Мәжіліс депутаты Александр Милютин тағы да премьер-министр Асқар Маминге зейнет жасын қайта қарау туралы депутаттық сауал жолдады.
«Әділ зейнетақы жүйесін құру - біздің партия бағдарламасының бір бағыты, осыған байланысты біз депутаттық сауалды қайтадан жолдау қажет деп санаймыз. Біздің зейнетақы жүйесіне оралу туралы ұсынысымыз әлемдік тәжірибеге негізделген. Соны негізге ала отырып, бір зейнеткерге төрт жұмыс істейтін адамнан келген кезде бұл жүйе жүзеге асады. Қазіргі таңда елімізде 8,7 миллион азамат жұмысқа қабілетті екенін ескерсек, бұл зейнетақы алатын адамдардың санынан төрт есе көп. Екіншіден, сіздің жауабыңыз еңбек жағдайларының күрделілігіне байланысты азаматтардың зейнетке шығу жасын қайта қарау туралы біздің ұсынысымызды ескермеді. Тек ішкі істер органдарының қызметкерлері үшін қарастырылған мерзімінен бұрын зейнеткерлікке шығу мәселесі кеншілерге, металлургтерге, өнер адамдарына да қарастырылуы керек деп ойлаймыз», - деді Милютин премьер-министрге сауал жолдап.
Еске салайық, бұған дейін депутаттар зейнетке шығу жасын жынысына қарамастан 60 жасқа дейін төмендетуді ұсынған еді.
Басып шығару