әдіснама осал тұста публицистика күшейеді. Әлбетте, тарихи таным журналистикадан жоғары тұрғанда, оның зерттеу тәсілдері күшейгенде ғана шынай тарих жасалмақ. Біздің ойымызша, біз қазір тарихымызды түгендеу дәуірінде тұрмыз, түгендеп барып қорытармыз. Әр нәрсенің даму қисыны болмақ. Қазіргі ойлар мейлінше екшеліп, пікірлер ұстарып, әр нәрсенің ақиқатын айыратын күндер, бұйыртса алда деп білемін.
Басып шығару