Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ораза айт мерекесімен құттықтады. Бұл туралы Ақорданың ресми сайты хабарлайды.
"Ардақты ағайын!
Баршаңызды Ораза айт мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Рухани тазару мен жаңаруға жол ашатын осы қасиетті мейрам күллі мұсылман қауымы үшін айрықша маңызды.
Рамазан айына жалғасқан бұл жарқын мереке қастерлі дініміздегі мейірім мен шапағат, жанашырлық пен қамқорлық сияқты асыл құндылықтарды дәріптейді.
Ораза айт әр адамның жүрегіне иман нұрын сеуіп, ізгілікке үндейді, жұртты жақсылыққа жетелеп, қоғамды игі істерге жұмылдырады. Сол арқылы халқымыздың береке-бірлігін нығайтып, ырыс-ынтымағын арттырады. Баршамыз айттан айтқа аман-есен жете берейік!
Сіздерге зор денсаулық, бақ-береке тілеймін!
Әр шаңырақ шуаққа бөленіп, қуанышқа кенелсін!
Ораза айт құтты болсын!" - делінген құттықтауда.
Басып шығару